19 Қаңтар, 2016

Халық оның шын аты

526 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
*Жамбыл-170 Жандарбек ДалабаевЖадырап жаңа жыл келді. Үнемі алдан үміт күтетін үлгісі ерен халқымыздың биылғы мұраты мен діттеген межесі бұрынғыдан да биік. Елбасының Жолдауынан жігер алған, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған Ұлы Дала еліндегі отандастарымыз белді бекем буып, кездескен және кездесуі мүмкін кедергілерден аптықпай өтуге мейлінше әзірленуде. Әлемдік дағдарыстың салқыны сезілген заматтан бастап жедел жоспар құрған Мемлекет басшысының көреген саясаты сенімді бағыттарға жолбасшы болуда. Осындай өрелі өлшемдерге сай өрнекті әрекеттерді қолға алған Жетісу жұртшылығы, оның ішінде қазақтың ұлы ақыны Жамбылдың жасампаз елі өткен жылды табысты қорытындылады. Олар жуырда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақ­стандық арманға бастайтын жол» атты жаңа еңбегіне әрбір ұжымда қызу қолдау білдірді. Сондай-ақ, аудан тұрғындары Елбасының елдігіміздің ертеңіне ерекше бағдар беретін мақаласымен танысқан соң шынайы лебіздерін ортаға салды. «5 институттық реформаны жүзеге асыру бо­йынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарына сай ұлағатты істер мен бұрынғыдан да биік мақсаттарды көздеген жерлестеріміз қазір зор құлшыныс үстінде. Сонымен бірге, жыл сайын бірнеше мерейлі сәттерді сәтімен атап өтіп, ел руханиятын шыңдауға баса назар аударып жүрген аудан тұрғындары алдағы ақпанның 28-інші жұлдызында Жамбыл бабамыздың туғанына 170 жыл толатын мерейлі мерекені де жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін бірнеше өрелі шаралар ойластырып, абыз ақынның 170 жылдық салтанатына да қазірден бастап әзірленуді мұрат ететін мәнді жоспарлар белгіледі. Кәусар жырдың тот баспайтын асылы саналатын Жамбыл бабамыздың қазынасы – баға жетпес рухани байлық. «Жамбылдың үлгісі мен мектебі алыстан, халықтық рухани қазынадан, халық даналығынан басталады. Сондықтан да Жамбылдың атақ-даңқы күллі әлемге әйгілі болды», деген еді ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов. Тағдырдың сан түрлі сүрлеу-соқпақ­тарынан өткен қазақ халқына соңғы екі ғасырдың сыны әсіресе қиын соққанын бас газетіміздің қадірлі оқырмандары жақсы біледі. Ондай алапатты енді адамзат нәсілінің ешбірінің маңдайына жазбасын дейміз. Алланың кәрінен емес еді ол. Шұрайлы жер мен момын елді еркінше билеп-төстемек болған көрші халықтардың қатыгез пиғылы мен озбыр әрекеттерге тойымсыздығынан туындаған. Сондықтан, оңтүстіктегі Алатау мен Қаратаудың баурайындағы ағайын жұртымыз әуелі қоқандықтардың езгісіне тап болды. Іле-шала патшалық отаршыл саясаттың пәрменіне бағынды. Әбден жасып, жаншылған кезінде, яғни, осыдан дәл жүз жыл бұрын им­перияның іргесін шайқалтып, ұлт-азаттық көтерілісіне шықты. Сол бір қанды қасапта жазықсыз қырылған қайран ел бас сауғалап, алыс-жақын шетелдерге босты, іле-шала Қазан төңкерісінен кейінгі қым-қиғаш өзгерістерді басынан өткерді. Жаңа құрылымның астарына дендеп бойлай алмай жатқан бейкүнә жұрт күштеп ұжымдастыру, тәркілеу барысында жіберілген асыра сілтеу саясатынан алапат ашаршылыққа ұрынды. 1937-38 жылдары сталиндік қуғын-сүргіннен кейін рухы мүлдем жаншылған Алаш ұлы, расында, сең соққан балықтай әбден есеңгіреген болатын. Сондай алмағайып заманда ғасырдан даңқы озған жыр алыбы Жамбылдың құдіреті неде еді? Осы туралы ойланатындар әлі де аз емес екенін жақсы білеміз. Өзінің пешенесіне бұйырған тарихи миссиясын абыроймен атқарған алып Жамбыл қазақ халқының ұшан-теңіз ауыз әдебиетіне әрдайым адал болды. Оның айбынды жырлары жасыған елдің жасын сүртті. Жаңа заман орнатушы жандайшаптар елдің дәстүрлі өмір болмысын өзгертуге жан сала кіріскен тұста діннен де, әдеби мұрадан да ада-күде ажырауға айналған қайран халықтың рухын қайта серпілтуге Жамбыл қосқан үлесті бір сөзбен айтып жеткізу әсте қиын. Жамбыл сонау Қорқыт пен Асан қайғыдан, тіпті, одан да арғы көне дәуірлерден күмбірлей жеткен халық­тың үнін тірілтті, рухын оятты. Ұлы жыраулардың үлгісін жаңғыртты. Қаз­туған, Жиембет, Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамберді, Бұқар жырау, Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы, Сүйінбай, Бақтыбай сынды дауылпаз ақындардың мұратын жалғады. Қожа Ахмет Ясауидің өзі «Диуани хикметіне» үлгі етіп алған көк­түріктердің қасиетті айтыс өнерін барынша жарқыратты. Әуелден өзіне тән ой ұшқырлығы, табанастында тап басып айтар тапқырлық, сара сөзден маржан сапырған даналық, ұтырлы уәжге тоқтар әділеттілік сияқты табиғи ерен мінезі бар қазақы пәлсапасы терең болатын. Жамбыл соның бәрін жетік меңгерген бірегей тұлға ретінде танылды. «…Кемеңгер Мұхтар Әуезов энциклопедия санаған даңғыл Жамбылыңыз өзіне мынандай мінездеме береді деп кім ойлапты?.. «Асып тұрған ақылым жоқ. Жер тесіп кеткендей шешендігім жоқ. Біліп тұрған білімім жоқ, оқымаған кісімін. Әйтсе де байқаймын, халық көп біледі. Менің білімім сол халықтың білгендері. Мен халықтың сөзін айттым», – деп кішірейген. Бұл да ұлылықтың біз біле бермейтін ғажап бір қыры. Жамбыл өзін теңіздің бір тамшысы санағанда, оның ізін қуғандар сол «тамшыға» жету үшін не істеуі керек?..» дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Сыдықов өзінің «Жамбылдың жұмбағы» атты мақаласында. «Оқымаған кісімін» дегеннен шығады, Алладан уахи арқылы түскен қасиетті Құранымызды хат танымай-ақ мұсылман баласына ауызша жеткізген Мұхаммедтің құдіретіне не айтасыз? Хат танымаған Жамбылдың дарынына қалай шек келтіресіз? Осының бәрінде біз сезініп, түйсіне бермейтін және бір жұмбақ жатқан жоқ па. Бір басына көп өнер жинаған Жамбыл расында, қағаз сызып, хат танымаған адам. Егер ол жағдайы келіп, Абай мен Шәкәрім сияқты арғы-бергі даналардың еңбегіне қанықса қалай болар еді? Егер ол Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ағартушылықпен айналысса, қандай дәрежеден көрінер еді? Салыстыруға келмейтін жұмбақтың тағы бірі осы. Жамбыл өз бағасын өзі айшықтап айтып кеткен ақын. «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым». Міне, осыдан асырып айтам деу – бос әурешілік. Демек, Жамбыл жайында қандай сөз айтылса да, оны халық хақында айтылған әңгіме деп түсінген дұрыс. Иә, кешегі Жұбан ақынның сөзімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жағдайы турасында не деуге болады. Итеріп жіберсе енді тұрмастай халге жеткен, ыңыршағы шығып арыған, жалтақтық деген не, аянышты қорқақтықтың ар жағындағы үрей кеудесін кеулеген қайран елдің рухы жылт-жылт етіп, сөнуге шақ қалған заман еді-ау ол. Міне, сол кезде жарқырап күн шыққандай болған. Жамбылдың жарқын даусы кәріліктің әсерінен құмықса да, күмбірлеп естіліп еді. Зердесі зерек елдің ауыздан-ауызға көшкен тарихи шежіресі, ерлік дастандары, әпсана аңыздары, ғашықтық жырлары, толғау-термелері, ел намысы таразы басында безбенделер тартысты айтыстары, шығыстық үлгідегі діни қиссалар мен та­нымдық тағылымы мол пәлсапалық мұра­лары – бәрі-бәрі бір Жамбылдың бойынан табылғанын кім жоққа шығара алады. Әрине, бүгінде сол отызыншы жылдары Жамбылдан басқа да ақындардың болғанын, таңдау Жамбылға түспесе, солардың бірі Жамбылдың орнына Мәскеу барып, абырой-атаққа ие боларын алға тартушылар да бар. Сол кездегі Нұрпейіс, Кенен, Өтеп, Нартай, Орынбай, Омар Шипин, Доскей, Қалқа, Қуат, Үмбетәлі, Есдәулет, Нұрқан, Әбдіғали, Саяділ, Өмірзақ ақындардың бәсі мен бағасын кеміту пиғылынан аулақпыз, әйтсе де Жамбылдың бойына жинақталған қасиет пен құдірет бір бөлек дүние болмаса, Темірбек Жүргенов пен Ораз Жандосов сынды көреген мемлекет басшылары жасы жеткен Жамбылды сонау қияндағы Мәскеуге сүйреп несі бар? Осы сенім мен бағаны Жамбыл толық ақтаған ақын. Оның құдіреттілігі де, жұмбағы да сонда. Өйткені, ол өмір бойы халықтың сөзін сөйледі. Осы жолы да халқының атынан сөз алуы заңды еді. Жамбыл арқылы қазақты әлем таныды. Оның өлеңдері дүниедегі елуден астам елдің тіліне аударылып басылды. Оның рухты жаныр әр сөзі неміс басқыншыларына қарсы оқ болып атылды, снаряд болып жарылды. Жасығанның үміт отын қайта жақты, астамсығанның пасық кеудесін басты. Бір өзі миллион жол өлеңді жатқа білетін, бір айтқан шумағын екінші қайталамайтын, «шапанын сілкіп қалса ұйқас саулайтын» тоқсандағы шалдың феномені неде деп бас қатырған орыстың білімдар ақындары мен ғалымдары жазып қалдырған естеліктерді қарап отырсақ, шынында қайран қаламыз. «Расында, Жамбылдың құдіреті неде осы?» деген сауалға қайта оралуға тура келеді. Сөйте тұра, оған, тіпті, бас қатырудың қажеті шамалы екенін ұғамыз. Өйткені, өзі туралы Жамбылдың өзі айтып кетіпті. «Халық – менің шын атым». Ал, халықты түсінем деген адамның тіпті, әріден ізденгені дұрыс болады. Кейбіреулердің Жамбылды әлі дұрыс бағалай алмай жүруінің себебі де сонда шығар. Мәселен, Ф.Тютчев: «Умом Россию не понять, аршином общим не измерить» демеп пе еді. Қазақ та сондай. Оның ділін де жадағай ақылмен түйсініп, жалпы адыммен өлшеуге болмайды. Осыны түсінген бірден-бір данышпан Абайдың өзі жаңағы орыстың ақыны Федор Тютчев пен белгілі философы Петр Чаадаевтың еңбектерін оқымады дейсіз бе? Қазақтың қасіретін қара сөздері арқылы ірегенде әлгі ойшылдар еңбегінің әсері болмады дейсіз бе? Десек те, қазақтың қасиеті мен қасіретін жіті сезіну үшін қаншама ой, қаншама білім керек! Бұрын да солай еді, қазір де солай. Жамбылды ұғынуға да сондай өре болмаса, ұштығына жету қиын. Кешегі өткен әдебиет алыптары – Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Сәбит Мұқанов, Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов Жамбылдың қолына су құйып қызмет еткенде оның осынау ұлы құдіретін әріден таныған екен-ау деген ойға қаламыз кейде. Енді жамбылтану ілімімен тікелей айналысып жүрген адамдарға да, Жамбыл туралы жазуға тиісті ғалымдарымыз бен ынталы азаматтарымызға да орынды базына білдіргеннің айыбы жоқ сияқты. Еліміз тәуелсіздік алғалы ширек ғасырға жуықтады. Содан бері Жамбылды әдебиет тұрғысынан да, тарих тұрғысынан да қайта зерттеп, шынайы бағасын беруге, ақиқатты анықтауға, «Сталинге тең таппай, қиналған Жамбыл жері осы» деп мәтелдеп жүргендердің көпе-көрнеу жаласынан да арашалап алуға болатын еді. Рас, ақынның 150 жылдық мерейі қарсаңында бірқатар еңбегі қайта басылды, бірқатар естеліктер, пайымдаулар баспасөз бетін көрді, үкімет тарапынан да біршама қамқорлық шаралары жүзеге асты. Той өткіздік думандатып, шапан кидік жарқыратып, мақтау-мадақ естідік. Әңгіме содан әріге жетпей, бірте-бірте Жамбыл тақырыбы саябырси қалатыны бар. Жыл сайын бір рет туған күнін өткізіп, бір-бірімізді қолпаштап, Жамбылға құран оқытқан, еске алған болып қайтамыз. Сонымен келесі жылға дейін бір пенденің қыбыр еткені байқалмайды. Баспасөз бетінен де Жамбыл туралы нақты дерекпен зерттеліп жазылған мақаланы, тіпті, некен-саяқ кездестіреміз. Жазғандардың көбісі «Ой, атамыз ұлы ғой» дегеннен әрі аса алмайды. Сондықтан, ең алдымен мектепте білім алып жүрген шәкірттерімізден бастап, баспасөз арқылы бүкіл саналы азаматтарымызға Жамбылдың кім екенін, оның халқы үшін атқарған теңдессіз еңбегін, ақындық құдіретін, адамдық болмыс-келбетін шынайы бағалап, әрбір жүрекке жеткізу парыз. Және соның бәрі халық үшін, халықты өзім деп санаған Жамбыл үшін атқарылса, нұр үстіне нұр. Әманда, халқымыз аман болсын! Халқы аман болса, Жамбыл да мәңгі. Жандарбек ДАЛАБАЕВ, Жамбыл ауданының әкімі. Алматы облысы, Жамбыл ауданы. Суретте: аудан әкімі Ж.ДАЛАБАЕВ Жамбыл мұражайында.