19 Қазан, 2010

Темірхан ДОСМҰХАМБЕТОВ, Туризм және спорт министрі: Еркін күрес еңсесін қашан көтереді?

842 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
ХХ ғасырдың 50-60-шы жыл­дарында Қазақстанда дене шы­нық­тыру мен спорт енді бел алып, дами бастаған кезеңде еркін күрес ше­бер­лері көштің алдында жүрді. Қабден Байдосов, Әбілсейіт Ай­ха­нов, Амангелді Ғабсаттаров, Алек­сей Семкин, Аманжол Бұғы­баев­тың есімдері бүкіл елдің ау­зын­да аңыз болып айтылды. Осы азамат­тарға еліктеп, мыңдаған бала кү­рес­ке бет бұрды. Ол кезде қазіргі­дей аумағы атшаптырым залдар жоқ: ауыл бала­сы көк майсада, киіз­дің үстін­де, болмаса еденге мат­рац төсеп күресе беретін; қала­ның балалары шағын спорт мүйіс­т­ерінде белдесті. Сондай жағдай­дың өзінде қазақ жастары Кеңес Одағындағы күшті команданың бірі болды. Петр Мату­щак бапта­ған Қазақстан құра­масымен бүкіл Одақ санасушы еді. Кейін құрама тізгінін Қабден Бай­досов ұстады. Мық­тылар лек-легі­мен шығып жатты. Даңқты түйе балуан Әбілсейіт Айханов үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьпен тең күрескен жалғыз балуан болса да Мәскеудің іштарлығынан әлем, Еуропа чемпионаттарына қатыса алған жоқ. Әбекең КСРО халық­та­ры спартакиадасының жеңім­пазы атанған бірінші қазақ балуа­ны. Ер­кін күрестен КСРО чем­пио­ны бол­ған Амангелді Ғабсаттаров пен Ке­ңес Одағының чемпионы, небір Олим­пиада, әлем чемпион­да­рын таза жыққан Аманжол Бұ­ғы­баевты Одақ бапкерлері ең бол­маса Еуропа чемпионатына да апар­­мады. Кеңес Одағы бұлардан бас­қа талай тар­лан­дарымыздың бағын байлады, аяғына тұсау сал­ды. Ал тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылдай уақытта еркін күресте неге жарқырай алмай жүр­міз, бізді кім тұсап отыр, деген сауал қазақ спортының жанашыр­ларын маза­лайтыны анық. Осынша байтақ даланы ақ найзаның ұшы­мен, ақ білектің күшімен қорғаған батыр әрі балуан бабалардың бүгін­гі ұр­па­ғына не болды? “Қазақ спор­ты” газетінің 2010 жылғы 5 қазан­дағы нөмірінде “Күрестен әлем чем­пио­ны қашан шығады?” деген проб­лемалық, тал­дау мақала жария­ла­дық. Сонда грек-рим кү­ресінің елдегі даму барысына тоқ­талдық. Бұл саланың бапкерлері 1999 жыл­дан бері ересектер ара­сын­да әлем чем­пионын баптамаған бол­са, ер­кін күрестегі жағдай тіпті ауыр. Жар­ты ғасырдан артық та­рихы бар Қа­зақстанның еркін күре­сі шежі­ре­сінен ересектер арасын­дағы бір­де-бір әлем чемпионын таба ал­май­сыз. Ащы да болса, шын­дық осы. Мен спорттың өз адамымын, жаттықтырушылық қызметтен бас­тап Алланың жазуымен министр дәрежесіне жеттім. Еркін күрестің жағдайы басшы ретінде ғана емес, өз Отанымның азаматы ретінде жаныма қатты батады. Сондықтан да өткен жолы грек-рим күресінің, бүгін еркін күрестің жағдайын ашық айтып, барын бар, жоғын жоқ деп жазуды жөн көрдік. Себе­бі, шындық ерте ме, кеш пе, бәрібір айтылады. Өткен жолы грек-рим мен ер­кін күрес балуандарының тәуел­сіз­дік жылдарында әлем чем­пионат­тары мен Азия ойындарындағы нәтижелерін салыстырдық: грек-рим құрамасы бұл көрсеткіштер бо­йынша еркін күрестен көш іл­гері екен. Енді 1993 жылдан бергі Азия чемпионаттары бойынша тағы бір таразылап көрейік. Грек-рим күре­сінің жігіттері 17 жылда - 25 алтын, 21 күміс, 22 қола ме­дальға ие болса, еркін күрестің үле­­сінде небары 8 алтын, 13 күміс, 18 қола жүлде бар болып шықты. Бапкерлік құрамы мықты команда 8 алтынды 4-5 жылда жеңіп алады. Біздің жігіттер оған 17 жыл жұм­сапты. Ал төрт бір­дей Азия ойын­да­рындағы бір-ақ алтын жүлде (Мәу­лен Мамыров, 1994 жыл) бұл құраманың әлсіз­дігінің нақты дәлелі. Сонда қалай, грек-рим құрама­сы­нан осынша артта қалатындай еркін күрестегі азаматтарға не бол­ды? Әлде республика көлемінде ер­кін күреспен шұғылданушылар қатары аз ба? Көңілде күмән ту­мауы үшін нақты статистикаға жү­гініп көрейік. (Қараңыз, 1-кесте) Өздеріңіз көріп отырсыздар, Қазақстанда еркін және әйелдер күресіне ден қойған спортшы­лар­дың саны 20 036 адам. Әйелдер кү­ресі енді-енді қанат жайып келеді. Сондықтан 20 036 адамның басым көпшілігі ер балалар мен жігіттер екені даусыз. Грек-рим күресінде 10 677 спортшы. Еркін күресшілер шамамен екі есе көп. Грек-римде 411 жаттықтырушы қызмет істесе, еркін күресте 736 бапкер бар екен. Ен­ді не жетпейді? Қос құрама ке­йінгі жылдары қаражат жағынан таршылық көрген жоқ. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығының арқасында спорт саласының қаржысы жыл санап өсіп келеді. Олай болса, еркін кү­рес неге өрге баспай отыр? Біздің ойы­мызша, бұл саладағы жаттық­тырушыларда ізденіс жоқ, қазіргі спорттың ғылымсыз алға бас­пай­тынын олар қаперден шығарып алған тәрізді. Оның үстіне “бізге бү­кіл ел қарап отыр-ау, әлем чем­пионатында жылда жығыла берген ұят” деп, 17 жылда шындап бір серпілуге жарамаған құрамадан не күтуге болады? Кезінде біз де жаттықтырушы болдық. Алматыдағы ҚазМУ-дің бір ғана самбо тобынан Кеңес Ода­­ғының, Еуропаның, әлемнің чем­пиондарын баптап шығардық. Осы бір ғана топпен Қазақстан чем­пио­натында командалық бас жүлдені талай рет жеңіп алдық. Бір балуан­ның бір әдісін жетілдіру үшін сағат­тап, апталап, айлап тер төге­тін­біз. Күніне 6-7 сағат жат­тығу жа­са­дық. Тамағымызды спорт залын­да ішкен күндеріміз болды. Мықты шәкірт­теріміз өздерінің оң­тайлы әдістерін кез келген жағ­дайда мүл­тік­сіз орындауы үшін аян­ған жоқ­пыз. Ол кезде қазіргі­дей шетелге көп шыға алмайсың. КСРО құра­масына ену, онда беку дегеніңіз өте ауыр жол-тын. Соған қара­мас­тан, әлемдегі ең мықты деген мемле­кеттің самбо құра­ма­сында бірнеше шәкіртім бол­ды. Кеңес Одағының дзюдо чемпио­нат­тарында да жүл­дегер атандық. Мұны мақтану үшін айтып отыр­ған жоқпын. Жас­тарға үлгі болсын деймін. Қазіргі мықты деген еркін күрес балуан­дарының адам сүй­сі­не­тін оңтайлы екі-үш әдісін көр­мейсің, қарсы­ласымен ырғасып, жұлқысып, тіресіп жүр­ген­деріне мәз. Бұл бап­керлердің твор­­чество­лық қабілеті­нің төмен­дігін, ізде­ністің кемдігін білдіреді. Қазақстан құра­масындағы балуан­ның кем де­генде оңтайлы екі-үш әдісі болуы керек. Оңтайлы әдіс – балуанның басты қаруы. Мұндай қаруы жоқ балуан алысқа бармай­ды. Спорт­шы­ның оңтайлы әдісі спорт мек­тебінде жүр­генде қалып­таса бас­тауы қажет. Жастар құра­масына жеткенде бұл әдіс біршама жетіліп, ұлттық құра­маға енгенде алмас қы­лыш­тай лы­пыл­дап тұруы керек. Бұған қоса спортшының күш-қуа­ты, төзімділігі, психоло­гиялық дайын­дығы тиісті деңгейде болса, мұндай балуан намысты қолдан бермесі анық. Біздің еркін күрес құрамасы қыркүйекте Мәскеуде болған әлем чемпионатында үмітті ақтамады. Абдулхаким Шапиевке (Батыс Қа­зақ­стан, 74 кг.) бұйырған жалғыз қола медаль қай жыртығымызға жамау болады? Құрама бапкерлері сенім артқан Дәулет Шабанбай (Алматы қаласы, 96 кг.) бірінші белдесуде-ақ иран балуанынан жығылып қалды. Аслан Жанаханов (Астана, 55 кг.), Абылай Телтаев (Алматы облысы, 60 кг.), Ақжүрек Таңатаров (Жамбыл облысы, 66 кг.) және Марид Муталимов (Маң­ғыстау облысы, 120 кг.) бірін­ші қар­сы­ластарын ұтып, екінші бел­десуде сәтсіздікке ұшырады. 84 килодағы Қанат Бердиев (Маңғыс­тау облысы) алғашқы екі балуан­нан басым түскенімен, үшінші қар­сы­ласынан ұтылды. Мұндай жағ­дайда не айтуға болады? Құра­ма бапкер­лері жылда “алдағы жы­лы ілгерілеу болады”, деп уәде береді. Көптің назарында, күрестің соңын­да жүр­ген азаматтар болған соң сөздеріне сене­сің, алтын бас­тарын сыйлай­сың. Ал бір жыл емес, бес жыл емес, 17 жылда бір қа­зақ балуаны әлем чемпионы болу­ға жарамаса, төрт бірдей Азия ойын­дарында Мәулен Ма­мыров­тан (Ал­маты облысы) басқа алтын жүлде­гер болмаса, қалай ашынбайсың. Қазақстан құрамасының са­пын­­да әлем чемпионатында бел­дескен жігіттердің қимылдарына қарап оты­рып, біздің ұлттық чем­пионат­тың деңгейі төмен еке­ніне күмән келтір­мейсің. Егер ел чем­пионаты­ның деңгейі жоғары бол­са, балуан­дардың шеберлігі соған сай дәреже­де болар еді. Ал ұлттық чемпионат дегеніміз елдегі 14 об­лыс пен Аста­на, Алматы қала­лары спортшылары арасын­дағы бәсеке. Аймақтар әлсіз болса, ұлт­тық чем­пионат әлсірейді. Аймақтар күшейсе, ұлттық чем­пионаттың қуа­ты артады, ұлттық құрама кү­шейеді. Еркін күрестің аймақтар­дағы даму деңгейіне баға беру үшін құрлық чемпио­нат­тарын­дағы нәтижелері­міз­ді саралап көре­йік. 1993-2010 жылдар аралығында ересектер ара­сын­дағы Азия чем­пио­­наттарында М.Муталимов (үш рет), М.Ма­мыров, Н. Қатаев, И.Бай­­­рамуков, Л.Спи­ридонов, И.Жа­брайылов се­кіл­­ді балуандар ғана алтын медальға қол жеткі­зіпті. Спортшыларының қатары мол, бапкерлері жеткілікті Оңтүс­тік Қа­зақ­­стан, Ақтөбе, Ақмо­ла, Аты­рау, Қос­танай, Солтүстік Қа­зақ­стан, Пав­­­лодар облыстары тә­лім­гер­лері­нің 17 жылда бір Азия чем­пионын баптауға жарамаған­дарын немен ақтауға болады? Енді аймақтардың кейінгі үш жылдағы Азия чемпионаттарында көрсеткен нәтижелеріне назар салайық. (Қараңыз, 2-кесте) Осы жерде алдағы қарашада Гуанчжоуда өтетін жазғы Азия ойындарына кімдер баруы мүмкін, деген сауалға жауап беріп көрейік. 55 кило – Д. Ниязбеков (Қызыл­орда облысы), Р. Қалиев; 60 кило – Д. Жұмағазиев (Алматы қала­сы), А. Телтаев (Алматы облысы); 66 кило – Л. Спиридонов (Ас­та­на), А. Таңатаров (Жамбыл облы­сы); 74 ки­ло – А. Шапиев (Батыс Қазақ­стан), С. Османов (Қараған­ды облысы); 84 кило – Е. Бай­дуа­шев (Оңтүстік Қазақстан); 96 ки­ло – Т.Ти­гиев (Батыс Қазақ­стан), Н.Қа­таев (Қарағанды облысы); Азия чемпионаттарындағы жағ­дайымызға қанық болдыңыздар. 2008 жылғы Олимпия ойын­дарын­да батысқазақстандық Теймураз Тигиев күміс, маңғыстаулық Ма­рид Муталимов қола медаль алға­нын білесіздер. 2009 жылғы әлем чем­пио­натында астаналық Леонид Спи­­ридонов қола жүлдегер атан­ды. Ал биылғы қыркүйектегі әлем чем­пионатында біздің құрама ме­даль жағынан Қырғызстанмен тең түсті. Қос қола медальді қанжығаға бай­лаған кішкентай ғана Грузия біздің алдымызда тұр. Бір алтын, үш қола медалі бар Әзірбайжан шаңын көрсетпей кетті. Бұл жағдай күрес десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерді, спортқа жаны ашитын маман­дарды қанағаттандыр­майтыны анық. Өз­деріңіз көріп отырсыздар, кейінгі үш жылдағы Азия, әлем чем­­пио­нат­­тарында, Олимпия ойын­­­да­рында көп облыстың қор­жыны бос. Қарап отырсақ, бізде еркін күресті өз деңгейінде дамы­тып отырған бірде-бір облыс жоқ екен. Менің айтайын дегенім: бала­лар спорт мек­тебі – спорт ин­тернаты – олим­­­пиялық даярлық орта­лығы – жо­ғары спорт шебер­лігі спорт мект­ебі – ұлттық құра­ма жүйесін саты­лап құрып, Қазақ­стан құрамасын мықты балуан­дар­мен қамтамасыз ету. Об­лыс­тардың спорт басшы­лары осы жағын неге терең ойла­майды? Әр облыс 6-7 спорт түріне ен салып, даму жүйе­сін қалып­тас­тырса, Қазақстан спор­ты кәдімгідей алға басар еді. Аймақ­тардың спорт жетекшілері маман мәселесіне қат­ты мән беру­лері керек. Мысалы, Ре­сейдің Крас­нояр қала­сында әлем­­­­­ге әйгілі еркін күрес бап­кері Дмитрий Мин­диашвили тұрады. Миндиаш­вили өзінің күрес мектебі арқылы бірнеше Олимпиада және әлем чемпиондарын баптап шығар­ды. Оның төл шәкірті Бувайсар Сай­тиев – Олимпия ойындарының үш дүркін жеңімпазы, дүние жүзі­нің алты мәрте чемпионы. Біздің об­­лыс­тардағы спорт жетек­шілері осындай жаттықтырушы іздеулері керек. Он, он бес жылда бір Азия чем­­­­пионын дайындамаған жаттық­тырушыдан үміт күту қиын. Мен біздің аймақ­тардағы спорт басшы­лары кадр танымай ма деп қауіпте­немін. Бол­маса, ел намысына, ай­мақ мүддесіне немқұрайды қарайды. Әйтпесе, біздің кейбір облыс­тар халқының саны, жерінің ау­ма­ғы, эко­номикалық қуаты жағынан Еу­ро­па мен Африкадағы шағын мем­ле­кеттерден артық болмаса, кем емес. Мысалы, 2,5 млн. халқы бар Ямай­­ка мемлекетінің желаяқ­тары Олим­пия ойындары мен әлем чем­пио­наттарында 6-7 ме­даль­ға дейін ала­ды. 2 млн. халық мекен­дейтін Моң­ғолия бокс пен дзюдоға қамшы бас­ты. Біздің облыстар бел­гілі спорт түр­леріне неге бетбұрыс жаса­май­ды?! 20-25 олимпиялық спорт түріне ша­шы­лып, ешқайсы­сынан дұрыс нә­ти­­жеге жете алмай отырған об­лыс­­тар қаншама? Бізде қатарынан үш-төрт Олимпиадада жүлде алма­ған облыстар бар. Әр облыс екі-үш спорт түрінен әлемдік деңгейде спорт­шылар баптаса, Қазақстан спор­­ты дүние жүзіндегі мықты деген 15-20 мемлекеттің қа­тарына еркін қо­сылар еді. Мысалы, былтыр ауыр ат­летикадан әлем чемпионатында ол­жалаған 4 алтын медальдің арқа­сында әлемдегі мойны озық 16 елдің қатарына қосылдық. Аймақ­тардың спорт жетекшілері, еркін күрес ма­ман­дары осы сыннан қорытынды шы­­ғарады деген ойдамыз. Еркін күрес барлық облыста бар. Рес­пуб­л­икалық деңгейдегі екі интер­натта, он облыстық интернатта еркін күрес бөлімдері жұмыс істейді. Мысалы, Оң­түстік Қазақстан об­лы­сында – 121, Алматы облысын­да – 80, Шы­ғыс Қазақстан об­лысында – 74, Ақ­тө­бе облысында – 70, Жамбыл об­­лысында – 66 еркін күрес бапкері тіркелген. Аталған облыстардың спорт бас­қар­малары осынша жат­тық­­тыру­шыны неге ұстап отыр, де­ген сұрақ туады. Егер нәтиже бол­са, бұл сауал­ды қоймаған болар едік. Мы­­са­лы, Астанадағы Қажымұқан атын­дағы спорт интернатының 5-6 жат­тықтырушысы грек-рим күресі­нен ұлттық құрамаға спорт­шы даяр­лау­да жемісті еңбек етіп келеді. Ә.Мәм­бетов, А.Кебісбаев, М.Әсем­беков, Д.Баяхметов, Ә.Иман­баев, Е.Қоңыратов секілді танымал бал­уан­дар осы интер­наттың түлек­тері. Творчестволық қуаты мол, жұды­рық­тай жұмылған шағын ұжыммен бір мемлекеттің намысын көтеруге болатынын ас­таналық бапкерлер дәлелдеп отыр. Біз мамандарды жөнсіз қыс­қарту керек деген ойдан аулақпыз. Кәсіби шеберлігі жоғары, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденіс үстінде жүретін жаттық­тырушыларды қолдап, қостағанға не жетсін. Ал жаттығу процесінің не екенін дұрыс білмейтін “маман­дарды” ұстаудың қажеті қанша?! Облыстық спорт басқармалары бі­лікті, жанашыр мамандардан ко­мис­сия құрып, жаттықтыру­шылар­ды аттестациялау ісін қолға алу­лары керек. Аймақтардағы ең таң­даулы жаттықтырушылар облыс­тық спорт интернаттары мен олим­пиялық ізбасарлар мектеп­терінде, олимпия­лық даярлық орталықтарында, жо­ғары спорт шеберлігі мектеп­терінде қызмет етуге тиісті. Жергілікті жауап­­ты адамдар бұл мәселеге жете мән берулері керек. Облыстық спорт басқармалары басым бағыттағы спорт түрлері қа­тарында еркін күрес мамандары­ның басын қосып, бар мен жоқты ек­шеп, нақты бағдарлама жасау­лары керек. Жасалған бағдарлама­ның орын­­далу барысы белгіленген мер­зім­де тексеріліп отырмаса, нәти­же бол­майды. Республикалық, облыс­тық спорт интернаттары мен олим­пиадалық даярлық орталық­тарында спортшыларды күреске талдау жасау­ға үйрету керек. Спорт интер­нат­тарын бітірген көптеген дарын­ды балалар қалаларда бас­пана мен тамақ жағынан қиындық көреді. Облыстардағы жауапты басшылар өздерінен шыққан та­лап­ты жастар­дың тізімін алып, олар­дың күресті сапалы деңгейде жалғастыруына жағ­дай жасауға тиісті. Аймақ же­тек­шілері еркін күрестің дамуын бір жүйеге келтір­мейінше ұлттық құра­маның жағ­дайы жақсармайды. Егер облыс­тар­да еркін күрес жүйелі дами бас­таса, республикалық олим­пиада­лық даярлық орталық­тары мен ұлттық құрамаға мықты балуандар көптеп келе бастайды. Ұлттық чем­пионат­тың сапасы көтеріледі. Ұлттық құрама күшейеді. Қадірлі ағайын, қазақ спорты­ның алтын бастауы ауыл екені белгілі. Бәріміз де ауылдан шық­тық. Облыс орталықтарында ауыл балалары үшін спорт интернаттары жұмыс істейді. Еркін күрестегі мақ­тан тұтар мықтылардың, ұлт­тық құрамадағы балуандардың басым көпшілігі ауыл азаматтары. Олай болса, Қажымұқан мен Әбіл­сейітке тартып туған өрендерді ауыл­дан да, қаладан да талмай із­де­геніміз дұ­рыс. Ел намысы бәрі­мізге ортақ. Олай болса, аймақ бас­шылары еркін күрестің жағ­дайына жана­шыр­лық танытып, бұл саланың ал­ға басуына ат­салысса, нұр үстіне нұр. Елдегі еркін және әйелдер күресімен шұғылданатын спортшылар мен жаттықтырушылар туралы мәлімет 1-кесте №            Өңірлер Спортшылар       Жаттықтырушылар саны      саны 1              Оңтүстік Қазақстан            2 986       121 2              Алматы 2 315       80 3              Шығыс Қазақстан              2 132       74 4              Ақтөбе 1 697       70 5              Жамбыл               1 635       66 6              Павлодар              1 387       39 7              Қостанай              1 271       36 8              Солтүстік Қазақстан          1 070       46 9              Қарағанды           1 031       37 10            Қызылорда          1 007       33 11            Алматы қаласы  813          40 12            Ақмола 712          22 13            Атырау 686          22 14            Батыс Қазақстан 670          29 15            Маңғыстау          477          13 16            Астана  147          8 Барлығы               20 036     736 2-кесте 2008                       2009                       2010 Маңғыстау          Муталимов          3              Муталимов          3              Муталимов          1 Алматы қ.            Шабанбай            3              Шабанбай            3              Семенов               2 Жұмағазиев        3 Қарағанды           -              -                                              Қатаев   2 Османов               3 Батыс Қазақстан                 -                              Шапиев                 2              -