19 Қазан, 2010

Өнер жұлдыздарының бастамасы

522 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында Көкшетау республика­мызға танымал өнер жұлдыздарына қошеметпен қол соқты. Елімізде жұртшылық көңілінен шыққан “Бірлігіміз жарасқан!” акциясының бұл жолғы қонақтары белгілі сазгер, Қазақстанның халық әртісі Марат Омаров, халықаралық байқаулардың лауреаттары, эстрада әншілері Мар­жан Арапбаева, Артем Романов, Евгений Шахрай, “Шалқыма” ха­лықтық би ансамблінің, “Бәйтерек”, “Ринго”, “Дауыс интернешнл” топтарының мүшелері болды. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі, “Қазақ әу­ендері” акционерлік қоғамы “Қа­зақстанның азаматтық Альянсы” жә­не Ақмола облысы әкімдігінің қол­дауымен ұйымдастырған акция об­лыстық ішкі саясат басқармасындағы баспасөз мәслихатымен басталды. Ме­кеме басшысы Гүлжанар Шө­ке­е­ва қонақтарға астаналық облыстың мәдениет пен өнерді дамытудағы озық дәстүрлері жайында әңгімелеп, өнер саңлақтары сапарының ма­ңыз­дылығын атап көрсетті. Ал, бұ­қа­ралық сипаттағы акция шеңберінде елуден астам ірі шара өткізіліп, оған облыс тұрғындары белсене қатысқан. “Қазақ әуендері” АҚ президен­­тінің орынбасары Данияр Дүйсенов бүгінгі автокеруеннің мақсаты үкіметтік емес ұйымдардың еліміздегі әлеуметтік бағдарламалар шеңберін кеңейтуге әсер-ықпалын күшейту екендігіне назар аударды. Бұл орайда өнер жұлдыздарының бастама көтеріп отырғандығы қозғалыстың табысты болатындығын айғақтайды. Марат Омаров Біржан сал, Ақан сері, үкілі Ыбырайдың қайталанбас әншілік мектебі, бүгінгі ұрпақ тәр­биесі тақырыбында толғанысты әң­гіме қозғады. Көкше мен Қараөткел жерлерінде халықтық мәдениеті­міздің құндылықтары қалыптасқан. Оны жетілдіру мақсатында әнші-сазгер Астанада үлкен өнер орта­лығын ашып, республикамыздың түкпір-түкпірінен талантты жасөспі­рімдері тәрбиелеп жатыр. Алдағы кезде олардың қатарында ақмолалық дарындылар да болатыны анық. “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы­ның мүшелері “Бурабай” әмбебап спорт сарайындағы иін тірескен халық алдында концерт қойды. Көкшелік өнерпаздар да айтулы шеберлердің қолдауымен сахна шырайын аша түсті. Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.