19 Қазан, 2010

Шымкентшырыл

653 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Осы Оңтүстігіңіз жайында жазып-ақ жүрміз-ау. Оңды істеріне қуанып. Жақсы жақ­тарына жұбанып. Құбылыстарын құп алып. Сүйсінерлігіне сүйініп. Кегежектеріне күйініп. Шырайлы Шымкентіңізге шүйілетіндер шыли шектен шыққанда ше? Шырыл қа­ғамыз. Шымкентіңізге шадырайып, шәлкем-шалыс сөз айтып, шәт-шәлекей еткісі келетін кежірлеріңіз көп әлі. Елдің бәрі баяғы біздің сырбаз ақын ағамыз Сырбай Мәуленов дейсіз бе? “Шымкенттің барына шүкір” деп, жана­рына жас үйіре шын шаттанатын. Екінің бірі поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынқызы емес қой. “Бәріміз Оңтүстікке, шапағатты Шым­кентке қарыздармыз” дейтін. Шымкентіңізге шадырлана шәлкес­те­не­тіндер шажылдай берсін. Кекетсін. Мұқатсын. Бәрібір, алтын құрсақ аймағыңызға соқпай тұрмас. Ындын-ықыласыңызға, пейіл-пиғылыңызға, шай-пайыңызға құрсан болар. Қайран қалар. Былай шыға... Бажылдай берсін. Шыдайды Шымкент. Шаптықпайды Шымкент. Көтереді. Күледі. Бәр-бәрін біледі. Қандай қағытпа, қай қалжыңға да Шым­кен­тіңізді қоспаса, сәні мен мәні келмес. Қандай қойылымыңызға да осы Оңтүстігіңізді, Шым­кентіңізді қыстырмаса, дәмі кірмес. Деп жү­ріппіз. Шымкент қой бұл. Кім не десе, о десін. “Ұлысымның ұйыт­қы­сы – Оңтүстік!” деген қанатты қағиданы қазақтың қаранар Қалтайындай қарасөздің қағаны (Мұхамеджанов) бәдіздеп беріп кеткен. Өшпейтіндей өрнектеп. Үлкен-үлкен кісілер­дің дуалы ауыздарын бағып, уәлі уәждеріне құлақ қойыңызшы. Қазағыңыздың қаймағы бұзылмаған қара шаңырағы – Оңтүстік. Қазақ елі қалаларының әуелгі үш­тігіне үйлесіп үлгерген де Шымкент. Шы­райлы Шымкент. Шапақ шашқан Шымкент. Шүйгінді Шым­кент. Шүленді Шымкент. Шаруажай Шым­кент. Шыдамды Шымкент. Қазірдің өзінде Шымкент шаһарының сауда-өнеркәсіптік, мәдени-әлеуметтік, та­ғысын тағы жақтарынан оразды-орасан ор­талыққа айналғаны ақиқат. Оннан аса ор­нықты жоғары оқу орны бар. Қырыққа жуық ерекшелеу емдеу ұйымдары бар. Шалдықпас та шаршамас, шаруаторы Шымкентіңізде шаңырақ көтерген жаңа кәсіпорындар көп. Ежелгі қалаңыздың ең-ең сырқатты тұсы, сырқыраған кеселі бағзыдағы алып та алпауыт “Фосфор” өндірістік бірлестігінің “бомба бұққан” делінетін зардапты қалдықтары мен залалды аумақтары еді. Бірсін-бірсін оның-дағы дауасы табылып-ақ жатыр. Бара-бара бұл апатты орын өзгеше өндірістік, индустриялық-инновациялық аймаққа айналмақшы. Шымкентіңіздің шырайын Ордабасы алаңындағы Тәуелсіздік монументі арттыра түскен. Ыбырсып, сасып-бықсып кеткен Қошқарата бұлағының бойы сауығып келеді. Абай атындағы саябақта “Даңқ” мемориалы, “Хакім Абай музейі” пайда болды. Екіжарым жыл бұрын “Егемен Қазақстан” егжей-тегжейлі жазған, “Дерт дендеген дендробақ” деп сынаған дендробақтың беті бері қарап, бағы ашыла бастағандай. “Шәмші әлемі” мен Неке сарайы – Шымкенттің шынайы мақ­таны­шы. Деп жалғастыра беруге болады. Бірақ, біз бұл жолы басқашалау баянға бой ұсынбақ мақсаттамыз. Шымкентшырыл. Деуімізде біразырақ гәп боп тұр-ау. “Қор­ғай­сыз да жүресіз. Шырайлыңыздың шарасыз­данған жақтары басымданып барады емес пе?” Десетіндер баршылық. “Шапақ шашар орталықтары ғана. Шет-шелшеңдерін, шағын аудандарын аңғармайсыздар. Көлеңкелі-кірбіңді көшелерін көрмейсіздер. Баттасқан бөліктерін білмейсіздер”. Дейтіндер аз емес. Неге байқамайық? Көріп жүрміз. Білеміз. Шаңырқаған Шымкент. Шаң-шұңданған Шымкент. Шартықтанған Шымкент. Шарғы­ланған Шымкент. Шаңытқан Шымкент. Шырқыраған Шымкент... Шырайлыңыздың осындай-осындай оғаштау атауларын да жиі естисіз. Дараланған даңғылдары мен негізгі-негізгі бөліктері, көрікті-көрікті көшелері мен айтулы-айтулы алаңдары шапағат шаша шаттанып, қалған жақтары қоқыс басып ластанып жатқаны рас. Тазалық жағынан Таразыңыз бен Қызыл­ор­даңыз Шымқалаңыздан әлдеқашан, әлдеқайда озып үлгерген. Көріп жүрміз ғой. Шым­кентіңіздің шағын аудандары, бес қабатты бетон үйлері сұрқайлана самсаған мөлтектері, айналадағы аудандардан қосылған ауылдары ыбырсыққа толы. Тіпті пойызбен Шымкент­тен шығысқа қарай жүрсеңіз ше, қырлауыт­танған қос қапталдағы қоқыстардан қатты ұяласыз. Кісі бетіне қарай алмайсыз. Бес қабатты бетон үйлерінің көптігі жа­ғынан Оңтүстігіңіздің орталығы барлық қа­лалар бойынша бірінші орын алады. Ал енді сон­дай-сондай жүздеген үйлерге кіріп кө­ріңізші. Бұрындары подъезд деп аталатын кі­ре­берістерінен шошына тіксінесіз. Бірін­шісінен бастап, бесінші қабатына дейін. Тоз-тозы шыққан. Бояуы өшкен. Сылағы көшкен. Терезелері тас-талқан. Баспалдақтары ойдым-ойдым. Есіктері жұлма-жұлма. Иіс-қоңыс жайлаған. Үйлердің астындағы жертөлелер көлкіген сасық су, көгерген батпақ... Жекешеленгеннен бері жөндеу көрмегендері көп. Ең жаманы, елдің еті әбден үйренген. “Етіміз өліп кеткен”, деседі. Кіреберістермен көтеріліп келе жатып, түсіп бара жатып, таңданбайтын да, ойланбайтын да секілді. Шырайлы дейтұғын шаһарыңызда жиекжолдарға мінгескен, мәшине жүретін асфальтыңызға емінген ерекше құрылыстар жетіп-артылады. Көп қабатты тұрғын үйлердің ара-арасында да бос жер қалмай барады. Ойпырай десеңізші, бір кездері Асанбай Асқарұлы салдырған, бүгінде тас-талқаны шыққан балалар теміржолына жарты метрге дейін тақап тұрып коттедждер зорайта бастағандарға тоқтау салар жан жоқ. Бұл жағынан да Таразыңыздан тағылым, Қы­зылордаңыздан өнеге алуға әбден болады. Шымкентіңіздегі байырғы оқу орындарының, әсіресе, орталық бөліктегі орта білім беретін бағзыдағы мектептердің үй-жайлары бірте-бірте ескіріп, көнеленіп келеді. Уақыт талабы биігінен қарағанда, қолайсызданып, тарыла түсуде. Жаңа мектептер салуға жер қалдыр­мады. Бұрынды-соңды билеп-төстеушілеріңіз. Келешекті кемел ойлайтын басшылар, мем­лекетшіл, елшіл тұлғалар небір әдемі, әйдік жерлерді ұлт болашағы, ұрпақ қамы үшін көздің қарашығындай сақтап қалмас па еді?! Амал қанша... Шымкентіңіздің бас жоспары талай-талай талқыланған. Бүгінде бір бас жоспарыңыз Үкімет жақта деседі. Шіркін, Шымқалаңыз бас жоспарға жарымай-ақ қойды ғой, әйтеуір. “Ай, айналайын Асқаров-ай!” – деседі бүгінде ақжүрек ағаларыңыз бен апаларыңыз. Асанбай Асқарұлының меже­леуінше, сексенінші жылдардағы жоба-жос­па­рынша шаһарыңыз басқашалау бедерленер еді. Мына қазіргі Ахмет Байтұрсынов көшесіндегі быжынаған бизнес орталықтары мен құжы­наған тойхана-кафелердің және бүйіріндегі шіркеудің орындарын әдейілеп бос сақта­ғантұғын. Оқу орындарын, облыстың келешек кеңсесін салмақтұғын. Кейінгілер бөтеншелей төтеншеледі. Сол маңайдың батыс жақ бетіне Асқаровыңыз кереметтей кітапхана кешенін әуелетпекке әрекеттенген. Солай болжаған. Ал кейінгілер сол кең-мол тегістікке Спорт сарай­ын салдырды. Кейін ол бұзылып, Мұз сарайына айналды. Асқаровтың жобасы бойынша Спорт сарайлары қазіргі Қажымұқан атындағы Орталық стадионның қос қапт­а­лынан орын алуы тиістұғын. Ол қапталдарда да бүгінде – бизнес орталығы. Осы күнге дейін облыс орталығында жөндемді кітапхана үйі жоқ боп тұрыпты. Пушкин атындағы облыстық әмбебап кітапхана арендаға ал­ынған, айына әлденеше жүз мың теңге, жы­лына бірталай миллион теңге жұтатын, же­ке­шеленіп кеткен ғимаратта. Ал Абай атындағы қалалық кітапхана көп қабатты тұрғын үйдің астында тұншығады. Бұл мәселеде де Шымкентіңіз көршілерінен қап қойды. Мәселен, Қызыл­ордада осыдан бірер жыл бұрын заманауи, зәулім, зау-заңғар облыстық кітапхана үйі бой көтерді. Елбасымыз ашып, риза болды. Бұрынғы он төрт бірдей типтік, тамаша балабақшаңызда қазір басқа мекемелер орналасқан. Бір кезде тиын-сиынға жекеше­леніп кеткен кеңселік ғимараттарды бай-бағландарыңыз адам қорқатындай қымбатқа ғана сатады-ай. Сатса. Негізінен жалға беріп, жонып жейді. Қалаңыздың орталық бөлігінде бос жер “пәшти” қалмады дегеніңізбен, әлі де әбден-ақ, әдемілеп-ақ ойланарлықтай, елшілдік тұрғыдан ескерерліктей, мемлекетшілдік мақ­сатпен мәністерліктей мүмкіндіктер табылады. Шымкентшырылға құлақ түрсеңіз, әрине. Ал енді орталық бөлігіңізден жайлап аяң­дап шет жақтардағы шағын аудандарға қарата жылжиықшы. Жер бөлуде, жер беруде ша­тысып-бытысып кеткен, қолдан жасалған, бұрынғы басшыларыңыз да, бүгінгілеріңіз де жол беріп жатқан жағдаяттар шаш-етектен. “Тұран” шағынын алыңызшы. “Сіргелі баба” кешенінің іргесінен бастап. Жолдың екі жа­ғындағы құрылыстар тым түсініксіз. Құрылыстар қалай болса солай салынуда. Теп-тегіс жерді қалай болса солай қорлаушылар көп. Бір адамның атында елу телімге дейін бар деседі. Кезінде теп-тегін дерлік иемденіп, енді шетінен кертіп сатып, “шымкентшілеп” шытырлата көк қағаз санайтын “саңлақтар” аз емес деседі. Үйлер, тағысын тағы құрылыс­тар қуаттылардың қалауынша, епсектілердің есебінше еселенуде. Бірақ, бас жоспарға сәй­кес емес. Бәрі дерлік. Ешкім қой демейді. Тұ­ра тұр демейді. Үндемейді-ау, үндемейді. Не­ге? Түсініксіз. Сізге. Бізге. Ал әлгі пысық­ай­ларға бәрі түсінікті тәрізді. Әзірше сала береді, салғыза түседі самсатып. Күні ертең Бас жоспар жетеді. Кешігіп. Кешіктіріліп. Сонсоң, соттасу басталады. Соттасады. Оттасады. Үй-жайлардың “иелеріне” үш-төрт, тіпті оншақты ес­е артық ақша төленеді. Әрине, мемле­ке­ті­ңіздің қаржысы. Халықтың қаражаты. Ұлттың, ұрпақтың ертеңіне ауадай қажет қаржы-қаражат. Есесіне әлгі құныққан қуаттылардың және ерекше епсектілердің қалталары қалыңдайды. “Құныққан күзен құлағымен ін қазады”. Деседі. Ақиқаты Аллаға аян. “Нұртас” дейтін шағын ауданыңыздың тұрғындары шырқырағанда, шырылыңыз безіп жөнелетіндей. Ауыз судан азап шегіп, май­шаммен отырыпты. Жүздеген үйлеріңіз. Әр үйдің маңайында, аулаларда үлкенді-кішілі бөшкелер самсайды. Тұрғындар судың әр тоннасын мың теңгеден сатып алып, әлгі ыдыстарға құйғызады. “Асыққан су тасушы, е-е-ей, бадабоздын!” – дейтін ежелгі ән қайта жаңарған. Сәнге айналған. “Нұртас” шағы­нын­да. Балалар арасында да, үлкендерде де жұқ­палы ішек аурулары көбейіп барады. Ауыз судың себебінен. Мыңға тарта үйі бар мөлте­гі­ңізде не мектеп, не емхана жоқ. Ең жақын мек­тептер бес-алты, жеті-сегіз шақырым қа­шықтықта. Жаңбырлы күз бен сыбылыңқы қыста жолдың бәрі тізеден келер батпақ боп кетеді. Қоғамдық көлік те, жекеменшік мә­шинелер де қойыртпақ батпақтан жүре алмай қалады. Шымқалаңыздың шығысындағы “Тассайы­­­ңыздың” жарым-жартысы тастандыдай күйге түскен. Жарым-жартысы деуімізде гәп бар. Біраз уақыт бұрын етек-жеңі кең жайылып жататын аса үлкен ауылдың орталық көшесі шекара боп шыға келген. Сол жағы облыс орталығына қосылып, оң жағы сол күйі Сайрам ауданының құзырында қап қойған. Сөйтіп, сандалыс пен сабылыс басталған. Орталық көшенің оң жағында тұратын мың-сан адам шаһарға барса, Сайрамға сілтейді. Ақсукентке азаппен жетсе, қайтадан Шым­кентке шап деседі. Шымкентіңіздегі ме­ке­мелер шығарған шешімдер мен кесімдерді Сай­рам мойындамайды. Сайрам сайдақтатқан қа­ғаздарға Шымкент шекесінен қарайды. Де­гендей. Екі ортада қарапайым қара бұқараңыз шаршаулы. Қазіргі заманда құжаттарды қайта ресімдеуден асқан азап жоқ. Олай бұрылсаң да, былай бұрылсаң да – ақша. Қалай қарасаң да, қайда қадам бассаң да – қаржы. Не Сайрамға, не Шымкентіңіздің Еңбекші ауданына қарайтыны белгісіздеу көшелер мен бұрылыстар һәм құрылыстар жетімсірейді. Ташкент жаққа шыға беріс бағыттардағы шағындар да шырыл қағар. “Қазығұрт” мөлте­гіндегі құж-құж қиындықтардан тұрғындар быж-тыж болушы еді. Шүкіршілік, бірқатары шешілгендей. Ғажайып жаңа мектеп қатарға қосылды. Елбасы лентасын қиды. Көшелері тәртіптеле бастады. Ал қарсы беттегі “Сәуле” шағын ауданын араласаңыз, жүрегіңіз сыздап, жаныңыз ауырады. Аты “Сәуле”. Заты сәулеге сай емес. Әуел баста бұл “Сәулеңіз” “Нахаловка” аталған. Содан бері маңдайының бағы ашылмаған аймақ. Шырайлыңыздың ең қиқы-жиқы, ең күл-қоқысты, ең шаң-шұңды, ең лас бөліктерінің қатарында. Көшелері тар. Қанатын кең жайған құрылыс, мектеп саларлықтай жер қалмаған. Ең ақыры балалар доп ойнайтын алаңшалар таппайсыз. Рысбек Мырзашев атындағы орта мектептің үйі 2001 жылы қам кірпіштен, асарлатып салын­ған­тұғын. Биыл осындағы оқушы саны мыңға жа­қындаған. Мектепке сыймай, сол маңай­дағы жеке тұрғын үйлер жалға алынған. Был­тыр-биылға 1200 орындық жаңа мектеп жос­парланған еді. Өкінішке қарай, лайықты жер табылмады. Жаңа мектеп мұнда бұйырмай, “Қайтпас” мөлтегінен бой көтерген. Қазір “Сәулеңізде” 300 орындық қана мектептің құрылысы басталған. Жұрт оған онша қуан­байды, селт етпейді тіпті. “Жер жоқ, аумақ тар, бұрынғылар бүйткен де өйткен” деумен бүгінгілер жүр. “Сәуле” шағын ауданы үшін ең кемі екі мектеп керек. Әрқайсысы 1200 оқу­шылық. Кейбір көшелердегі тұрғын үй­лер­ді көшіре ме, қырлауыттар мен жарлауыт­тарды жайбағыстай ма, шын жаны ашыған басшылар шырылдаған шәкірттер үшін мүмкіндік табады. Табуы тиіс. Міндетті. Парыздар һәм қарыздар. Мінекиіңіз, мөлтектер мен шағындар шырылын осылайша ұзақ-ұзақ жалғастыра беруге болады. Әне, анау “Самал-3” дегеніңіздің жыпырлаған үйлері сансыз көп. Шет-шегіне көз жетпестей көрінер. Пәтер жалдаушылардың өзі мыңдап саналар. Алыс аудандардан, облыс орталығының айнала-төңірегіндегі елді мекендерден қоныс аударып, көрпе-жастықтарын жинап жатқандар... Квотасыз-ақ көшіп келіп, тіркеусіз-ақ қоныс­танып алған оралмандар... Мұнда да ауыз су тапшы. Автобус қатынамайды. Жарық жет­пеген. “Көгілдір отыныңыз” көкте қалықтаған аққу-қаздар секілді алыс арман. “Достық” дейтұғын мөлтеңдеген мөлтегіңіз о баста әлжуаз отбасылар үшін жоспарланған еді. Сол әлсіз, әлжуаз жағдайдан арылмай кілдірейді. Осы “Достығыңыз” бар, сонау “Самал-3” бар, тағысын тағылары бар, әлгіндейін әлжуаздығына, кембағал-кедейлігіне байла­нысты түрлі-түрлі аталатын сыңайлы. Ол жақ­тарын тілге тиек етпек емеспіз. Бірте-бірте, бара-бара оңалар. Жөнделер. Әнекиіңіз, анау баяғы Асқаровыңыз жайнатып, гүлдентіп кеткен, кезінде дүние жүзіне даңқы жайылған жауһар-жазира дендробақтың айналасында шоқ-шоқ болып “Элиталы шағын аудандар” дейтін тұрғын үйлер тізбектері мен топтары көз қызықтырады. Көгілдір, жасыл, қызыл, қарақошқыл шатырлары аспан тепкен ажарлы да базарлы коттедждер. Байлық пен барлықтың барқыт көрпесіндей буалдырланар көгалды алаңдар. Гүлзарлар. “Природа жасап тастаға-а-а-ан...” дейтіндей арша-шыршалары тізілген, аққайыңдары ағараңдаған аулалар. Көбейсінші. Осындай элиталы аудандар. Байлар. Бай болғанға, бар болғанға не жетсін-ай, не жетсін. Ұлттық буржуазияңыз бекем­делмей, бай-бағландар көбеймей, еліңіз де көркеймес. Түсінесіз мұны. Тек қана тым-тым тайраңдайтындар әнебір жылдардағыдай дүрри-гауһар дендробақты шет-пұшпақтап иемденіп, жырымдай жекешелендіріп, жер тарпып, қармап-қарпып жүрмесе екен дейсіз де. Қанағатсыздық, құнығушылық дегендеріңіз қиын да қауіпті һәм қатерлі ғой. Сондай тарпығыштар мен қарпығыштар осы дендро­бақтың біраз бөлігін бөлшектеп ап қойған. Абай саябағын да талан-таражға ұшыратқан. Орталықтағы және жаңа шағындардағы жақсы жерлерді қомағайлана иемденген. Шағын аудандарыңыздың шырылы мен шырқыры хақында сөз қозғай отырып, “Нұр­лы көшіңіз” жайында жырламауға болмас. “Нұрлы көш” – шын мәнінде байыпты да байсалды бағдарлама. Үкіметтің арнайы қау­лы­ларымен әлденеше рет әдіптелген “Нұрлы көшіңіздің” нәтижесінде шырайлы Шым­кентіңіздің тұралап жатқан “Тұрандайын” шағындарына қарағанда, “Асар” ауданы ғажайып қалашыққа айналды. “Нұрлы көш” және “Асар” десе, кез келген шымкенттігіңіз бір серпіліп, сергектеніп қалады-ай. Осы бағ­дарламаға және оның қанатқақты жобасын жүзеге асыруға орай Шымкент қаласының әкімдігі де қаншама қаулылар қабылдап, арнайы комиссиялар құрып, қызғын тірліктер атқаруда. “Асарда” салынған, салынып жат­қан, салынатын керемет коттедждеріңіз Үкі­меттің “Нұрлы көш” жобасына сәйкес қабыл­данған 2009 жылғы 8 мамырдағы №674 қаулы­сы бойын­ша және шаһарыңыз әкімдігінің тұрғын үй комиссиясының шешімімен бөлі­не­ді. Орал­ман отбасыларға. Арнайы ресім­делген, арнайы көшіріліп әкелінген оралман­дарға. Жасыл ша­тыр­лы коттедждер беріледі. Үйіргелік үйле­сімді телімдерінің үш соттығына жылыжай жа­салады. “Асар” үшін, “Нұрлы көш” бағдарла­масы аясында нешеме милли­ард­таған теңге мөлшерінде қаржы қаралады. Мәселен, 2010 жылға арналған қаржыландыру жоспарына сәйкес республикалық бюджеттен 5104143 мың теңге бөлінген. Құрылыс қызу жүріп жатыпты. Отандастар, оралман қандастар қоныстан­ған “Асар” ауданы алыстан менмұндалайды. Жоғарыда айтқанымыздай, өз алдына ай­шық­ты ­қалашық, керемет кент іспетті. Шү­кіршілік. Тамаша болды бұл. Дұрыс-ақ. Бірақ, сәл-пәл ойланыңқырайтын жағдаяттарға назар жығатындар да жеткілікті. Шымкентіңізде қазірдің өзінде тұрғындарыңыз миллионға жетеғабыл. Өткен жылғы санақтың дұрыс жүргізілмегеніне сіздің тілшіңіз тікелей куә. Көшелері де, үйлерінің нөмірлері де бірталай жылдан бермен қарата ресімделмеген мөлтектің бірінде тұратындықтан, халық санағынан тыс қалып қоя жаздағанбыз. Бір күн қалғанда, басшыларына мағлұмдап жүріп, әзер іліккенбіз. Ілікпей, ілінбей, кірмей қал­ған­дар, пәтер жалдап тұратын жүз-жүздеген отбасылар, мың-мыңдаған жастар қаншама?! Сонымен, мил­лион тұрғынды Шымкенті­ңіздің “миграция” мәселесін, яки көші-қон жағдайының қатпар­ларын қозғасақ, тым ұзап кетерміз. Қысқартып қайырсақ, көші-қонның қилы-қилы қиын­дықтарын, бүгінгі бұлым-бұлымдарын біліп, жықпыл-жықпылдарын жүйелеп, таразылай талдап, ертеңгісін зерттеп-зерделеп, түбегейлі түйсініп, ұзақ мерзімді шаралар жасақтап жатқан ешкім жоқ секілді сезіледі. Көші-қон жөніндегі түрлі-түрлі мекемелер баршылық. Жұмыстары бастан асар. Қағаз-құжаттары десте-десте. Ізгілікті іс-шаралар, алуан-алуан акциялар, “дөңгелек үстелдер” сияқты тірліктері аз емес. Алайда, көші-қонның “шымкенттік варианттарының” бар-баршасын олар қамтып қарастыруға қауқар­сыз. Көп нәрсе олардың да, басқалардың да қатысуымен де, еріктерінен тыс та жүзеленуде. “Нұрлы көшіңізден” әлдеқайда басым көштер келуде. Өзбекстаннан да, өзге стандардан да. Шымкентке ғана емес. Бүкіл Оңтүстікке. Мақ­­та­арал, Сарыағаш, Сайрам секілді аудан­дардың әрқайсысының тұрғындары үш жүз мыңның арғы жақ, бергі жағында. Облыс орталығына сонау Созақ пен Отырардан, Бәйдібек пен Түркістаннан, Мақтарал мен Шардарадан, Сарыағаш пен Қазығұрттан, Ор­дабасы мен Арыстан, тіпті тиіп тұрған Түл­кібас пен Төле биден де қоныс аударушылар жүдә көп. Ал Сайрамыңыз бірер жылда Шым­қаламен түгелдейін тұтасар. Көші-қоныңыздың айрықша ағыстары мен толассыз тасқындарына орай жоғарыда келтірілген және келтірілмеген шағындары­ңыздың, бүкіл Шымкентіңіздің шырылдары мен өзекжарды мәселелері мөлшерлерден асып-төгіліп, өлшемдерді басып-жаншып, өрши түсетіні түсінікті емес пе? Мөлшерлер мен өлшемдерден асқан нәрселердің не күйге ұшырайтынын хакім Абайыңыз айтудайын айтып-ақ кеткен еді ғой. Осындай-осын­дайдан Оңтүстігіңізде түсініксіздеу құбылыстар қатпарлана қалыңдап, барған сайын қабындап кетпей ме? Асқынып жүрмей ме? Онсыз да Оңтүстігіңізден, Шымкентіңізден өзге өңір­лер­ге ағылып барып, төгіліп түсіп, жұмыс із­деушілер, шікәмшілдердің шекелерін шибар­қыттандырушылар еселенуде емес пе? Әрбір алтыншы қазағыңыз шымкенттік алтын құр­сақтан шыққандықтан, Астанада да, Алматыда да, Қостанай мен Қарағандыда да, Атырау мен Ақтауда да, Ақтөбе мен Оралда да, Павлодар мен Петропавлда да, Семей мен Өскеменде де, басшы бола ма, қосшы бола ма, етікші мен егінші, кеденші мен кетпенші, полицей мен пойызшы, көше сыпырушы мен қар күреп, мұз оюшы бола ма, иә-иә, әйтеуір әрбір алтыншы қазекең Шымкент жақтанбыз десе, тереңірек түсінгейсіздер, қаттырақ қуанғай­сыздар деп-ақ жүрміз ғой. Әлсін-әлсін қай­талап. Әдейілеп еске сап. Бұл жолы қайта­лауы­мыздың себебі сол көші-қонның күпті-күрделі қиындықтарына, Шымкент шекара­ларының шектен шығып, шошитындай дали­ып үлгергеніне байланысты. Біле білсеңіз, тұр­ғындары миллионға жетіп, күн сайын көбейіп, түн сайын толығып жатқан Шымкенттейін шаһарға түбегейлі түсіністікпен, жан-жақты жа­нашырлықпен қарамақ ләзім-дүр. Келе­шектің көкжиегі, ұлт пен ұрпақтың болашағы тұрғысынан топшыласаңыз, отандас-оралман­дарды байтағымыздың өзге өңірлеріне басы­мырақ қоныстандырмаққа, “Нұрлы көштің” де, өзге көштердің де бағыт-бағдар­ларын бас­қа да айналайын аймақтарымызға басымырақ бұрмаққа баса маңыз бермек керек-ақ. Шымкентшырыл. Сөзіміздің бісмілласы­нан байқалғандай, бұрыннан-ақ қалаңызды қызғыштай қорғаушы ек. Көбінесе. Бұл жолы басқашалау байыптамақ болдық. Шымкентіңіз үлкен-үлкен мінберлерден үшінші шаһар делінеді. Елбасыңыздың өзі де осылай меңзеп жүр. Сондай сенім үдесінен көрінбесе, ұят шығар. Өкінішке қарай, “миллионер” қала­ңыздың мұң-мұқтажы мың қабат. Әлеуметтік әулекіліктер мен әсіреңкіліктердің кей рет­терде күрделене үдеуі хақында, әділеттіліктің әр-әр жерлерде әркіл-тәркілге түсірілетін жағдаят­та­ры жөнінде реніш білдіретіндер аз дей алмай­сыз. Мәдени-рухани мәністердің мәнжуленген жақтары, түйінделген түйткілді тұстары түйдек-түйдек. Бір ғана мысал. Облыстық қазақ драма театрының “ауа райы” оңалмай-ақ қойды. Не директор, не бас режиссер тұрақтамауға айнал­­­ды. Опера және балет театры қаз-қаз қадам­дамай жатып-ақ, қатты сүрінді. “Қыз Жібек” операсын әзер қойғанда, Жібекті Сансызбайға қосқандарын жорта қуаттағандай кейіп көрсеткен жұртты жадырата алмай келеді. Мәдени мекемелер, өнер ордалары өнеге алар­лықтай биіктерде болмаққа тиісті классикалық қос шаңырақ шатқаяқтай берсе, қалғандары қайтпек? Жал­пы, жалпайып, етек-жеңі далиып кетіп бара жатқан, шағын дейтұғын аудан-аймақтары жыл санап, көшелері күн санап, үй-жайлары сағат санап көбейетін Шымқалаңызда мәдени-ағарту мекемелері аса қат. Әсіресе, әлгі шағындар мен мөлтектерде, шет-шелшең мекендерде мәдениет және өнер орындары мұқым-мүлде жоспарланбай, бірлі-жарымы да салынбай ұмыт қалуда. Күні ертең-ақ шырыл қаққан шағындарда да жағдай жақсарар. Мәдени-рухани орындар іздеп, кітап әлемін, өзге де көркем әлемді аңсайтын адамдар кө­бейер. Сонда қайтпекпіз? “Осындай-осындай­ларды емес, тек өздерінің жеке қамдарын ойлап, шексіз байымаққа құнығу басым. Бәзбір басшыларда және кейбір қосшыларда”, – деп “Егемен Қазақстанның” арнаулы тіл­шісіне қо­ңырау шалатындар да табылатынын ескертке­німіз жөн шығар. Ділдік, тілдік, діндік деңгей­лерде дендеген ділгірліктер дертіп жатыпты. Білім беру мекемелеріндегі, әсіресе, мектеп­тердегі тәлім-тәрбиеде орын алып жүрген олқылықтар опыныстарға ұрындыруда. Кей ұжымдардағы кикілжіңдер, оқушылар арасын­дағы бұзақылықтар мен қылмыстардың өршуі – өз алдына бөлек әңгіме. Қалаңызда қамқор­лыққа зәру, панасыз, қаңғыбас балалардың қатары артқанын күні кеше телеарнадан да көрсетті. Иә, Шымкентіңіздің шырайлы, жағымды жақтары жеткілікті. Өркенді, өрісті істері ілкімді. Жетістіктерін ешкім жоққа шығармас. Алайда, ұнамсыз ұңғыл-шұңғылдарын жасы­рып-жаппақтан ұтылмасақ, ұтпаспыз. Сына­ғанды ешкім жақтырмас. Ірілі-ұсақты тізгінші тұлғаларыңыздың түгелі дерлік мақтамақты жаратар. Қай тараптан да. Баспасөзден де, басқа сөзден де. Сіз бен біз де сынап-міне­генді көтере алмауға ауыңқырап алғандаймыз. Ойға салып, өзіңізге-өзіңіз үңіліңізші. Мойындайсыз-ау. Ерендеріңіз түгілім, ең ақыры жас өскін өрендеріңізге ескертпе жасасаңыз-дағы, шытынап, шыртылдап шыға келетінін көріп жүрсіз. Бәрібір, шын сын кім-кімге де аса қажет-ақ. Онсыз болмайды, ағайын. “Сен жақсы, мен жақсымен” мәзден­бек, жауырларды жаба тоқуыңыз жақсылыққа апармас. Түптің түбінде. Жоғарыда аталған және аталмаған кемшіліктердің көпшілігіне тек қана басшылар кінәлі һәм күнәкар демектен аулақпыз. Шымкентшырылға құлақ қоймақ, жауапкершілікті жоғарылатпақ – баршамызға парыз. Шыдайды Шымкент. Шыртылдамайды Шым­кент. Шытынамайды Шымкент. Шенқұ­мар­лан­байды Шымкент. Шаршамайды Шымкент. Шынайыланады Шымкент. Шырайланады Шымкентіңіз. Мархабат БАЙҒҰТ.