19 Қаңтар, 2016

Қиындықты бірлесіп қана еңсереміз

314 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін

Уақыттың таңдауы – халықтың қолдауы

ERA_6491+Жасым тоқсанға келсе де, құлағым түрік, көкірегім ояу. Ел жаңалықтарын, сондай-ақ, әлемдегі болып жатқан түрлі оқиғаларды қалт жібермеймін. Мәселен, Brent маркалы мұнайдың 1 баррелінің құны, Ираннан санкция алынып тасталғаннан кейін, 28 АҚШ долларынан да төмендеп кеткенін біліп отырмын. Саудаға Иран мұнайы қосылғаннан кейін әлемдегі қара алтын қорының мөлшері тым көбейіп кеткен. Осының салдарынан мұнай бағасы әлі де төмендеуі ықтимал деген жорамалдар бар. Ал мұның, түптеп келгенде, еліміздің экономикасына кері әсері болмай қоймайды. Мұндай жағдайда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын кешіктірмей өткізіп алудың пайдасы көп болмақ. Дей тұрғанмен, еліміз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен жолымызды бөгейтін кез келген кедергілерді, осыған дейін талай мәрте көзіміз жеткеніндей, көп қиналмастан еңсеретініне сенімім мол. Мен кейде маңдайына жазылған тағдырдың небір теперішін көріп өскен біз сияқты аға ұрпақты құрыштан құйылған сом болаттай көретінім бар. От пен оқтың ортасында арпалыса жүріп, берік бірлік пен ынтымақтың арқасында жауды ұясында тізе бүктірдік. Одан кейін бейбіт өмірге араласып, тұралап қалған экономиканы көтеруге білек сыбана кірістік. Жақсыға таспадық, жаманға саспадық. Аллатағаланың берген ғұмырының арқасында Қазақстанның дербес мемлекет болғанын да көрдік. Мұның бәрін термелеп айтып отырғаным, Елбасының сан қатпарлы саясатының арқасында орасан зор бағдарламаларды орындау тәжірибесі күнделікті үрдіске айналғанын, қандай қиындық кезіксе де, еңсерудің жолын таба білетінімізді әлемдік қоғамдастықтың өзі мойындап отыр. Халық қалаулыларының үндеуін оқи отырып соғыс кезіндегі небір қанды шайқастар мен ұрыстар көз алдыма келді. Күші басым дұшпанмен жан алысып, жан берісіп жатқан шақта тыл жақтан «уралаған» үнді естігенде, бойымызға орасан күш бітіп, қаһарланып кететінбіз. Олай болса, бүгінгідей күрделі жағдайда Парламент Мәжілісі жаңа, тың күшпен толығып, ауқымды реформаларды дәйекті жалғастырудың ізбасарлары ретінде танылып жатса, тұрмысымыз түзеледі, еліміз көркейеді. Халық қолдауына ие болған партиялар мен жеке тұлғалардың азаматтық белсенділік танытып, кешенді бағдарламаларды тиімді жүзеге асырарына сенімдімін. Ал Парламентті қалыптастыру жергілікті мәслихаттар сайлауымен бірге өткізу дәстүрі әлімсақтан бар. Менің пікірімше, жаңа сайлау туралы шешім қабылдана қалған жағдайда, республика тұрғындары жоғары саяси белсенділік көрсетері анық. Өйткені, олар болашақ, келешек үшін дауыс беретіндерін жақсы түсінеді. Қожатай НЕКІБАЕВ, соғыс және еңбек ардагері. Солтүстік Қазақстан облысы.

Шапшаң қимылдауымыз қажет

Қазір теңге бағамының өзгеруі, мұнай бағасының барреліне 28 доллардан да төмен құлдырауы елді алаңдатып отыр. Егер де теңге бағамы еркін айналымда жүргенін ескерсек, онда оның негізгі бағамын қалыптастырушы фактор ол валюталарға сұраныс пен ұсыныс болуы шарт. Ол – нарық заңы. Ал сұраныс пен ұсынысқа әртүрлі факторлар әсер етеді. Ол ауқымы мен уақыты жағынан қысқа, орта, ұзақ мерзімге бөлінеді. Осы орайда, қазіргі дағдарыс әлемдік экономикадағы туындаған көптеген мәселелермен тығыз байланысты екенін атап өткім келеді. Дағдарыс – экономикалық құбылыс. Осы орайда, Қазақстанның дағдарыс әсерін төмендету бойынша жасап отырған қадамдары дағдарыспен күрестің классикалық үлгісіне жатады. Ол әлемдік тәжірибеге толық сәйкес. Дағдарыстан шығу жолдары бар, оған тарих куә. Сондықтан дағдарыстың әлемдік экономиканың бір мүшесі ретінде бізге әсер беруі – заңды. Бірақ та біз дағдарысты дұрыс пайдаланып, ел экономикасын үдетуіміз керек. Осы орайда, жаңа Парламентке сенім арту керектігін терең сезінген халық қалаулылары бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің қызметін тоқтатып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы Президентке үндеу жариялауы өте дұрыс шешім болды. Біз осындай қысылтаяң кезеңде шапшаң қимылдап, тез шешім қабылдауымыз қажет. Жаңаша көзқарастағы Парламент істі жалғастырып, ілгерілететіні сөзсіз. Сұлтан ӘБІЛДАЕВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы, ғылым докторы. Жамбыл облысы.

Қаржыға үнем, уақытқа тиімді

Біздің алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында және жуырдағы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында тұтас мемлекеттік даму бағдарын айқын саралап берді. Сондықтан, қоғамда қызу талқыға ие болған кезектен тыс Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттар сайлауларын өткізу туралы үндеудің өзіндік өзектілігі бар. Биыл Парламенттің жаңа жылдағы алғашқы отырысында осы мәселе төтесінен қойылды. Бұл Мәжіліс сайлауын шын мәнінде жергілікті мәслихаттар сайлауымен бірге өткізуге қолайлы ұсыныс болды. Қаржыға да үнем. Уақытқа да тиімді. Қазіргі заманның репетін көріп отырмыз. Тым тез. Мұндай кезде дағдарыс екен деп дағдарудың реті жоқ. Үздіксіз алға жылжуымыз керек. Оның үстіне, мұнай бағасы құлдырап, 28 доллардан да түсіп кетті. Мұндай жағдайдың біздің елімізге де әсер ететіні анық, олай болса, сайлауды кезектен тыс жедел өткізіп алудан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Мәжілістің бұрынғы құрамы өз міндеттерін толығымен орындағаны айтылуда. Яғни, бүгінде қоғамда үлкен маңызға ие болып отырған бес институттық реформаға қажетті алғышарттарды жүзеге асырды. Бұл мемлекеттік құрылымның барлық саласын қамтитын кешенді бағдарлама болғандықтан, оны орындауға қажетті заңнама жүйесін жасаудың күрделі тұстары бар. Парламент осы міндетті абыроймен атқарды. Енді бұл істі әрі қарай жалғастыру қажет. Қазіргі Парламенттің өкілеттілігінің аяқталуына бір жылдай уақыт бар. Сонда қайта-қайта сайлау өткізудің тиімділігі қаншалықты төмен екенін бағамдауға болады. Яғни, Парламенттегі Қазақстанды жаңғырту мен дағдарысқа қарсы тиімді саясатты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қай партияларға үміт артып, сенім жүктейтінімізді ертерек саралап, бекітіп алғанымыз бұқараға да, билікке де пайдалы. Серік СӘДУАҚАСОВ, Үржар ауданы әкімінің орынбасары. Шығыс Қазақстан облысы.

Ұлт Жоспары – басты бағыт

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғаны мәлім. Басты нысана әлемдік экономикалық дағдарысқа төтеп бере отыра мемлекеттің экономикасын дамытумен қатар, қоғамды серпіліске түсіретін жаңа құқықтық орта қалыптастыру болып табылады. Осы атқарылатын игі шаралардың негізі – Қазақстанның әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізу. Бұл орайда, Қазақстан Рес­публикасы Пар­ламенті Мәжілісі депу­тат­тарының те­рең ой­ластырылған ба­тыл қадамы жұрт­шы­лық көңілінен шығып отыр. Халық қалау­лы­ла­рының үндеуінде абы­ройлы мұратқа жету­дің алғышарттары көрініс тапқан. «Қазақстанның жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеретін нақты жоспары бар, – делінген бұл шешімде. – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың сая­сатының арқасында елі­міздің тек әлемдік дағдарысқа қарсы тұру жө­нінде ғана емес, жаңа жаһандық нақты ахуал жағдайында дамуы туралы стратегия­сы мен нақты «Ұлт Жоспары» бар». Бүгінгі уақыт – ке­йін­ге қалдырмайтын жедел шаралар уақыты. Бұл алға қойылған мін­деттердің аса маңыздылығын көр­сетеді. Уақыт кеңжайлаулықты кө­термейді. Өзінің тарихи миссиясын адал атқарған Мәжіліс де­путаттарының бастамасы осыны­сымен де құнды. Парламент Мәжілісінің депутаттары тәжірибесі толысқан, ел мүддесін биік қоюға қабілетті екендігін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, елімізді ауқымды жаңғыртуға және Президент реформаларын барлық бағыттар бойынша нақты жүзеге асыруға кіріскен сәтте партиялар сайлаушылардың жаңа сенім мандатын алуы айрықша маңызды. Демократиялық си­паттағы мемлекет қалың жұрт­шы­лықтың мүддесіне қызмет ету арқылы басты мұраттарына қол жеткізетіні анық. Ел экономикасының елеулі сал­мағын көтеріп тұрған мұнай баға­сының күрт төмендеуі біздің де есеп-қисабымызды қай­та қарауды талап етуде. Бірақ, жоға­рыда айтылғандай, мемлекет бұл сын­дарға төтеп берудің жолдарын қарастырған. Соның бірі – Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын кезектен тыс, яғни ерте, уақыт оздырмай өткізіп жіберу. Өйткені, айқын бағдарламаларды жаңа екпінді азаматтар алға жылжытатыны белгілі. Еркін ИСІМБАЕВ, «Өрлеу» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры. Ақмола облысы.

Іс-қимылсыз ілгерілей алмаймыз

Дәл қазіргі уақытта дүниежүзі бойынша қаржы дағдарысының салқынын сезбеген мемлекет кемде-кем. Қара алтыннан құн кетіп, brent маркалы мұнай бағасының 28 доллардан да арзандауы бүкіл әлемді әбігерге салып жатқаны ащы шындық. Біздің Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшесі болғандықтан да бұл қиыншылықтардан тысқары қала алмайды. Әлбетте, экономикасы енді ғана еңсе тіктеген еліміз үшін бұл жағдай нағыз сынақ болғалы тұр. Дегенмен, жағдай осылайша қалыптасты екен деп қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Қақпаны келіп қиыншылық қаққанда әрекет етпеген, іс-қимылға көшпеген жұрт ілгері жылжи алмайды. Ал енді бұл жағдайда не істемек керек? Ең бірінші кезекте елдің бірлігі ауадай қажет. Біздің халықтың тарихтың небір ауыр кезеңдерінен осы ынтымақ пен бірліктің, ауызбіршіліктің арқасында абыроймен өткенін естен шығармау керек. Екіншіден, әрине, белді бекем буып, қолдағы бар мүмкіндікті ортақ мақсаттың жолына жұмылдырған жөн. Ақылға салып, амалын тапқан әрбір әрекет қиыншылыққа төтеп берер қамалдың қабырғасын нығайта түсері сөзсіз. Осындай жарқын істің игі үлгісін Мәжіліс депутаттары көрсетті. Халық қалаулыларының Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын кезектен тыс өткізу туралы үндеуін, шын мәнісінде, еліміздің тағдырына алаңдаушылықтан, жанашырлықтан туындаған жауапты қадам деп қабылдаған жөн. Оның үстіне, Мәжілістің V шақырылымындағы депутаттар өздеріне жүктелген тарихи міндет пен миссияны абыроймен атқарып шықты деп нық сеніммен айта аламыз. Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдар­ламасындағы маңызды міндеттерді орындауға жедел кіріскен жөн. Уақыт кешеуілдеуді көтермейді. Яғни, қазіргі таңда бізге осындай аса жауапты міндеттерді мойнына алып, елді тығырықтан алып шығуға ықпалын тигізерлік шамасы мен білім-білігі жететін жаңа мақсаттағы мәжілісмендер керек. Еліміз үшін аса жауапты кезеңде қоғамымызға қозғау салып жүрген саяси күш – «Нұр Отан» партиясының алдында да зор міндет пен жауап­кершілік тұр. Болашақта сайланбақшы Парламент Мәжілісінің құрамы көппартиялы болғанымен де төменгі палатада Елбасының өзі жетекшілік ететін «Нұр Отан» партиясының әлеуеті мен ықпалы зор болады деген сенімдеміз. Өйткені, халықтың үмітін ақтап, талап-тілегінен шығып жүрген көшбасшы партияны қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды және оның іскерлігі мен табандылығына сенім артады. Қадиша ОСПАНОВА, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. ҚАРАҒАНДЫ.

Дамуды жандандыруға септесетін жаңа бастама

2016 жылғы 13 қаңтарда Парламент Мәжілісінің депутаттары кезекті отырысында Мәжіліс депутаттарын таратып, елде кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ұсыныс жолдады. Мәжіліс депутаттарының бұл ұсынысы Елбасымыздың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласындағы мәселелерге байланысты туындағаны белгілі. Себебі, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бо­йынша 100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын орындаудың нақты кезеңі басталды. Қазақ халқына тарихымызда бұрын-соңды болмаған арманымыз – осы ғасырдың ортасына қарай Елбасымыз атап көрсеткендей әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу мүмкіндігі туып отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған 60-қа тарта заң жобаларының әрқайсысы Қазақстанның құқықтық-тәртіптік, кәсібилік тұр­ғыдан жетілуін, бұрын олқы кеткен тұстарын қайта қарап мем­ле­кетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағи­дат­ты жаңа құқықтық орта қалыптастыруды талап етеді. Кім-кімнің де алдағы өмірімізге үмітпен қарайтынымыз белгілі. Оған әлемнің дамыған 30 ұлттың қатарына енуге бағыт ұстап отырғанымыз да ұмтылдырады. Бұл жәй ғана айтыла салған әңгіме емес, жан-жақты зерттеліп, бағдарламалық бағыттары айқындалған меже. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында қол жеткен табыстарын табан тайдырмай, ілгері ұмтылуға жол ашатын Елбасының Бес институттық реформа – «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын алға тартуы бұған сендіре түседі. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бұл бағдарламаның баяндылығын қамтамасыз ететін қадамдарды жүзеге асырудың негізгі түйіндерін көрсетіп берді. Бағдарлама бар, басым бағыттар айқындалды, оларды жүзеге асыру үшін не істеу керектігі нақтыланды. Ендігі мәселе жұмыла іске кірісуге, білекті сыбанып еңбек етуге келіп тіреледі. Бұл бағытта әрбір Қазақстандық өзіндік үлес қосатындай шаруа тындырса, еліміздің дағдарысты еңсеріп қана қоймай еліміздің дамуына серпін берері сөзсіз. Осы орайда, Елбасымыздың берген нақты тапсырмаларын толыққанды орындау мақсатында еліміздің Парламент Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлау өте орынды әрі ұтымды бастама деп есептеймін. Бұл сайлау Қазақстанның әлемдегі 30 елдің қатарына енуіне ықпал жасайтын «Ұлы Дала елі», «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру мақсатында еліміздің дамуына жаңаша серпін беретін мемлекетшіл, отаншыл, ұлтжанды жаңа пішімдегі депутаттарды сайлап, Елбасы саясатының арқасында кәсіби және зияткерлік даму жолында Ұлы Дала елі ұрпақтарын әлемге танытуға, жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Қожантай ОРЫНБАЕВ, Бейнеу политехникалық колледжінің оқу ісі жөніндегі орынбасары, «Үздік педагог-2014» республикалық байқауының жеңімпазы. Маңғыстау облысы.

Бірлігі мықтыға кедергі жоқ

Қазақстанға етек-жеңді жинақтайтын, белбеуді қаттырақ тартатын кезең келді. Мұнай бағасы күн сайын құлдырау үстінде. Ираннан санкция алынғаннан кейін Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 28-ден де төмен доллардан айналғаны хабарланып жатыр. Осындай жағдайлардан бұрын Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттарының өкілет­тіктерін тоқтатып, барлық деңгейдегі сайлауларды артық шығынсыз өткізуге шақырған үндеуі дұрыс ойластырылған шешім болды. Енді барша қазақстандықтар тізе қосып, Парламентке және облыс, аудандық мәслихаттарға ел тірлігіне жарамды, жаңаша ойлай алатын, экономикалық сауаты күшті, жақсы менеджерді өткізуге тырысуы керек. Ел жағдайы күрделі кезеңде тұрғанда бармақ басты, көз қыстымен жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүретін пысықайларды емес, өз ісіне бе­рілген, дағдарыс тудырған экономикалық соққылардың екпінін бәсеңдете алатын азаматтарымызды сайлап алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осындай ауыр жағдайлардың туатынын бұрынырақта айтқан. Дағдарыс құрсауынан шығаратын «100 нақты қадам» сияқты бағдарламалар қабылдаған. Қысқасы, алда тұрған мемлекеттік мәселелерді шешуге бәріміз атсалысуымыз керек. Алмасбек МАМЫТБЕКОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы. ШЫМКЕНТ.

Басты қажеттілік – кәсібилік

Кезектен тыс Парламент Мәжілісі сайлауын өткізу елімізде жаңа саяси реформа жүргізуге белгі беру қадамы болуы мүмкін. Жасыратыны жоқ, қазіргі Парламент өз міндетін мінсіз атқарды. Елбасының бес институттық реформасы мен «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарын талқылау, бекіту барысында төменгі палата депутаттары белсенділік таныта білді. Нәтижесін халық көріп отыр. Жер-жерде Ұлт Жоспарын іс жүзіне асыру қызу қарқын алғаны да соның бір дәлелі деуге болады. Дүниежүзілік дағдарыстың салдарынан мұнайдың бір баррелі 28 американ долларынан да төмендеуі қазақстандық экономикаға да кері ықпалын тигізетіні анық. Екшей білетін жан әлемдік экономика ішкі экономикаға әсер етіп, тіпті, дағдарысты күшейте түсетінін теріске шығармайды. Оны экономикалық заңдылық деп те қарайды. Сондықтан да кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу тиімді деп санаймын. Дәл қазір болмаса да таяу уақытта экономикалық дағдарыс біздің елімізге де жетуі әбден мүмкін. Міне, сол кезде кәсіби тұрғыда сұрыпталған депутаттар төл міндетін мінсіз атқара білсе, құба-құп. Сонда Елбасы межелеген уақытта өркениетті елдер қатарынан өз орнымызды алу қадамын нық сеніммен басатынымыз анық. Болашаққа деген сенім бәрін жеңіп шығады. Бұл құндылық менің замандастарымның бойында бар. Қызмет бабымен де, ғылыми жұмыстар барысында пікір алмасу, ой бөлісу кезінде де жас­тар, әсіресе, ғылым жолында жүрген буын алдағы уақытта жасақталатын жаңа Мәжілістен бүгінгі таңдағы біртіндеп біліне бастаған дағдарысқа қарамастан жаңа реформаларды күтіп отырғанын анық байқап жүрмін. Тағы бір айтарым, таяуда ғана Мемлекеттік қызмет жөніндегі министрлік құрылғанына қарамастан, Елбасы белгілеген реформаның тізгінін ұстайтын кәсіби мамандардың жетіспейтіндігі белгілі болып отыр. Сырт көзге байқала бермейтін осындай ішкі қажеттіліктерді шешу үшін кезектен тыс Парламент сайлауының өткізілуі өте дұрыс қадам деп санаймын. Нұрсейіт НИЯЗБЕКОВ, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты мемлекеттік басқару кафедрасының профессоры. АЛМАТЫ.

Дағдарысқа қарсы тиімді қадам

Жағдайдың күрделілігі кейін шегеруге болмайтын іс-қимылдар қабылдауға мәжбүрлесе, депутаттардың кезектен тыс сайлаулар өткізу туралы үндеуін біз дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырудың тиімді қадамы ретінде бағалаймыз. Қазір бізге жағдайды тереңінен түсіну, сәйкесінше, кең көлемді қоғамдық топтасу мен халықтың бірлігі қажет. Үндеуде: «Тек бірлік пен үйлесімді іс-қимыл ғана біздің жаңа экономикалық соққыларға төтеп беруімізге көмектеседі», деп өте орынды айтылған. Және біз барлық деңгейдегі реформаларды жүзеге асырудағы іс-қимылдарымызды үйлестіруіміз қажет деген пікірді қолдаймыз. Сондықтан, Парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауларын бірге өткізу керек деген пікірдің толықтай негізді екенімен келісеміз. Бұл бізге дағдарыс жағдайында сайлау циклын ұзақ уақытқа созбауға, сайлауларды ұйымдастыру мен өткізу шығындарын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Үндеу дер кезінде жолданып отыр деп санаймыз және біздің этномәдени бірлестігіміз аталған үндеуге түсіністікпен қарап, толықтай қолдайды. Абубакир ВОЙНЦЕ, «Қазақстан дүнгендері қоғамы» ҚБ төрағасы.

Жаңару арқылы – жасампаздыққа

Әлемді алқымдаған қаржы дағдарысының салдары қай елге де оңайға соқпай тұрғаны шын­дық. Алайда, көңілге демеу болатыны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің арқасында біз бұған алдын ала тиянақты дайындалдық. Бес институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары нақтыланды. Пре­зидент оларды практикалық жү­зеге асырудың тетіктеріне дейін белгілеп берді. Парламент Мәжілісінің бұл қадамдарды заңнамалық қамтамасыз ете отырып, елеулі үлес қосқанын да білеміз. Елімізді ауқымды жаңғыртуға және Президент реформаларын жүзеге асыруға жаңаша келуді ұстанған Парламент Мәжілісінің Қазақстан халқына және Ел­басына өзін өзі тарату және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларын кезектен тыс өткізу туралы үндеу жолдауы азаматтық іс болды. Үндеуде атап көрсетілгеніндей, Мәжіліс өзінің тарихи миссиясын орындады. Енді жаңарып, жаңғырып, жасампаз істерге кірісу керектігін депутаттар дұрыс түсініп отыр. Сондай-ақ, экономикалық тиімділік пен қаржы үнемдеушіліктің де қаперде ұсталғаны аңғарылады. «Үшіншіден, біздің реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-әрекеттерімізді барлық деңгейде үйлестіру үшін Парламент сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауларымен қоса өткізу қажет. Бұл дағдарыс жағдайында сайлау науқанын ұзақ мерзімге созбауға және сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалатын бюджет шығыстарын біршама қыс­қартуға мүмкіндік береді», делінген үндеуде. Қазіргідей күрделі кезеңде ұқыптылық пен үнемшілдікке Парламент Мәжілісі депутаттарының өздері осылай өнеге көрсетуі өте орынды. Бұл өміріміздің қай буынында да қолға алуды қажет ететін үрдіс екенін   естен шығармауымыз керек. Елбасы Ұлт Жоспарын ұсы­нып, оны жүзеге асыруды тапсырды. Басым бағыттар анықталды, ілгерілеуге іргетас болатын жол­дар белгіленді. Енді күш Үкімет пен Парламентке түседі. Депутаттардың осындай тарихи сәтте Мәжілісті таратып, кезектен тыс сайлау өткізуге бастамашы болуы жанымызға жақты, мұның өзі осылай ұтыр­лы қимылдау тұрғысынан қабыл­данған шешім болса керек. Бұл жол басында тастүйін бірлікті қамтамасыз ете отырып, алдағы ауқымды міндеттерді мүлтіксіз орындауға кірісуге серпін береді деп ойлаймын. Жаңаша шешім қабылдайтын, толағай тапсырмаларды тиянақты жүзеге асыратын тың толқын керек біздің бұл іске. Сондықтан Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының қатарын жаңартуға бағытталған қадамның қайтарымды болатынына сенемін. Жасампаздыққа қол жеткізу үшін жаңарудың қажеттігі айтпаса да түсінікті. Күрделі міндеттерді жүзеге асыруды тегеурінді толқын ғана мойнына ала алады. Егер кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлаулары болып жатса, халық қолынан іс келетін азаматтарды таңдайды деп ойлаймыз. Қазір ел егемендіктің елең-алаңындағыдай «ауылдастың аты озсын» деген көңілжықпастықтан арылып, азаматтарды ісіне қа­рай бағалайтындай деңгейге көтеріл­генін көріп жүрміз. «Қамданған қапы қалмайды» деп атам қазақ тегін айтпаған ғой. Арқаны кеңге салып жүріп алмай, кезектен тыс сайлауды өткізу дағдарысты еңсеруге етек-жеңімізді жиып кірісу үшін де маңызды болмақ. Сондықтан, Мәжіліс депутаттарының бұл ұсынысы кім-кімнің де көңіліне қонады, қолдау табады дер едім. Мәжит БЕКМЕЕВ, «Трансэнерго» АҚ бас директоры, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты.  АҚТӨБЕ.

Орынды бастамаға – толымды қолдау

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Тәуелсіздік жылдарында еліміздің индустриялық саласына ерекше көңіл бөлініп, өркендеуіне жағдай жасалып келеді. Сол үшін «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері мен өндіріс жұмысшылары Сізге шексіз алғысын білдіреді. Барша әлем үшін аса күрделі, қиын кезеңде Қазақстан темір кентасын өңдеу мен байыту арқасында алынатын біздің комбинаттың өнімдеріндей мызғымас бірлігімен ұлы мақсаттарға нық қадаммен басуы керек. Қазіргі жаңа жаһандық нақты ахуал елімізге жаңа талаптар қойып отыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында түбегейлі жаңғырту қадамдарын сәтті жүзеге асыру үшін 5 институттық реформаның Ұлт Жоспарын және дағдарысқа қарсы стратегияны табысты жүзеге асыру қажет. Бұл ретте барлық деңгейдегі уәкілетті органдардың жұмыс үлгісін жаңа жаһандық сын-қатерлерге жауап беретіндей сапалық деңгейге көтеру, сонымен қатар, тың күшпен, өзара үндестікте, үйлесімді жұмыс істеуі айрықша маңызды. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын бірге өткізу осы тұрғыдан және сайлауға қажетті қаражат пен уақытты үнемдеу жағынан мейлінше өзекті. Осы себепті «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері мен өндіріс жұмысшылары Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауын кезектен тыс өткізу туралы үндеуін орынды және уақтылы көтерілген бастама деп санайтынын және оны толық қолдайтынын мәлімдейді және мемлекетіміздің жемісті дамуы үшін маңызды бастамаға Сіздің де қолдау білдіруіңізді сұрайды. Дмитрий Гусак, «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі.

Сайлау өткізудің  жан-жақты себептері бар

Мәжіліс пен жергілікті мәс­лихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастама дер шағында көтеріліп отыр. Оның бірнеше себептері бар. Ең алдымен, әлемдегі халықаралық жағдай күн өткен сайын қиын­дап барады. Мұнай бағасы тым құлдырап кетті. Мемлекеттер ара­сындағы қайшылықтар мен келіспеушіліктердің басылмай тұрғанын да көріп отырмыз. Осы орайда, сайлауды тез өткізіп алмасақ, сыртқы факторлардың ықпалы артып, түрлі қиыншылықтарға кезігуіміз мүмкін. Осыған дейін көргеніміздей, «түрлі-түсті сце­нарийлердің» жүзеге асуына бір жылдай уақыт кетеді. Сондықтан да қазір осындай жат пиғылдарға уақыт бермей, әбжіл қимыл таныту маңызды. Сайлауды өткізіп алғаннан кейін Парламент уәкілеттілігінің заңдылығын бекітіп, дағдарысқа қарсы шаралар мен институттық реформаларды іске асыруға да мүмкіндік алады. Одан бөлек, сайлауды қазір өткізіп алудың тағы бір сыры бар. Әлемдік экономикалық дағдарыстың жаңа бір толқыны тумай тұр­майды. Араға уақыт салып экономика соққы болып тиіп жатқан дағдарыстың алда әлі талай толқыны бар. Міне, сондай сын сәті болмай тұрып сайлауды өткізіп алу керек. Өйткені, алдағы дағдарыстың қандай болатыны, оның қандай ауқымды қамтитыны белгісіз. Ал әлем экономикасымен кіндігі байланып жұмыс істеп жатқан Қазақстан жағдайында келесі қаржы дағдарысы бізді айналып өтеді деу ағаттық болар еді. Тағы бір назар аударатын мәселе: кезектен тыс сайлау өткізу қазақстандық қоғамның бірлігі мен ынтымағының нақты көрінісі болып, Елбасы айтқан реформаларды мезетінде іске асырып алуға мүмкіндік береді. Себебі, кезектен тыс сайлау өткізу арқылы Президент ре­формаларының Парламентін сайлап аламыз. Ол өз кезегінде Ұлт Жоспарының сауатты жүргізіліп, дағдарысқа қарсы саясаттың дұрыс өтуіне жағдай тудырады. Сондай-ақ, бұл сайлау партияішілік бірлікті нығайтып, елдегі тұрақтылықты күшейте түседі. Дәл қазіргі сәт­те Мәжіліс пен жергілікті мәс­лихаттардың сайлауларын өткізу осындай қажеттіліктен туындап отыр. Ал оны іске асыру әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы деп білемін.  Сәулет САХИЕВ, «Сыр медиа» ЖШС жанындағы ақпараттық-талдау орталығының басшысы.

 Жаңғыру мен жаңаруға – жауапкершілік керек

Парламент депутаттары Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын кезектен тыс өткізу туралы бастама көтерді. Бұл саяси қадамның бірқатар себептері бар. Өйт­кені, биыл 5 институттық реформаны жүзеге асырудың практикалық кезеңі басталды. Осы жолда Ұлт Жоспарының заң­намалық негізін жасаған қазіргі Парламент депутаттары өздеріне жүктелген тарихи миссиясын абыроймен атқарғанын атап өткен жөн. Былтыр 80-ге жуық заң қабылданып, олар ре­фор­малардың сәтті әрі сапалы жү­зеге асырылуына қызмет ете бастады. Әлемдік дағдарыс әрі тұрақ­сыздық жағдайында ел бірлігі мен қоғамдық келі­сім – тұрақты дамуға бас­тайтын ең басты құндылық. Парламент депутаттары осы құн­дылықтарды өздерінің саяси көзқарастары мен мүдделерінен жоғары қойып отыр. Әлемдік дағдарыс жағ­дайында сыртқы факторлар бізге салқынын тигізбей қоймайды. Оның елге тигізетін кері әсерінің алдын алып, жеңілдету нақты саяси-эко­номикалық, әлеуметтік қадамдармен іске асырылады. Жаңа Парламентке және барлық деңгейдегі мәслихаттарға осы жауапкершілікті көтере алатын, тың көзқарастар мен ерік-жігердегі азаматтар келуі қажет. Жаңғыру мен реформалар кезеңінде еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органында кімдер отыруы тиістігін халық анықтайды. Және олардың нақты қандай бағыттар бойынша жұмыс істеуі қажеттігі де халықтың талап-тілектерінен көрініс табуы қажет. Парламент маңызды бастама көтерді, енді Президенттің шешімі қажет. Әлемде дағдарыс, бірақ біздің елімізде дамудың өзіндік даңғыл жолы бар: дамыған 30 елдің қатарына кіруге бас­тайтын «Қазақстан-2050» Стратегиясы біздің ең басты бағдарымыз. Мәңгілік Ел болу жолындағы асқақ мақсаттар тұрғысынан алып қарағанда, Парламенттің сайлауды кезектен тыс өткізіп, тезірек нақты іске кірісу туралы бастамасы қолдау табуы қажет деп есептейміз. Сондай-ақ, оның айтуынша, жаңғыру кезеңінде жаңа тұрпаттағы, жаңа сапалық деңгейдегі қоғамның жаңаруы қажет. Ол қоғамның барлық бағыты – экономика, мәдениет, заң шығару, әлеуметтік және саяси салаларды қамтуы қажет. Бұл барлық Қазақстан азаматтарына қатысты, сондықтан, жаңғыру көп жауапкершілікті талап етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері.

 Өмір ағысына дөп келер ұсыныс

Өз басым депутат­тарымыздың халық қалаулылары мандатын тоқтату туралы ұсынысын өте дұрыс деп қабылдаған кәсіп­керлердің бірі­мін. Байқасаңыздар, біз қазіргі әлемдегі және ел ішіндегі эко­номикалық қиындықтарға да бой үйрете бастағандаймыз. Бұл қауіпті. Біз қиындықпен күресуге тиістіміз. Бұлай бейімделуге болмайды, заман талабы басқа. Ендеше, еліміздегі ең жоғарғы заң шығарушы органымыз жаңғыруы міндетті. Олай болса, Парламент фракцияларының мүшелері өмірдің ағысына дөп келер ұсыныс айтты. Қазір Қазақстан халқы қазақстандық арманға бастайтын жол – Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға тас-түйін дайын. Оның жүзеге асуы үшін қысылған сәтте тез шешім шығаратын Парламент керек. Бұл орайда, Парламент Мәжілісінің тек қана жаңадан сайланатын депутаттары жаңаша құрылған Ұлт Жоспарының жүзеге асуын жеделдетеді деген ойдамын. Өйткені, Қазақстанның бола­шағы – Ұлт Жос­па­рының өзегінде. Ең қуанарлығы, өздеріңізге белгілі, осы мем­лекеттік жоспар аясында Кәсіп­керлер кодексі қабылданды. Елі­мізде кәсіпкерлер құқығын қорғайтын Бизнес-омбудсмен инс­титуты бар. Әріптестеріме бизнес және саяси партиялар өкілдерінің мәлімдемесінде айтылғанындай, еліміздің дамуы мен ел ішінің тұрақтылығына үлес қосайық дегім келеді.  Светлана ТОҚҚҰЛОВА, «Ариал» гольф-клубының директоры. АЛМАТЫ.

Өте орынды бастама

Өзгерістер уақыты келіп жеткенін, жалпы, қазір ел іші, ауыл-аймақ барлығы да түсініп, біліп отыр. Біздер қызмет жасайтын алыстағы ауылдарда Астанада күн сайын болып жататын жаңашыл өзгерістерге құлақ тігіп, назар қойып отыр. Ол жақта жасалып жатқан үлкен жұмыстар кішкентай ауылдарға да жетіп, жүзеге асуда. Яғни, әркімді алдағы 5 жылда, одан кейінгі 5 жылда қалай өмір сүруіміз керек деген үлкен ойлар мазалауы керек. Сондықтан, Елбасы әлемдік дағдарыстың келе жатқанынан-ақ, елімізде уақытша экономикалық қиындықтардан шығудың алғышарттарын жасады. Еліміздің дамуына жасалған осындай жоспарлар қазір алдымызда тұр. Бұл – жақсылық. Жақсылықтың орындалатынына жұрт іші сенімді. Парламент пен жергілікті мәслихаттар депутаттары кезектен тыс қайтадан сайланатын болса, өзгерістер жүріп, серпіліс келер. Оған күмән жоқ. Ұлт Жоспары мен 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша практикалық қадамдар басталды. Ал елімізге кәсіби, біліктілігі жоғары Парламент керек деген пікірлер дұрыс деп ойлаймын. Жаңа Парламентке үлкен сенім жүктелетіні сөзсіз. Әрине, осындай қарбалас шешуші уақытта жаңа өзгерістер, жаңаша ойлайтын депутаттардың келуі аса маңызды, оны ел де түсініп отыр. Еліміздің бюджеті мұнай баррелі 40 доллар болып тұрғанда есептелді. Қазір 28 доллардан төмендеуде. Экономикалық ахуалды жақсартуға кәсіби біліктілігі жететін жаңа Парламент елді қиындыққа қалдырмай алып шығарына сенімдіміз. Жуырда біздің аудан әкімдігінде «Кәсібиленген мемлекетке арналған кәсіби кадрлар» жаңа моделін таныстыру мақсатында «Жаңа кәсіби стандарт» атты тақырып аясында жиын болып өтті. Тақырыбы айтып тұрғандай, көп нәрсені ұқтырғандай болды. Өйткені, қазір барлық жерге білікті, білімді кадрлар керектігі айтылды. Біздің елдің Парламентіне де сондай елдік мақсат-мүдде жолында бар кәсіби білімін жұмсайтын осы күннің жаңашыл кадрлары керектігі сөзсіз. Жас келсе, іске дейміз. Сондықтан, жаңа реформаларды жүзеге асыратын кәсіби мамандар келетін сайлауды кезектен тыс өткізу өте маңызды деп білемін. Жұмабай МҰХАМЕТӘЛІ, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.  Павлодар облысы, Лебяжі ауданы.

Көп нәрсе көптің қалауына байланысты

Әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарларын еңсеруге атсалысу – өзін Қазақстанның патриотымын деп санайтын әр азаматтың борышы. Қоғам өмірінің барлық саласын жаңғыртудың Ұлт Жоспарын табысты жүзеге асыру үшін, ең алдымен, экономикамыз орнықты болуы керек. Ол үшін ел іргесі мықты, бірлігі берік, өзара ынтымағы зор болғанда ғана төккен тер, еткен еңбек нәтижелі болмақ. Сонда ғана озық дамыған отыз елдің қатарына жете аламыз. Мәжілістің бесінші шақырылымы қоғамның осы қажеттіктерін заңдық тұрғыдан қамтамасыз ететін база жасады. Енді жаңа кезеңнің, Ұлы Дала елінің жаңа дәуіріндегі халық қалаулысы болу да өзгеше қасиеттерді талап етеді. Сайлау өткізілсе, ол халық бірлігі мен дағдарысқа қарсы стратегияны халықтың қаншалықты қолдайтынын танытары анық. Сайлауға қоғамның барша жіктері, саяси партиялары мен азаматтық қоғам институттары белсене қатысқанда ғана өзіміз қалаған нәтижеге қол жеткізе аламыз. Видади САЛАХОВ, Халықаралық «Туран-TIMES» әзербайжан газетінің бас редакторы.

Науқанның қажеттігі назарда болсын

Мен Парламент Мәжілісі депутаттарының өз өкілеттіктерін тоқтатып, кезектен тыс сайлау өткізу туралы бастамасын қолдаймын. Сайлау қоғамда азаматтық белсенділікті арттыруға ықпал етері сөзсіз. Елімізді өркендетуге үлес қосқысы келген күштер осы кезде өздерін көрсетуге, ойластырған бағдарламаларын іске асыруға ұмтылуы тиіс. Қазақстандықтар – білімді халық. Шешім қабылданып, кезектен тыс өтетін болса, кандидаттар ұсынған бағдарламалардың ішінен еліміздің әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына қосылуына үлес қосатынын көрген азаматтарымыз өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, сайлауда сол бағдарламамен келген партия үшін дауыс береді деп ойлаймын. Қазақстан халқының барша топтарының өкілдерін, жастарды, соның ішінде этностық бұқаралық ақпарат құралдарын бұл саяси науқанның қажеттігін елге түсіндіріп, іске асыруға белсене қатысуға шақырамын.  Константин КИМ,  республикалық «Корё Ильбо» газетінің бас редакторы.

Жаңа заманға – жаңаша ой

Депутаттардың өз өкілеттіктерін тоқтату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы Елбасының атына өтініш жасауына басқа себептермен қатар әлемдік экономикадағы күрделі дағдарыстар да әсер еткені сөзсіз. Бұл ретте, бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы алда күтіп тұрған қиын сынақтардан өтудің жол картасы деп бағалаушылар дұрыс айтып отыр. Бұл құжаттарда ел экономикасы мен басқару жүйесіне маңызды құрылымдық өзгерістер жасау қажеттігі атап көрсетілген. Жаңа заманның талаптарына сай жұмыс істеу үшін жаңаша ойлайтын мамандар керек. Сайлау барысында заң шығару органының құрамына да осындай мамандар келері анық. Сондықтан, бастамаға жан-жақты қолдау білдіру керек. Ғаділбек ШАЛАХМЕТОВ, ҚХА Журналистер және сарапшылар клубының құрметті төрағасы.

Күрделі сынақтардың күрмеуі

Мәжіліс депутаттарының және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлау­ын кезектен тыс өткізу Қазақстанның алдында тұрған үлкен саяси-экономикалық міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Бес институттық реформаны нақты іске асыру үшін қоғамның ішкі саяси жүйесін жұмылдыру қажет. Алда кездесетін күрделі сынақтарды бірлігі мықты, бір мақсатқа жұмылған халық қана еңсере алады. Депутаттар бұл ұсынысты қазіргі кездегі әлемдік экономикалық дағдарыстан шығудағы ең өзекті мәселелер – елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту сияқты проб­лемаларды заман талабына сай ше