19 Қазан, 2010

Әлем өткен аптада

398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеншілер құтқарылды Өткен аптадағы ең айтулы оқиғаның бірі Чилидегі жер ас­­тында қалған кеншілерді шығарып алу болды. Мұны кеншілердің қиын жағдайдағы қаһармандық ерлігі деумен бірге, құтқа­ру­шы­лардың қамқорлығының өнегесі деуге де болады. Осыдан екі айдан аса бұрын Сан-Хосе шахтасында 33 кенші шығар жолдың бітелуінен 700 метр тереңдікте қалып қойған еді. Тар ұңғыма арқылы оларға азық-түлік, су және дәрі жеткізіліп тұр­ды. Енді, міне, сол ұңғыманы бір­шама кеңейтіп, арнайы капсула ар­қылы оларды бір-бірлеп шыға­рып алуға мүмкіндік туды. Таңдау – Собянин Мәскеу мэрін таңдау ресейлік­­­­тер үшін айтарлықтай маңызды саяси оқиға болып отыр. Парла­менттегі жетекші “Единая Россия” партиясы президент Дмитрий Мед­ведевке төрт адамды: Ниже­город облысының губернаторы Валерий Шанцевті, вице-премьер Сергей Собянинді, көлік министрі Валерий Левитинді және Мәскеу мэрінің бірінші орынбасары Людмила Швецованы ұсынып еді. Президент солардың арасынан Собянинге тоқтады. Мәсдуманың оны қолдайтыны даусыз. Ең ірі қуат тұтынушы Аптаның аяғында Парижде 28 ірі елдің басын біріктіріп отырған Халықаралық қуат агенттігінің екі күндік саммиті өтті. Сонда агент­тік директоры Набуо Танакудың мә­лім­деуінше, қуатты пайдалану жө­нін­де Қытай бірінші орынға шығыпты. Бүкіл әлемде өндірілетін мұ­найдың жартысына жуығын Қытай пайдаланатын көрінеді. Чавес – Ресейде Венесуэла президенті Уго Ча­вес ресми сапармен Мәскеуге кел­ді. Оны сырнайлатып, кернейлетіп қарсы алды. Ол ел басшылы­ғы­мен, президент Дмитрий Мед­ве­дев­пен кездесіп, келіссөз жүр­гізген. Ең бастысы – Ресей бұл елге АЭС салып бермек. Сондай-ақ Ре­сей­ден қару алуға, мұнай кен ор­ын­­­дарын зерттеуге, ортақ банк ашуға келіскен көрінеді. “Темір леди” — 85 жаста Жиырмасыншы ғасырдағы ең атақты тұлғаның бірі, қасиет-кел­бетіне қарай “Темір леди” атан­ған Маргарет Тэтчер 85 жыл­дығын ат­ап өтті. Осынау қайсар қайрат­кер­дің таңданарлық ісі көп. Ол қа­та­рынан үш мерзім Ұлы­британия үкі­метін басқарды. Мұн­­дай оқиға бұ­ған дейін 180 жыл бұрын болған екен. Жұрт оның өмірін еліне, хал­­­қы­на қызмет етудің өнегесі санайды. Зейнеткерлік үшін күрес Француздар зейнеткерлікке ерте шығып, еркін демалғанды қа­­лайды. Олар үкіметтің зейнет­керлік жасты өсірмек болғанына қарсылық акциясын тағы да жалғастырды. Ереуілге бұл жолы 3 миллион адам шығып, біраз саланың жұмысы тоқтап қалды. Бұл ел эконо­ми­касына айтарлық­тай әсер етпек. Соны ескеріп, жұртшылық арасында бұл акцияны айыптау­шы­лар да бар. “Көжеден құрт шықты” Тверь облысының губернаторы Дмитрий Зеленин ФРГ президенті Кристиан Вульфтың құрметіне Кремльде берілген қонақасы кезінде өзіне салып алған салат ішінен тірі жауын құрты шыққа­нын хабарлады. Және оны суретке түсіріп алған көрінеді. Президент іс басқармасы гу­­­бер­натор бұл сөзін дәлелдей ал­ма­са, жаза алатынын айтты. Дәлел­десе де, бұл Ресей үшін масқа­ралық. Дәлелдей алмас. “Потем­кин” кемесінің матростары “көже­ден құрт шыққанда” көтеріліс жасағаны белгілі. Сірә, Зеленинді жаза күтіп тұрғандай. Орысшадан – ағылшынға Грузия мектептерінде орыс тілінің орнына ағылшын тілі мін­детті пәнге айналды. Ал орыс тілін қаласаң ғана оқисың. Қазір мектептерде 5 пен 16 жас орталығындағы балалардың ағылшын тілін білуі мақсат ре­тінде қойылып отыр. Мұны ба­тыс­қа бағыт ұстаған ел бас­шы­лары уақыт талабы санайды. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.