19 Қазан, 2010

Аққу рухты ақын

635 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ақынын әспеттеудің, қаламгерін құрметтеудің әдемі үлгісін Астана қаласы әкімдігі көрсетті. Конгресс-холл сарайында қазақтың аққу рухты айтулы жыр дүлдүлі Несіпбек Айтұлының мерейтойына арналған кеш өтті. Кештің салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Құттықтау хатын Президент Әкімшілігі Кеңсесінің басшысы М.Қасымбеков оқып берді. Бұдан кейін көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков інісі туралы ағынан жарыла ағыл-тегіл сөйлеп, қай заманда да басшы-қосшы ақынын ардақтағанын, ұлы жыраулар хан тізесін басып, халқының сөзін сөйлегенінен мысалдар келтіріп, Несіпбектің соңғы кездегі қалам қарымына ерекше тоқталды. Әсіресе, арғы-бергі тарихты қозғап, қазақтың бір тұтам жерін жауға бастырмай қорғаған баһадұр батырлар, ел тұтастығын, жұрт бірлігін сақтаған алып ойлы данышпандар, өзге де ұлықты істер туралы жазған дастандар тақырыбының аясын кеңейте келіп, бүгінгі тәуелсіздікпен ұштастырып, отаншылдық рухыңды көтеретін, ұйқылы-ояу санаңа сәуле түсіретін кесек-кесек туындылармен ұштастыра білуі, бұл оның кемел дарын иесі, тума талант екенін дәйектейтін дәлелдерді поэмаларынан үзінділер келтіре отырып алға тартты. Сондай-ақ, композиторлармен бірлікте, әсіресе Алаштың Ақселеуімен бірлікте жазған “Сарыарқа”, “Дәурен-ай” әндерінің сөзіндегі “Шапқан аттай, атқан оқтай, дәурен-ай!” дей келіп “Жез киігім, жер күйігім, абыз дала, қобыз дала” деп келетін тұстардың және Тұрсынжан Шапай екеуі “Дариға дәурен”, “Арман” атты керемет ән тудырғанын айтып, “Аққудың көз жасындай көлге тамған, жанымды тербетесің шерге толған” деп келетін екі жол өлеңнің өзегіне қаншама жан тебірентер көріністің сыйып тұрғанын атап өтті. Осы сәт қазақтың төрт құбыласын түгел жырға қосқан ақын інісі туралы шын сөзін айтқан тұста “Ауылын пенделіктің жағаламай” деп ағалары туралы ойын бүкпесіз жеткізген жыр дүлдүлінің дара талантына жиылған халық риясыз тәнті болды. Ақындығын былай қойғанда, алты белестің биігіне енді шыққан ол немерені қойып, шөбере сүйгенін естігенде Несіпбек Айтұлы ұлт руханиятына өлеңнен ғана олжа салуын қоймай, қазақы қалыпты бұзбай ұрпақ өсіруден де көшілгері екеніне куә болдық. Ақынға Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, Алматы облысының әкімі С.Үмбетов арнайы құттықтау жолдап сый-сияпат жасады. Кештің бір ерекшелігі, мақтау мен мара­пат­таудың орнын ақынның жыры, оның сөзіне жа­зылған әндер басты. Т.Рахимов, Р.Стамғазиев, Е.Шү­кімәнов ән әуелетсе, белгілі әртістер Б.Әбділ­­манов, С.Мерекенов, өзге де өнер иелері жұрт­шы­лықтың дән ризалығына бөленді. Соңында ме­рей­той иесі сөз алып, өзін өмірге әкелген Аллаға, қазір шөпшек сүйіп отырған ата-анасына алғысын білдіріп ел-жұртына басын иіп, ілтипат танытты. Сүлеймен МӘМЕТ.