06 Қаңтар, 2016

Атырауда боран күні адасқан шопанды қойлар құтқарып қалды

452 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
06-01-2016-atyrau 01АСТАНА. 6 қаңтар. Атырау облысының Индер ауданы, Елтай ауылдық округіне қарасты «Байбоз» қыстағының шопаны қойларын жаю үшін далаға шығып, боранды күні адасып кеткен. Бұл туралы ras.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Оқиға 2 қаңтар күні болған. Алғашында күн ашық болып, малшы еш уайымсыз қойларын қорадан шығарады. Алайда, аяқ астынан ауа райы бұзылып, боран соға бастайды. Сол кезде шопанды іздеу жұмыстары да қолға алынады. Малшы келесі күні аман-есен табылған. Ол суықта отардың ортасына кіріп, қойлардың дене жылуымен жылынған екен. Сонымен қатар, дәл сол күні Көктоғай ауылдық округіне қарасты «Сартебін» қыстағынан кешкі 6-лар шамасында «Нива» автокөлігімен шыққан малшының жоғалғаны белгілі болды. «Бізге малшының қыстақтан жұмыстарымен 55 шақырым жердегі Көктоғай ауылына шыққаны және қайта оралмағаны туралы хабарлама келіп түсті. Сол күні толассыз қар жауып, соңы боранға ұласқан еді. Біз ауданның төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп іздеу жұмыстарына кірістік. Оған арнайы техникалар жұмылдырылды және ауыл тұрғындары да қол ұштарын созды. Жоғалған малшы 3 қаңтар күні, яғни, 11 сағаттан кейін табылды. Ол көлігімен күртік қарға малтығып қалған. Біз дер кезінде бардық. Себебі, малшыны тапқан кезде көліктегі жанармай да таусылуға жақындаған», – дейді Көктоғай ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали Құсайынов. Еламан Қоңыр. Дерек: ras.kz. Сурет: azh.kz.