15 Қаңтар, 2016

Ұлттық мұрағаттағы ұлағатты жиын

283 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
14-01-2016-Seminar 33Кеше Астанадағы Ұлттық мұрағат ғимаратында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласы аясында Мемлекет тарихы инс­титуты Ұлттық мұрағат және «Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуының қазақстандық жолы: нәтижелер, жетістіктер, болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мұндағы негізгі әңгіме қазақ­стандықтардың тарихи санасын қалыптастырудағы Пре­зидент – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың рөлі, мемлекеттіліктің қалыптасу жолы, экономика мен қоғам дамуының келешегі, «Ұлт жоспарына» қатысты мәселелер болды. Одан ары Тәуелсіз Қазақ­стандағы көпэтносты қоғамның өмірлік құндылығы, егемен елдің Конституциясы мен заңдары және бүкілхалықтық сенім, мем­лекетті кәсібилендіруге қатысты ғылыми тұжырымдар тілге тиек етілді. Сонымен қоса, заманауи кезеңдегі төзімділік және ха­лықаралық ынтымақтастықтағы адами қатынастардың өзекті тұс­тарын, еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастық бағыттары мен қазақстандық бірегейлікті дамы­­­­тудағы ғылыми зерделеу тәжірибелері алға тартылды. Шара аясында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» атты құжатты көрме көпшілік көңілінен шықты. Көрмеде Ұлттық мұрағат қорынан алынған, ел тәуелсіздігінің алғашқы кезеңінен бастап дамуы мен қалыптасу тарихын айшықтайтын құжаттар қойылған екен. Мәселен, тұңғыш заң жобалары, Қазақстан астанасын көшіру мен атауын өзгерту туралы құжаттар мен Елбасының өмірі, еңбек жолы туралы тың деректер видео-фотоқұжаттар түрінде ұсынылды. Айта кетейік, тақырып шең­­­­бе­рінде біраз мәселе қаузал­ды. Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президентінің Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру және нығайтудағы рөлі; Ұлт Көшбасшысы және Тәуелсіз Қазақстанның сырт­қы саясаты (1991-2015 жж); Қазақ­станның Тұңғыш Президенті және елдің интеллектуалдық әле­уетін қалыптастыру: идеядан іске асыру бағыттары; Қазақстан Республикасы Президентінің қазақстандықтардың тарихи өзіндік санасын қалыптастырудағы рөлі; Президент Н.Ә.Назарбаев және Қазақстан Республикасы­ның мемлекеттік рәміздері; Н.Ә.Назарбаевтың еуразиялық идеясының саяси философиясы: қазақстандық даму жолдарының негізі сынды мәселелер қызу талқыға түсті. Алқалы жиында Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов, Ұлттық мұрағаттың Бас директоры Марат Әбсеметов, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі, мемлекет қайраткері, дипломат Төлеутай Сүлей­менов терең толғамды әң­гімелер айтты. Содан соң Қазақ гуманитарлық заң университетінің оқытушысы, саясаттану ғылым­дарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкірдің «Мәңгілік Ел» идеясы – ұлтты ұйыстырудың ұлы күші», Мемлекет тарихы институтының бөлім бастығы, тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаевтың «Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев және Тәуелсіз Қа­зақстанның сыртқы саясаты», Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Әлима Ауанасованың «Қазақстанды жаһандық жаңғыртудағы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың рө­лі» атты және басқа баяндамалар мазмұндылығымен ерекшеленді. Шара соңында Ұлттық мұрағат пен «Алжир» мемориалды-мұра­жай кешенінің ұжымдарына инс­ти­туттың кітаптары сыйға тар­тылып, Тарих және қоғамдық ғылым­дар академия­сына мүшелікке қабыл­данғандар құттықталды. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.