19 Қазан, 2010

Дұрысы қайсы, бұрысы қайсы?

529 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мәселенің мәнісі Кешегі Семей атом полиго­ны­ның астанасы Курчатов қаласында жиі болып тұрамыз. Өйткені, атом­шылар қаласы жаңалық, өзге­рістен кенде емес. Еліміз егемен­дік­ке қол жеткізбей тұрып-ақ ажал аждаһасы атанған мұндағы атом полигонының Елбасы Жар­лы­ғы­мен жабылып тынғаны, ал тәу­елсіздікке қол жеткізгеннен бер­гі жерде тағы да Мемлекет бас­шы­сының шешімімен Курча­тов­тағы зор әлеует бейбіт мақсатта жұ­мыс істей бастағаны баршаға мә­лім. Атомшылар қаласындағы содан бергідегі атқарылған жұмыс­тар туралы ел газеті “Егеменде” аз жазылған жоқ. Бірақ, өкінішке қарай, жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты демекші, соңғы кезде қай­сыбір басылымдар тарапынан Ұлт­тық ядролық орталық басшыла­рын жөнсіз жазғырып, қаралаған материалдардың жиілеп кеткені ойлантпай қоймайды. Десе де бұл арада біз төрелік айтудан аулақ­пыз. Әйткенмен, тілші қосынына әлгіндей оспадар сындарға ашын­ған атақтарынан ат үркетін бір топ атомшы ғалымдардың атынан хат келіп түскенде барлық мән-жайды көріп, біле жүріп тасада бұғып қалғанды жөн көрмедік. Әлгі хатқа қол қойғандардың арасында рес­публика Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаттары Ғ.Батырбеков, А.Дүй­себаев, Ж. Жотабаев, О.Мак­сим­кин сияқты есімдері бел­гілі ға­лым­дар бар. Мұның ең бі­ріншісі ке­зін­де осы Ұлттық ядро­лық орталығын басқарғанын да білеміз. Солай дей тұрғанмен, шын­дық­ты мойындауымыз керек, білмейтін жайттарымыз да жоқ емес екен. Бақсақ бақа екен де­мек­ші, әлгі білікті ғалымдардың ай­туынша, мәселе мынада. Яғни, жа­лаң қылыш журналист әріптес­теріміздің артында кезінде аталған орталықта өздеріне тапсырылған істі жеріне жеткізе алмағандығы үшін жұмыстан шеттетілген жан­дар тұрған көрінеді. Ал басқаның қолымен от көсегісі келгендер он­сыз да бейбіт заманда қырық жыл қырғынды кешкен жергілікті тұр­ғындардың зәресін ұшырып, бе­рекесін қашырып жатқанын сез­бейтін секілді. Полигон жағынан төнген қатер бұлты енді ғана сей­ілген шақта елді бұлайша әбігерге салудың жөні қайсы? Осындай мазмұндағы мақаласымақ авторла­рының қай мәселеде болсын бі­лікті ғалымдарға ақыл айтуға тырысып бағатынын қайтерсің! Тіпті, олар қыза келгенде Ұлт­тық ядролық орталығының бас ди­ректоры, академик Қайрат Кә­дір­жановқа радиациялық қауіпсіздік аймағын қайта қарап, ядролық сынақтардан зардап шеккендер са­нын азайтуға тырысып бағуда деген кінә та­ғыпты. Бұл енді нағыз жаптым жала, жақтым күйе дейді ғалымдар. Өйткені, осыған орай қабылданып кеткен заң­ды өзгертуге ешкімге жол берілмейтіндігі айт­паса да түсінікті. Ал шын мәнінде бұлар сан мыңдаған адамдарды заңмен белгіленген же­ңіл­діктерден айыру ем­ес, қайта атом дертіне мейлінше шалдыққан жандарды одан айықтыру мақ­са­тымен қо­сым­ша шаралар жүргізу жағында. Әлгіндей мақалалардағы одан кейінгі басты сын Семей сынақ по­лигонының иелігінде болып кел­ген жерді шаруашылық айна­лы­мына қайтару жөнінде туындап отыр. Мақала авторлары осы ор­ай­да бұл мәселеде тағы да еште­ңенің байыбына бармастан мұны Ұлттық ядролық орталықтан шық­қан әсіре белсенділік ретінде көр­сетіп бағуда. Ал шын мәнінде по­лигонға қарасты жерді біртіндеп ауыл шаруашылығы мен өндіріс қажетіне қайтару туралы мәселе тарапынан Ұлттық ядролық орта­лық құрылғанға дейін көтерілген екен. Ал 1994 жылы ол үкіметтік деңгейде талқыланыпты. Онда да бұл жерді жаңадан құрылған орталық тексеріп болғанша пайдалануға тыйым салыныпты. Бір сөзбен айтқанда, орталық­тың жерді қайтарып, айналымға енгізу жөнінде шешім қабылдауға ешқандай құқығы жоқ. Ал өзде­ріне жүктелген міндетке орай бұ­лардың тарапынан тексеруден өткен жерді пайдалану жөніндегі ұсыныс ең алдымен эксперттік комиссия тарапынан зерттеледі. Ал түпкілікті шешімді республика Үкіметі содан кейін ғана айтады. Хатқа қол қойған ғалымдар осы­лай дей келіп, бұрын полигон ие­лігінде болған жерді зерттеу жай­ына кеңінен тоқталыпты. Онда осыған дейін айтылып келген құрғақ байбалам сөздерге ғылыми түрде тойтарыс берілген. Дәл осы арада елді дүрліктіре бастаған дау- дамайға кімдердің түрткі болып отырғаны да айтылмай қалмаған. Біздің естіп, білуімізше орталық тарапынан бұрынғы Семей атом полигонына қарасты жердің 97 пайызы зерттеліп, тексерілген бол­са, ал соның 93 пайызы пайда­ла­нуға жарамды екен. Ендеше, бүй­рек­тен сирақ шығару кімге тиімді? Келер жылы ел тәуелсіздігімен бірге Семей атом полигонының жабылғанына жиырма жыл толуы да кеңінен атап өтілмек. Бүгінгі күні әлемдік қауымдастық елімізді қауіпсіздік мәселелеріне байла­ныс­ты жаңа тұрпатты мемлекет ретінде мойындап отыр. Ендеше, тырнақ астынан кір іздеуіміздің жөні қайсы? Жоғарыда айтқандай бейбіт заманда қырық жыл қыр­ғын­ды кешкен ел тағдырымен ой­науға болмайды деп есептейміз. Одан да бұрынғы полигон аста­насы Курчатов қаласының бүгінгі тыныс-тіршілігіне үңіліп, бары­мыз­ды базарлай білейік дейміз. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы. Суретте: полигон аймағы ұдайы тексеріліп, зерттеліп келеді.