18 Қаңтар, 2016

Бірқатар теннисші келісілген ойынға қатысты күдікті деп танылды

311 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
18-01-2016-tennis 01АСТАНА. 18 қаңтар. Бүгін теннистен «Үлкен дулыға» санатына жататын маусымашар турнир – Australian Open сайысы басталды. Осы турнир алдында белгілі болған жайт теннис әлемін дүр сілкіндірді. Атап айтқанда, әлемдік элитадағы кейбір теннисшілер келісілген ойынға қатысы бар деген күдікпен айыпталып отыр. Бұл туралы eurosport.ru порталына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. BBC-дің мәлімдеуінше, телеарна мен BuzzFeed News медиа-компаниясы қызметкерлерінің қолына 2007 жылдан басталған ATP ойындарына жүргізілген тергеудің нәтижелері түскен. Ол құжаттарда Ресей аумағында, сондай-ақ, Италияда (солтүстік өңір мен Сицилияда) ойын синдикаттарына қатысты әрекеттер байқалғаны расталған. Нәтижесінде, тергеушілер келісілген деп баға берген кездесулерге кейбіреулер бәс тігу арқылы жүздеген мың фунт стерлинг табыс тапқан. Корпорацияның хабарламасына қарағанда, сондай үш ойын Уимблдон турнирінде ойналған. Құпия тергеу әрекеттерінің нәтижесінде 2008 жылы келісілген ойынға қатысы бар 28 теннисшінің аттары белгілі болды. Алайда, олардың іс-әрекеттері одан әрі тергелмей, спортшыларға ешқандай шара қолданылмады. Сонымен қатар, жетекші букмекерлік конторлардағы бәс тігуге бақылау жүргізетін еуропалық ұйым 2015 жылы 50 ойынның нәтижесін күдікті деп таныған. Сондай-ақ, өзге спорт түрлерімен салыстырғанда, теннисте мұндай жағдай көп кездесетініне назар аударылған. ВВС аталған тізімге енген 8 теннисші биылғы Австралия ашық біріншілігіне қатысатынын да хабарлап отыр. Әзірге ол спортшылардың кінәсі дәлелденбей, аты-жөндері жарияланбайды. Десек те, қазірдің өзінде күдікті теннисшілердің есімдері телеарнаға белгілі. Еламан Қоңыр. Дерек: eurosport.ru. Сурет: unian.net.