06 Қаңтар, 2016

Білік пен білім ұштасқан жерде

361 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сеитова Алтын ТалиевнаҚазақстанның дағ­дарысқа қарсы мүм­кін­діктері мол екенін біз сияқты зейнеткерлер де айқын сезініп отыр. Елбасы респуб­лика жұртшылығына арнаған Жолдауында атап өткендей, Тәуелсіздіктің қа­лып­тасуының ең қиын кезең­де­рінде қабылданған стратегиялық шешімдер мен іс-қимылдар бүгінгі күні оң сипатты мәнге ие болғанын аңғару қиын емес. Сол себепті экономикалық қиындықтарды еңсерудің және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты ішінде жаңа әлеуметтік саясатқа ерекше екпін түсірілуін заңды құбылысқа бағалаған жөн болар еді. Өйткені, Президентіміздің белсенді қолдауы арқасында серпінді экономикалық өсімге қол жетіп, адамдардың өмір сапасы ілгеріледі. Бүгінде мемлекеттің 1,5 миллион тұрғынды жәрдемақы және төлемдермен қамтамасыз етіп отырғанын айтсақ та жеткілікті. Енді, міне, жан-жақтан қыспаққа алған әлемдік дағдарыстарға қарамастан, әлеуметтік қолдау шараларының дәйектілікпен жал­ғас­тырылуы халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің сөз­сіз орындалатынын, ер­тең­гі күн үшін еш­қан­дай алаңдауға не­гіз жоқ екендігін көрсет­се керек. Мұндай қа­рым­­ды қадамдар бюд­жет­­­тік шығындарды оңтай­лан­­дыр­ған­нан кейін еңбекақы, әлеу­мет­тік жәрдемақы үшін қар­жы табу арқылы мүмкін болғанын жұртшылық жақсы түсініп, бойларындағы барлық күш-жігерлерін ортақ мақсатқа жұмылдыратынына сенімдімін. Елімізде еңбек ете алатындарға жан-жақты мемлекеттік қолдау тудырылғанын жаңа түзетулермен қабылданған Еңбек кодексі баптарынан да табуға болады. Енді жаңа заң бойынша жұмыс беруші кәсіби шеберлігі жоғары, белсенді, бастамашыл зейнеткер қызметкерлердің ұжымда қалып, еңбек етуін аттай қалап алары сөзсіз. Мұның өзі адам капиталын дамыту екенін айғақтайды. Біздің ұжымда 100-ге жуық адам қызмет етеді. Бала күтуші, аула тазалаушы, от жағушы секілді зейнетінен бейнеті басым әрі жалақысы аз жұмыстарға жастар келе бермейді. Сондықтан бұл санаттағы зейнеткерлер зейнетақысының көбейгенін әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге жасалған қамқорлық ретінде түсініп, қанағаттанғандық сезіммен қарсы алды. Олардың да білім мен біліктілікті ұштастырып, аянып қалмасы анық. Мен ұжымдағы жас зейнеткерлердің бірімін. Көршілес «Аленушка» балабақшасының меңгерушісі Любовь Зайцева да менімен қатарлас зейнетке шықты. Алайда, қалалық білім бөлімінің басшылығы жұмыс істеу мерзімдерімізді ұзартуға шешім қабылдады. Шамасы, білім беру жүйесіндегі көп жылғы тәжірибеміз ескерілген болу керек. 12 жылдық оқытуға көшу жағдайында мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін мектепке дейінгі жастан бастап меңгерту жалпы білім берудің ажырамас бөлігі екені мәлім. Балабақшаның педагогикалық ұжымындағы зейнеткерлер де жасалып отырған жақсылықтың қарымы ретінде балғындардың тәрбиесін, отбасының әлеуметтік рөлін арттыру бағытында тынбай еңбек ете берері сөзсіз. Алтын СЕЙІТОВА, «Ақ бота» бөбек­-жай-бақшасының директоры. ПЕТРОПАВЛ.