06 Қаңтар, 2016

Үздік темір жонушы

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алтын кордын уздик темир жонушысыЕуразиялық топ кәсiп­орын­дарының жұмысшылары ара­сындағы «Алтын қор-2015» алғаш­­қы кәсіби шеберлiк байқауы Со­колов-Сарыбай кен өндірістік бір­лестігінде жеті аталым бойын­ша өтті. Байқауға еліміздің әр айма­ғындағы «Қазақстан Алю­ми­нийі» АҚ, «Қазақстан электро­лиз зауыты», «Еуразиялық энер­­ге­тикалық корпорация», «Қазхром» ҰК» АҚ-қа қарасты Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыт­тары, «Шұбаркөлкөмір, «Транс­ремвагон» ЖШС, «ССКӨБ» АҚ сынды кәсіп­орын­дар жұмыс­шылары қатысты. Жұ­­мыс­шылар кәсіби білімі мен бі­­лік­­тіліктері бойынша бақ сынасты. Байқауда көпірлі кран маши­нистері, электр-газбен дәне­кер­леушілер, электрслесарьлары, темір жонушылар, экскаватор, бульдозер мен ауыр жүк көлік­тері машинистері – барлығы 40 жұмысшы өз мамандықтары бо­йынша шеберліктерін көрсе­тіп, білімдерін сарапқа салды. Қатысушылардың барлығы жыл бойы өздері жұмыс істейтін кәсіпорындарда іріктеу кезеңінен өткен жүйріктер. Байқау екі кезеңнен – теория­лық білімді тексеру мен біліктілік сынаудан тұрды. Қатысушыларға ұсынылған әрбір тапсырма жинақылық, кәсібилік пен жауапкершілікті талап етті. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты механикалық-жөндеу цехының темірден түйін түйген 6 дәрежелі темір жонушысы Серік Ниязғұлов екі тапсырма бойынша да білімі мен біліктілігін көрсетіп, «Үздік токарь» аталымында бірінші орынға қол жеткізді. Оның өндірістегі 18 жылдық іс-тәжірибесі, көргені мен өмірден түйгені жеңіске жетеледі. Цех ұжымының мақтанышына айнал­ған Серік Ниязғұлов өзінің іскер­лілігінің арқасында бірнеше рет түрлі еңбек жарыстарына қаты­сып, жүлделі орындардан көрі­ніп жүрген аға буын өкілі. Тек былтырғы жылы зауыт көлемінде өткен цехаралық «Мамандығы бойынша үздік жұмысшы» байқауына қатысып бірінші орынды иеленіп «Қазхром»ТҰК» АҚ-ның сайысына жолдаманы жеңіп алған болатын. «Қазхромның» филиалдары арасында өткен «Үздік жұмысшы» байқауында зауыттың намысын қорғаған еді. Кәсіби токарь бұл сайыста да шашасына шаң жұқтырмаай, бас жүлдеге ие болған еді. Енді міне, Еуразиялық топтың арасында өткен байқауда да осы жеңістерін тағы да қайталады. – Еуразиялық топта жұмысшы мамандар әрдайым басты назарда ұсталады. Қарапайым жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеріп, жас жұмысшыларға өндірістен үйреніп, білгендерімізді үйрету үшін осындай байқау керек-ақ. Осындай байқаулар біздің кәсіпорында да жиі өткізіледі. Қазіргі қаржы дағдарысына қарамастан, осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырып, жұ­мысшы мамандарға көңіл бөліп, мәртебесін көтергені үшін ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. Бұл шара тәжірибе алмасу үшін аса маңызды әрі жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағ­дай жасайды, шеберлік шың­дайтын үлкен мектеп іспеттес, – дейді Серік Ниязғұлов. Жеңімпаздарға бірінші орын үшін 500 мың теңге, екінші ор­ынға – 300 мың, үшінші орын иесіне 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық ұсынылды. Әр номинация бойынша бірінші орынға ие болғандар Астана қаласында өтетін қорытынды салтанатты іс-шара кезінде марапатталатын болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.