12 Қаңтар, 2016

Қызылордада адам өлтірген қылмыскер 18 жылға сотталды (+)

366 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
12-01-2016-Sottaldy АСТАНА. 13 қаңтар. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентінде адам атып өлтіруші 18 жылға сотталды. Бұл туралы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Оқиға 2015 жылғы тамызда Жосалы кентінде орын алған. Сотталушы Қуанбек Игенбаев әйелімен және жолдастарымен бір досының қызы туған күнін тойлап отырады. Сағат 23:00 шамасында ол жұмысқа баратынын айтып, қонақтан ертерек қайтады. Қалған достары сол үйде қалады. Бірақ сағат 00:00 кезінде Қуанбек осындағы достарының біріне қоңырау шалып, әлдекімдермен шекісіп қалғанын, өзі айтқан жерге келулерін өтінеді. Мұны естіген 7 досы үш көлікке отырып, айтылған жерге қарай шығады. Ал көрсетілген көшеге келгендерінде онда Қуанбектің жалғыз өзі тұрады. Ол бұларға өзін жәбірлегендер болуы мүмкін деген болжаммен Садовая көшесіне қарай бұрылуды сұрайды. Осыдан кейін ол келген көліктердің біріне отырып, жүргізуші досын өз үйіне қарай барып қайтуға көндіреді. Ал үйіне кіргеннен кейін қолына шолақ ұстай шығады. Достарының суық қаруды көріп, шошып кеткеніне ол мылтықта патрон жоқ екенін, тек қорқыту үшін керек болатынын айтып, көңілдерін басады. Осыдан кейін олар айтылған көшеге қарай беттейді. Сол кезде қастарынан бір машина басып озып озады. Кенет бұрылыста екі көлік қатарласа бергенде, Қуанбек манағы шолақ мылтығынан қарсы жаққа екі рет оқ атады. Сол оқтың бірі автомобиль руліндегі жігітке тиеді. Жәбірленуші Нұрболат Төребеков осыдан алған жарақаты салдарынан есін жинамаған күйі аурухана төсегінде үзіледі. Сот отырысында сотталушы Қ. Игенбаев өз кінәсін мойындаған жоқ. Ал қасындағы сотталушы екі досы аса ауыр қылмыс туралы құқық қорғау органдарына хабарламай, оны жасырғандарына өкініш білдіріп, кешірім сұрады. Марқұмның әкесі, жәбірленуші соттан айыптыларды барынша қатаң жазалауды және сотталушылардан моральдық және материалдық шығындарды өндіртіп беруді сұрады. Облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты сотталушыны 18 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Оның жанында болған екі досыы қылмысты қасақана жасырды деген айыппен 5 жылға сотталды. Айта кетейік, Қуанбек Игенбаев сондай-ақ, марқұмның отбасына моральдық өтемақы ретінде 2 млн. теңге ақша төлейді және «ҚазАгроқаржы» қоғамынан алған 1 млн. теңгеден астам несиесін өтейтін болады. Талғат Райымбек. Дерек: Қызылорда облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың баспасөз қызметі. Сурет: kogamtv.kz.