12 Қаңтар, 2016

«Астана арландары» жаңа маусымды 23 қаңтарда бастайды

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
12-01-2016-arlans 01АСТАНА. 12 қаңтар. Бүкіл әлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғайтын «Астана арландары» клубы чемпиондық атағын қорғап қалу жолындағы жаңа маусымды 23 қаңтарда бастайды. Команданың алғашқы кездесуі сол күні Қарағандыда өтеді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Биыл алтыншы маусымы басталатын сайысқа әлемнің 16 елінен 16 клуб қатысады. Олардың ішінде осы жарысты екі мәрте жеңіп алған «Астана арландарының» беделі жоғары. Айта кетейік, осы маусымда біздің команда тек отандық боксшылармен сынға түседі. Ешқандай легионерсіз сайысуды көздеп отырған ұжым сапында Самат Бәшенов, Олжас Сәттібаев, Зәкір Сафиуллин, Теміртас Жүсіпов сынды тәжірибелі боксшылар бар. Команданың бас жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековтің айтуынша, «арландар» алғашқы кездесуінде Әзербайжанның «Баку оттары» командасымен күш сынасады. Одан бөлек, біздің топта Өзбекстан және Пуэрто-Рико елдерінің клубтары бар. Мамандар биылғы маусым бұрынғылардан да қызықты болатынын айтып отыр. Себебі, бокстан әлем бойынша алдыңғы сапта тұрған Қазақстанмен қатар, жарыс жолында Ресей, Куба, Украина сияқты азулы елдердің ұжымдары бар. Сондай-ақ, Ұлыбританияның да командасы қайтадан қатарға қосылды. АИБА-ның жобасы болып саналатын WSB додасы алғаш рет 2010-2011 жылғы маусымда ұйымдастырылды. Содан бергі бес маусымға да қатысқан «Астана арландары» үздік үштіктен төмен түсіп көрген жоқ. Атап айтқанда, екі мәрте чемпион атанса (2013-2014, 2015), бір рет – күміс (2010-2011), екі рет қола жүлдеге (2011-2012, 2013-2014) қол жеткізді. Тағы бір ескере кететін жайт, «арландардың» маусым барысындағы барлық кездесулері «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. 23 қаңтар күнгі Қарағанды қаласында болатын алғашқы айқас Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: vk.com.