01 Қаңтар, 2016

210 932!

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
1291932417_xmas_toys-5Мерекелі жылғы берекелі биігіміз осындай Елбасымыздың Қазақстан халқын жаңа 2016 жылмен құттықтауының мәтіні әлгінде ғана қолымызға тиді. Құттықтаудың бір тұсында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жаңа жыл баршамызды қашанда жаңа жетістікке, жаңа биікке жетелейді», депті. Сол жаңа жетістіктің, жаңа биіктің бірін Жаңа жылдың алғашқы ақ таңында сіздерге қуана хабарлағалы отырмыз, қадірменді оқырман. «Алдыңғы күні, яғни 28 желтоқсанда облыс­тардағы меншікті тілшілерімізден түскен мәліметтердің өзі газет таралымы қазір-ақ 200 мыңдық межені еркін еңсергенін көрсетеді. «Қазпошта» қаптың түбін қаққанда, бұған дейін есепке алынбай келген «Эврика пресс», «Номад пресс», «Ernur press», «Alash press», «Евразия пресс», «Ка­зах пресс» сияқты серіктестіктер жан-жақтан жүргіз­ген жазылымды қосқанда желтоқсанның соңғы күндер­інде келер жылғы оқырмандар қатарына шамамен он мың­дай, кейде тіпті одан да көп сан қосылатынын тәжі­ри­бе­ден жақсы білеміз», деп жазған едік 30 желтоқ­санда жарық көрген «Ғұмырнама ғибраттары» атты мақа­ла­мызда. Айтқанымыз айдай келді. Міне, біздің қолымызда газет басылатын 15 баспахананың кеше кешкі сағат 17-де жолдаған ең соңғы, ең дәлденген мәліметтері тұр: бү­гінгі, 2016 жылғы 1 қаңтардағы 1-ші, газет тари­хындағы 28 729-шы нөмірді Астанадағы «ERNUR» 12 434 дана, Алматыдағы «Дәуір» 17 060 дана, Тал­дықорғандағы «Алматы-Болашақ» 3 854 дана, Қос­танайдағы «Костанайполиграфия» 4 735 дана, Қара­ғандыдағы «Арко» 14 916 дана, Тараздағы «Сенім» 18 339 дана, Шымкенттегі «ERNUR print» 39 536 дана, Қызылордадағы «Энергопромсервис» 21 312 дана, Ақтөбедегі «А-Полиграфия» 10 853 дана, Оралдағы «WESTA» 14 515 дана, Павлодардағы «Дом печати» 12 884 дана, Өскемендегі «Рекламный Дайджест» 11 947 дана, Атыраудағы «Атырау-Ақпарат» 13 514 дана, Ақтаудағы «CASPIY PRINT» 6 862 дана, Петро­павл­дағы «ЕRNUR» 8 171 дана етіп басып шығарды. Сонда қоры­тын­дысында не болады дейсіз ғой? Қорытын­дысында ел газеті «Егемен Қазақстанның» 2016 жылғы таралымы екі жүз он мың тоғыз жүз отыз екі дана болып шыға келеді. Бұл сан өткен жылғы 203 мыңнан астам таралымнан 7 мыңның үстінде артық екенін өзіңіз де көріп отырсыз. 210 932! Бұл санға артық түсініктеме қажет болмас. Бұл сан­ның астарында көп жай жатыр. Ең бастысы – ел хал­қы­ның ертеңгі күнге сенімінің, ел газеті тынбай, тал­май насихаттайтын Елбасы саясатын қолдауының, оқырмандардың бойында отаншылдық, елдік сезімдер­дің серпіле түскенінің келісті көрінісі бұл. Осындай мерейлі сәтімізде біз газетке тағы да сенім артқан барша оқырмандарымызға, жазылымды ұйымдастыруға атсалысқан азаматтардың бәріне шын көңілден разылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз, Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейлі жылында да «Егемен Қазақстан» жүз жылға жуықтаған тарихындағы даңқты дәстүрлерінен айнымайтынын жеткіземіз. Қашанда жазар жақсылығымыз, жеткізер жаңа­лығымыз көп болсын! Сауытбек АБДРАХМАНОВ.