07 Қаңтар, 2016

Көш-керуенге енді кедергі жоқ

296 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
мигрантыАлыстағы ағайын атажұртқа үкілі үмітпен қарап, алаң көңілмен тірлік кешіп келеді. Алаш баласының арасын ала бағандар алыстатқысы келгенімен, тәуелсіз елдің тартылыс күші бәрінен де мықты екені анық. Осыдан екі жыл бұрын Парламент қабылдаған заң Қазақ еліне бет түзеген көш-керуеннің жолына кәдімгідей кедергі келтірген-ді. Жақында осы олқылықтың орнын толтыратындай құжат қабылданды. Осы заң жөнінде, жалпы көші-қонның жай-жағдайы төңірегінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және қөші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан ҚАРЖАУБАЕВПЕН әңгімелескен едік. КАРЖАУБАЕВ-миграция– «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық акті­леріне халықтың көші-қо­ны және жұмыспен қам­ты­луы мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгі­зу туралы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Заңы қабылданып, оған Мемлекет басшысы қол қойды. Көші-қон мәселесіне қатысты осы­дан екі жыл бұрын қабылданған заң ата­жұртқа атбасын бұрған көш-керуеннің қарқынын бәсең­детіп жіберді. Өйткені, атал­ған заңға сәйкес, оралман мәр­тебесі этностық қазақтарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныстанған ағайындарға ғана берілетін болды. Ал Үкімет ай­қын­дамаған жерлерде тұруға ықтиярхат алу үшін олар өз төлем қабілеттілігін растауға тиіс-тұғын (отбасының әрбір мүшесіне екінші деңгейдегі банктерге шамамен 2,5 млн.теңге орналас­тыру міндеттелді). Қандастардың азаматтыққа оралман мәртебесін алған соң 4 жылдан кейін ғана құқығы бар еді. Ал жақында қабылданған заңда жатжұрттағы ағайындардың қоныс аударуына кедергі болған нормалар алынып тасталды. – Сөздің орайында сұ­рай кетейік, 2013 жылы қабылдан­ған заңнан кейін көшіп келу­шілер саны қаншалықты төмен­деді? Осыны айта кетсеңіз. – Сол заң қабылданғанға дейін­гі елімізге көш басын бұрған ағайындар саны төмендегідей: 2011 жылы –14 803 отбасы (47 112 адам), 2012 жылы – 15 109 отбасы (39 401 адам), 2013 жылы – 15 338 отбасы (33 952 адам). Ал аталған заң қабылданғаннан кейінгі екі жылда мүлдем төмендеді. 2014 жылы 3 792 отбасы (8 247 адам) көшіп келген болса, былтырғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 3,5 мың адам ғана қоныс аударды. Ендігі жерде көші-қон мәселесінде сең қозғалып, атажұртқа қарай ағылған ағайындар саны арта түседі деген сеніміміз бар. – Солай боларынан біз де үміт­тіміз. Ендеше, бауырлары­мыз­дың шоғырымен келуіне жағдай жасайтын заңның ерек­ше­­лік­теріне тоқтала кетсеңіз. – Ең алдымен, атажұртқа көшіп келген ағайындар, қоныстанған өңіріне қарамастан, оралман мәртебесіне ие болады, сондай-ақ, олар Қазақстан Рес­публикасының азаматтығын тұрғы­лықты тұруға рұқсат алғаннан кейін 1 жыл мерзімде, өтініш берген күннен бас­тап 3 ай ішінде жеңілдетілген тәртіппен ала алады. Бұрын олар Қазақстанда 4 жыл тұрақты тұруға міндетті еді. Сон­дай-ақ, қа­былданған заңға сәйкес, Қазақ­станда тұрақты тұруға ық­тиярхат алу үшін тұратын өңіріне қарамастан, этностық қазақтардан өзінің төлем қабілетін растау да талап етілмейді. Ал ағайындар Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберінде оларға көлік шығындарын өтейтін (отағасына 50 айлық есептік көрсеткіш мөл­ше­рінде, әрбір отбасы мүшесіне 35 АЕК мөлшерінде), қызметтік тұрғын үй немесе жатақ­ханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакет көзделуде. Елі­міздің бір өңірінен Үкімет айқын­даған екінші өңірге қоныс­танған бауырлардың да әлеуметтік қол­дауды алуға мүмкіндігі бар. – Үкімет айқындаған өңір­лер­ге қоныстанған қандастары­мыз­ға әлеуметтік пакет жиын­ты­ғы көз­делуде екен. Бұл неден туындап отыр? – Бұрын-соңды атажұртқа орал­ған ағайындардың басым көп­ші­лігі оңтүстік, батыс өңірлерге қоныс­танғаны мә­лім. Бір жағы олар шекаралас елден келгеннен кейін сол өңірлерге орын тепкенді қолайлы көрді. Екінші жағынан, өздері үшін табиғаты, ауа райы бейім аймақтарға тұрақтағанды жөн санады. 2013 жылы жүргізілген сарап­та­ма­лық зерттеу жұмыстарының нәти­жесінде 2050 жылға қарай еліміздің солтүстік өңірлерінде жұмыс күші азайып, керісінше оңтүстік өңірлерде артық жұмыс күші күрт артады. Мәселен, жаңа ғасырдың орта шенінде оңтүс­тік өңірлердің халқы 5 мил­лион адамға көбейсе, сол­түс­тік өңір халқы 1 миллион адам­ға азаяды деп болжам жасалып отыр. Міне, осындай сарап­тамалық талдаулардан кейін Үкімет солтүстік өңірлерде жұ­мыс күшіне деген сұранысты қанағат­тандыру үшін әлеуметтік ынталандыруға басымдық береді. Сол себепті Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберінде оларға көлік шығындарын өтейтін, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакет әзірленіп жатыр. – Бұрын-соңды ағайындар­дың өмірінде кездескен тәжі­ри­­бе ғой, оралман ретінде сол­түс­­тікте, батыста тіркеліп, әлеу­мет­­тік көмекті алғаннан кейін жыл құсындай жылы жаққа бір­жола қоныс аударатын әдет те бар еді... – Өткен кезеңнің олқылықтары да ескерілді, әрине. Оның үстіне қазіргідей қиын-қыстау кезеңде қазынаның қаржысын мақсатты бағытына жұмсау қатаң талап етіледі. Сол себепті әрі заңда белгі­ленген нормаға сәйкес, қар­жы кері қайтарып алынатын те­тік те ойластырылған. Мәсе­лен, Үкімет айқындаған, алғаш­қы қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс ауда­рып кеткендердің алған көмек­терін қайтару міндеттері қарас­ты­рылған. Бұл заңды да. Өйткені, отандық экономиканың қиын­дығына қарамастан, мемлекет атажұртқа келетіндерге қазынадан қаржы бөліп отыр емес пе. – Кейбір ағайындарымыздың кел­ген елінің азаматтығын қи­май, Қазақ­станның азаматты­ғын алу­ға асықпай жүріп ала­ты­ны бар. Себебі, шекарадан ке­­дер­гісіз өтуге тиімді, енді бі­рі сол ел­­дің сәл де болса жо­ға­ры­лау зей­нетақысын қимайды дегендей... – Өмір болған соң неше түрлі жағдай кездесіп жатады ғой. Әйтсе де, атажұртқа келген екенсің, Қазақ­станның азаматтығын тезірек алғанға не жетсін! Жоғарыда айттық қой, азаматтық алу жеңілдетілді, әрі кеткенде 6 айдың ішінде ағайындардың Қазақстанның азаматы атануға толық мүмкіндігі бар. Азаматтық алған соң оралман мәртебесі бірден жойылады. Ал Қазақстанның азаматтығын алмаған күннің өзінде оралман мәртебесін алғаннан кейін бір жылдан соң, ол өзінің күшін жояды. – Үкімет айқындаған өңір­­лерге емес, өз таңдаулары­на қарай орнық­қан қандастары­мыз басқалар сияқты әлеумет­тік жеңілдіктерді пайдалана ала ма? – Этностық көші-қон елі­міз­дің демо­графиялық және әлеу­мет­­тік үрдіс­теріне елеулі ық­пал ете­ді. Атажұртқа атбасын бұр­ған қан­дастарымыз тәуел­сіз этно­демо­гра­фиялық ахуалды қа­­лып­тастырудың бел­сен­ді қатысушылары болып табылады. Қазіргі уақытта орал­мандардың үлес салмағы елі­міз­дегі халық санының 6%-ына жуықтады. Сондықтан Ота­нына оралған ағайындарымыздың Қазақстанның азаматтарына тие­сілі әлеуметтік жәрдем­ақыларды алуға толықтай құқығы бар. – Бүгінгі күні қанша ағайын оралман мәртебесін алып, аза­мат­тықтан үміткер болуға әзір отыр? – Қазір 12 мыңдай адам оралман мәртебесінен үмітті. – Алыстан келген ағайынды қағаз­бастылық шаршатады. Аза­мат­­тық алу мен әлеуметтік кө­мек алу үшін сабылып, дел­дал­дар­ға жем болып жүргені. Осын­дай проб­лемалардың түйі­ні заңда қалай ше­шімін тапты? – Ол рас. Бұрын қандас­тарымыздың Қазақстан азамат­тығын алғанға дейін жеке сәй­кестендіру нөмірлері (ИИН) болмағандықтан, балаларын мектепке, балабақшаға орналастыруда, емхана мен ауруханаға тіркеліп, ем қабылдауда, зейнет­ақы жарналарын және әлеуметтік төлемдерді аударуда әжептәуір қиындықтар кездесетін-ді. Бұл мәселе де оң шешімін тапты, енді жеке сәйкестендіру нөмірі оралман мәртебесін алғаннан бастап беріледі. – Қоныс аударған елінен сотты­лығы туралы анықтама әке­лу­­дің де машақаты көп екендігі қоғам­дық пікірді қоздатып жіберді. Бұл анықтама, әсіресе, қытайлық қандас­тарымыздың жанына ауыр тиді. Аталған мәселенің түйіні тарқатылды ма? – Ішкі істер министрлігі Қы­тайдан қоныс аударған аға­йындардың соттылығы туралы анықтаманы алуға қатысты мәселені Қытайдағы Қазақстан елшілігі арқылы зерделеді. Нәтижесінде, анықтаманы Қы­тайдың әр провинциясы өзде­рінің үлгілерімен беретіндігі, бірақ өтелмеген соттылығы бар адамдардың елден шығуына байланысты мәселе терең зерт­теуді қажет ететіндігі анық­талды. Еліміздің Ішкі істер минис­трлігінің өкілдері алдағы уақытта Қытайдың Қазақстандағы елші­сімен кездесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын болады. Жалпы, бұл мәселе халықаралық келісімшарттармен немесе Үкі­меттің қаулысымен реттелуге тиіс. – Атажұртқа қоныс аударушы ағайындарымыз жеке меншігіндегі көлігі мен мүлкін алып келер болса, қазақстандық кеденде қаңтарып қоймай ма? – Кеден кодексінің талаптарына сәйкес, этностық қазақтар өзінің жеке пайдалануындағы мүлкіне, оның ішінде жеке көлігіне кедендік төлем төлеуден босатылады. – Бүгінге дейін атажұртқа оралған ағайындардың дені қай елден келді? Қанша қан­да­сымыз Отанына оралды? – Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырға жуық уақыт ішін­де атажұртқа 260 325 отбасы, яғни 955 894 адам қоныс аударды. Кө­шіп келушілердің басым көпшілігін Өзбек­станнан келгендер құрайды. Олар – бүкіл оралмандардың 61,6 пайызына тең. Екінші орында Қытайдан келген қандастарымыз болса (14,2 пайыз), үштікті моңғолиялық ағайындарымыз түйіндейді (9,2 пайыз). Түрікменстандық туыстар төрттікті түгелдесе (6,8 пайыз), Ресейден қоныс аударушылардың саны айтарлықтай емес (4,6 пайыз). Тәжікстан мен Қырғыз­стан­нан қоныс аударған бауырлар саны бірдей (1,1 пайыз). Бір атап өтерлігі, бұлардың бар­лығы оралман мәртебесін алған ағайын­дарымыздың саны. Әйтпесе, мұның сыртында өзді­гінен көшіп келіп, өз түтінін өзі түтетіп жатқан қандастарымыз да бар. Ендеше, атажұртқа атбасын бұрған қандастарымыздың саны 1 миллионнан асып жығылады деп ауыз толтырып айтуға болады. – Сұхбат барысында Қазақ­стан Республикасының Үкіметі айқын­даған өңірлер туралы бір­неше мәрте айттыңыз. Бұл өңірлерге қай облыс­тар енеді? – 2013 жылы көші-қонға қатысты қабылданған заңға сәйкес, Үкімет қаулысымен айқындаған өңірлерге Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары енген болатын. Ал алдағы уақытта да оралмандардың өңірлерге орналас­уын айқындау Үкіметтің құзыреті шеңберінде шешімін тауып, арнайы қаулы қабылданады. – Ағайындарды мазалаған келер күн­нің басты сауалы. Биыл­ғы жыл­дың бюджетінде қан­дас­тарымыз үшін қан­­ша мөлшерде қаржы қарас­тырылған? – 2016 жылға арналған рес­пуб­ликалық бюджетте 1259 отбасына қаржы қарастырылып отыр. 6 889 256 мың теңге тұрғын үймен қамтамасыз етуге және 341 152 мың теңге көлік шығынын өтеуге арналған. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». P.S. «Көп халық жоғалмайды көптігімен, Мықты болмай болмайды ал біздерге!». Қазақтың Қадыр ақыны қалт айтпайды ғой. Мынау алмағайып заманда атажұртқа жетіп жығылу керек болып тұр намысы бар қазаққа, басқаның бауырына сіңісіп кетпес үшін. Мемлекет қана емес, қоғам болып, бай-бағлан бас болып қолға алатын іргелі ­шаруа­ бұл. «...Ұлтан болатындарды» ұлықтайтын кез қазір!