06 Қаңтар, 2016

Қызылордалық компания 50 млн.теңге грант алды

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
06.01.2016 QZL АСТАНА. 6 қаңтар. Қызылордалық кәсіпкер 50 млн.теңге грант алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Дархан Мырзалиевтің айтуынша, былтыр «Қызылорданың құрылыс материалдары» ЖШС Кәсіпкерлер палатасына өтініш жасаған болатын. Компанияның басшысы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның ұйымдастыруымен өтетін инновациялық гранттар байқауына қатысқысы келетінін айтып, палатадан бизнес-жоспар және өзге де құжаттарды әзірлеуге көмек көрсетуін сұрады. «Қызылорданың құрылыс материалдары» ЖШС-і 2014 жылы құрылған компания. Ол облыста өндіріске инновациялық технологияларды және жоғары технологиялық, тиімді және экологиялық қауіпсіз әзірлемелерді енгізумен айналысады. «Бүгінде компания «Пенобетон өндірісі үшін көбік шығару» жобасымен «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен жоғары технологиялы өнімдерді өндірудің бастапқы кезеңіне арналған байқауға қатысып, негізгі кезеңінен өтті. Сондай-ақ оң сараптамалық қорытынды алды. Жалпы грант көлемі 50 млн.теңге.  Жақын күндері келісім шартқа қол қойылады деп күтілуде», дейді Дархан Мырзалиев. Жалпы, бүгінде инновациялық гранттардың 9 түрі бар. Отандық кәсіпкерлер жоғары технологиялы өнімдерді өндірудің бастапқы кезеңінде 50 млн.теңгеге дейін, технологияны коммерцияландыруға 100 млн.теңгеге дейін, өнеркәсіптік зерттеуге 30 млн.теңгеге дейін, патенттеу үшін 6 млн.250 мың теңгеге дейін қолдау ала алады. Жұмыс істер тұрған кәсіпорындар басқарушылық-өндірістік технологияларды енгізгені үшін 15 млн.теңгеге дейін, инженерлік-техникалық персоналдың шет елде біліктілігін жетілдіру үшін 2 млн.теңгеге дейін, жоғары білікті шетелдік маманды тарту үшін 9 млн.теңгеге дейін, консалтингтік, инжинирингтік және жобалық ұйымдарды тарту үшін 35 млн.теңгеге дейін, технологияны алу үшін 150 млн.теңгеге дейін гранттар ала алады. Бағдарлама Инвестициялар және даму министрлігі арқылы жүзеге асырылуда. Бағдарлама операторы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ. Дастан Кенжалин. Дерек, сурет: Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.