Өнер • 16 Мамыр, 2024

Ел құмартқан «Ессіз бақташы»

57 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Париж дегенде қазақ оқырманының көз алдына не келеді? Әуелі ақсүйектік қалып, эстетика, романтика, импрессионизм, модернизм, иә бұл тізімді ұзарта беруге болады. Оның әр тұрғыны бізге ақын һәм суретші секілді. Еркін адамның бәрі сонда асығады. Француздық иіссу, француздық ой, осы ұғымдардың бәрі оған классикалық реңк беретіндей. Мәселен, «Фоли – Бержерге» қараңызшы.

Ел құмартқан  «Ессіз бақташы»

«Folies Bergère» француз тілінде «ессіз бақташы» деген мағынаға сая­ды. Неге ессіз, себебі мұнда жаны еркін есерлердің есерсоқ ойлары гүлдей қауыз жарады. Париждегі әйгілі кабаре әлі де туристерді құпияға толы әлеміне тартады. 1890 жылдан 1920 жылға дейін қоғам арасында өте танымал болды. Сол туралы жүздеген картина жазылды, тіпті ақын біткеннің ұясына айналды. Ғимаратты сәулетші Плюмера опера залы ретінде салған. Сол дәуірдің қолтаңбасына айналған ар-деко стилі менмұңдалап тұр. Айтпақшы, даңқты суретші Эдуард Манені іздеген жан сол жерден табады.

Қылқалам шебері жан құсасы маза бермегенде Фоли-Бержер шарапханасына асығатын. Ауыр ойдың құрсауынан босай алмаған сананы лезде сұлу сайтандар әлеміш бояуға орайды. Бір құрығына іліксеңіз оңайлықпен құтыла алмайсыз. Мане сол мезетті кенепке түсірді. Сүйікті орны шедеврлерінің бірін жазуға итермеледі. Неліктен париждіктер сол жерді жақсы көрді дейсіз ғой? Себебі мұндағы сергек өмір астананың бірсыдырғы күндер тыныштығын тас-талқан етеді.

Мане реалист, ол қоғамның келбетін адамдардың кескінімен бейнелейді. Айқын һәм дәл, көңілге жылы тиеді. Аталған картинаны суреткер шарапхананың ішінде жазады. Кабаре сахнасының оң жағында отырып, дайын эскиздердің көмегімен жылдам жазып шығады. Содан кейін даяшы қыз бен досынан шеберханасына келіп кетуін сұрайды. Қалың шу арасында адамның бет-бейнесіндегі эмоцияларды қағып алу қиын. Сондықтан суретші осындай қарекетке барса керек.

Композицияның негізгі бөлігі екінші планға ығысқанымен, шығармада қарама-қарсы тұрған Маненің досы мен даяшы ару көзге оттай басылады. Олар бір-бірімен сөйлесуге құмар. Маненің архивінен табылған эскиздер біздің сөзімізді растайды. Досының ынтызар сезімін ашық әрі шынайы жеткізген. Бұл Фоли-Бержерге тән құбылыс. Себебі эстрадалық шоуға толы ғимарат ішінде алып-ұшпа көңілдің сыпайы һәм жабайы түрлерін кездестіре аласыз.

Ортадағы айна арқылы суреткер қыз бен жігіттің диалогіне ерекше мән береді. Сол көріністі айналадағы түрлі қызықтан артық қояды. Артқы жағында шарапхана ішін толтырған тұтынушылардың қарасы қалың. Бірақ онда даяшының шаруасы жоқ, жігіттің көңілін бағып тұр. Айнаның бергі бетінде арудың келбеті анық көрінеді. Сонда айна ішіндегі көрініс өткен минуттардың әсері болғаны ма? Даяшының жанарынан күрсініс байқалады, демек ол бірнеше минут бұрын болған әңгімені ойлап тұр. Біздіңше, арттағы оқиға сол шырайлы сәттің жемісі.

Картинада мәрмәр үстелдегі құмыралар мен айна ішіндегі бөтелкелер біркелкі орналаспаған. Шындық пен рефлексия бір-біріне сәйкес келмейді. Картинаның сюжеті өте қарапайым болғанымен, оқырманды тереңге тартады. Автор көңілді көпшілік пен көп ішіндегі жалғыздың арасындағы қарама-қайшылықты жеткізген.

Сондай-ақ туындыдан сурет­ші­лерді, олардың музаларын, эстетиктерді көруге болады. Бұл адамдар кенептің сол жақ бұрышына жайғасқан. Бір әйел дүрбіні ұстап тұр. Бұл басқаларға қарап, олардың алдында өзін танытқысы келетін қоғамның мәнін көрсетеді. Жоғарғы сол жақ бұрышта акробаттың аяқтарын көруге болады. Акробат та, көңіл көтерген қалың жұрт та даяшының жалғыздығын аша алмайды.

Қараңызшы, кенептегі қара түстердің ойыны қайран қал­ды­ра­ды. Бір түстен бірнеше образ түзу оңай емес, бірақ бұл Маненің қолынан келді. Шебердің картинаны жазған күні мен қолы төменгі сол жақ бұрышта орналасқан бөтелкелердің бірінің жапсырмасында көрсетілген.

Бұл картинаның ерекшелігі оның терең мағынасында ғана емес, рәміздердің құпиялы әрекетінде. Әдетте, оның туындыларына мұндай сипаттамалар берілмейді. Бірақ осы сәтте адам ойына түрлі идеялар келеді. Кабареде шығу тегі мен мәртебесі жоғары әртүрлі санаттағы адамдар бар. Бірақ мұнда барлық жан көңіл көтеруге және жақсы уақыт өткізуге бірдей ұмтылады, тек даяшы ғана бұл әсерден жырақ.