12 Қаңтар, 2016

Арман асуында

311 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мақұлбеков фотоЕліміз өткен 2015 жылды үлкен қошеметпен тарих қойнауына шығарып салып, жаңа 2016 жылды үкілі үмітпен, көтеріңкі көңіл-күймен, зор қуанышпен қарсы алды. Әрине, өткен жылға өкпеміз жоқ. Еліміздің беделі еселеніп артып, халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, экономикалық даму қарқыны күшейіп, мәдениетіміз мәнерлі үрдістермен толықты. Дегенмен, жаңа 2016 жылдың жасампаз жоспарларының іргетасы өткен 2015 жылы қаланғанын есте сақтауымыз қажет. Өткен жылы Елбасы – Н.Назарбаев «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт Жоспарын» жариялап, тек Қазақстан халқын ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын тағы бір елең еткізген еді. Бұл «Ұлт Жоспарын» – ұлы жоспар деп бағалауға әбден болады. Әрине, кешегі жүріп өткен жолыңды, бүгінгі болмысыңды, ертеңгі болашағыңды бағамдамай, сенімді түрде алға басу мүмкін емес. Сондықтан, аталған «Ұлт Жоспары» мемлекетіміздің ха­лықаралық шеңбердегі беде­лінің артуына, еліміздің эко­номикасының қарқындап дамуына, Қазақстан халқының алаңсыз, қамсыз өмір сүруіне жол ашатын бірегей бағдарлама болып табылады. Осы бағдарламаны құқық­тық тұрғыдан қамтамасыз етіп, заңдылығын бекітетін жа­ңа заңнамалардың жүйесі қабылданды. Бұл ретте, әрине, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңаланған Азаматтық процессуалдық кодексінің маңызы ерекше екенін тағы да бір атап өткенді жөн деп санаймыз. Бұл орайда Елбасының «Ұлт Жоспары – Қазақстандық арманға бастайтын жол» деген мақаласын оқып шығып, үлкен әсер алдым. Халқын сүйген, саналы өмірін ел игілігіне еңбек етуге арнаған асыл перзенттің жан тебіренісін ұғындырған осы мақаладан толағай табыстар мен жарқын болашаққа бастайтын жасампаз жолды жаңылмай табуға болады. Қазақстандықтар «2050» Стратегиясын табысты түрде жүзеге асырып, еліміздің әлемдік додадағы экономикасы дамыған, күш-қуаты еселеп артқан, халқы бақуатты 30 елдің қатарына қосылу жолында аянбай еңбек етуде. Осы ұлы мақсаттарға жету үшін, әрине, жүйелі жоспар, терең ойланыстырылған іс-шаралар мен бастамалар қажет. «Дұрыс әрекет – мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады» – деп айтқан екен ұлы ойшыл, философ Әбу Нәсір әл-Фараби. Иә, біздің ұлы мақсаттарға жетелейтін жолдарды дұрыс таңдағанымызды өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Шүкір деп айтайық, еліміз егемендік алған жылдар ішінде әлемнің саяси картасында өзін­дік танымы мен орны бар, беде­лі бейнеленген «Қазақстан Республикасы» деп аталатын мемлекет іргетасын бекем қалап, өзінің «көш-керуенімен» сапарға шықты. Арман адамды алға жетелейді, қиындықтарға төзуге және оны жеңіп шығудың сара жолдарына бағыт береді, жігеріңе жігер қосады, талабыңа табыс тілейді. Арманға жету жолында адам­зат арына арқа сүйейді, намы­сының отына жылынып, ұлттық құндылықтардың мөлдір бастауларынан нәр алады. Бүгінде жеке адамның арманы бүкіл қазақстандық арманға айналған асқаралы дәуірде күн кешіп жатырмыз. Арманның ұлылығы мен ас­қақтығы оның жаңа кезеңдерімен, жаңа белестерімен өлшенеді. Елбасы қазақстандық жаңа арманның тұсауын кесіп, сәт сапар тіледі. Бұл арманның аясында халқымыздың болашағы, ұлты­мыздың ұлылығы, намыс пен жігердің жаңа көздері, сергек сезім мен қуатты рух күші жатыр. Осынау ұлы мақсаттарды қатаң құқықтық тәртіп пен әді­летті заңдылықты сақтамай жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан, жаңа рефор­малық бастамалардың басты бағыт­тарының бірі ретінде Қазақстандағы тәуелсіз сот жүйесін және бүкіл құқық қорғау жүйесін онан әрі дамыту мәселелері белгіленді. Бұл ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «хал­­қы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам ең дамыған қоғам», деген қанатты сөзін естен шығармауымыз қажет. Бүгінде елімізде Қазақстан халқының мүдделерін конс­титуциялық деңгейде қор­ғайтын, халықаралық үлгілердің талаптарына сай келетін жаңа қазақстандық сот жүйесінің қызмет атқарып жатқаны тарихи шындыққа айналды. Халықтың сот жүйесіне, сот қызметіне деген сенімдері еселеп артуда. Қоғамдағы тепе-теңдік пен құқықтық ахуалды сақтау жолында сот жүйесінің қызметкерлері абыроймен еңбек етуде. 2016 жылдан бастап, жаңа үш сатылы сот жүйесі өзінің қызметін бастады. Ұлт Жоспарында сот жүйесін реформалау шеңберінде бір­неше жаңа, шын мәнінде сот жүйесінің жұмысын түбегейлі түрде жаңадан ұйымдастыруға мүмкіндік беретін шаралар қарас­тырылған. Сот жүйесіндегі басты тұлға – судьяларды таңдау, іріктеу және тағайындау мәселелері бойынша өткен жылдардың тәжірибелерін ескере отырып, жаңа институттық шешімдер қабылданды. Бұл ретте автономды мемлекеттік мекеме ретінде қайта құрылған Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі мен Жоғарғы Сот жанын­дағы Сот жюриінің алдында айтулы міндеттер тұрғанын атап өту қажет. Қасиетті халқымыздың асыл мұ­раларының бірі – билер сотының бастауларынан сусындап, ұлы тұлғалар Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты бабаларымыздың өсиеттерін жадына тұтқан, жаңа заманның, жаңа қазақстандық дәуірдің бір кірпіші болып қаланған бүгінгі сот жүйесінің әрбір мүшесінің де бойларында асқақ арман, таудай талап, намыс пен жігер бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Біз сот жүйесіне қатысты мін­деттер мен алдымызда тұрған асулардың мақсатын терең түсі­неміз, жауапкершілік жүгін сезінеміз. Сот жүйесінің мақсаты мен мұраты халқымыздың мақсаты мен мұратымен үндес, мазмұндас екендігі бізге күш-жігер береді, алға жетелейді. Осы ұлы мақсаттарға жету жо­лындағы біздің басты қаруымыз терең білім, тартымды тәжірибе, жоғары кәсіби шеберлік және жаңа Қазақстандық арманға бас­тайтын жол болып табылады. Міндет айқын, жол жарқын. Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ, Жоғарғы Соттың судьясы. АСТАНА.