06 Қаңтар, 2016

Жетістікке толы жылдардың жаршысындай

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_4426+Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты кітап көрмесі ашылды. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде халық назарына ұсынылған бұл көрме жыл аяғына дейін үзіліссіз қызмет көрсетпек. Көрменің ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Астана қалалық мекемелерінің ұжымдары, жас­тар, кітапханашылар және елорда тұрғындары қатысты. Аталған игі шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдас­беков өзінің жүрекжарды лебізін білдіре отырып, көрменің мән-маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған көрменің жұмы­сына сәттілік тіледі. «Біздің ата-бабаларымыз тәуел­сіздік үшін аянбай күресті. Ба­сын бәйгеге тікті, қанын төкті. Сол бабаларымыздың арманы орындалып, Тәуелсіздік таңын көру бақыты бізге бұйырды. Тәуелсіздігімізге қол жеткізуде, оны баянды етуде Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Мен Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасымыздың мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болдым», – деді М.Жолдасбеков. Бұған қоса, ол Ұлттық академиялық кітап­хана Елбасының бастамасымен іске қосылғанын айта келіп, мем­лекеттік маңызы бар ауқымды шаралардың басым бөлігі осы жерден бастау алатынын жеткізді. Мемлекет тарихы инсти­тутының директоры, тарих ғы­лымдарының докторы Бүркітбай Аяған өз кезегінде 2016 жылы аталып өткелі отырған маңызды шараларды еске сала келіп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрменің ашылуы үлкен мереке екеніне тоқталды. Тарих контексіндегі қазақ мемлекеттілігінің көпғасырлық қалыптасу тарихын, Тәуелсіз Қа­зақстанның саяси-эконо­ми­калық, әлеуметтік дамуын, бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қа­дам» Ұлт жоспарын, Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру және өскелең ұрпақтың адамгершілік тәрбиесіне ықпал ету, «Мәңгілік Ел» ұлттық идея­сы аясында жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл көрме мекеменің кітаптары мен электронды қорынан жинақталған 4 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» деп аталған. Онда Тәуел­сіз Қазақстанның қалыптасу тарихы мен Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің дамуы жайлы баяндалады. Екінші бөлім «Ұлы Дала елі – Мәңгілік Ел» ұғымына арналыпты. Дәлірегі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясына байланыс­ты, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін баяндайтын әдебиеттер қойылған. «Елбасы жолы – ел­діктің жолы» атты үшінші бөлім­де Тәуелсіз Қазақстанның тари­хындағы Елбасының қызметі туралы кітаптар ұсынылған. «ЕХРО-2017» – Астана мерейі» атты төртінші бөлімде Қазақстанның ел­ор­дасы – Астананың тарихы мен өмірі жайлы кітаптар және «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық ма­мандандырылған көрмесі туралы мәліметтер берілген. Ұйымдастырушылардың ай­ту­ынша, көрмеге 400-ден аса кі­тап қойылған. Бұл көрме Тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығына ар­нал­ған мәдени-ағартушылық іс-шаралардың басы болып табылады. Бір жыл бойы тұрақты түрде қызмет көрсететін көрме барысында Ұлттық академиялық кітапхананың ақпараттық-кітап­ханалық ресурстарын дәріптеуге, Тәуелсіздік жылдарында баспадан шыққан әдебиет туындыла­рын насихаттауға баса мән бе­рілмек. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.