Аймақтар • 12 Қазан, 2010

Ауыз су: Дерек пен дәйек

596 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

272 000 000 000 Өңір халқын ауыз сумен қамту бағдарламасына осыншама теңге қажет.

Өңірдегі коммуналдық құры­лым­дар бойынша жылумен қамту – 63, электрмен қамту – 70, ауыз су­мен қамту 64 пайызды құрайды. 2011-2020 жылдары ауыз сумен қам­тамасыз ету бағдарламасының жо­басын жасау қолға алынса, қа­жет­­ті қаржының 77 пайызы жеке құ­рылымдар есебінен жабылатын болып отыр. Алдағы жылдан қолға алы­на­тын бағдарламада коммуналдық желі­лер­ді ауыстыру мен жөндеу жұмыс­тарына барынша көңіл бөлінбекші. Сондай-ақ ауылдық және қалалық сумен қамту жүйе­лерін тексеру мә­се­лесіне де назар аударылған. Бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін 272 млрд. теңге қаржы қажет болса, ол бюд­жет пен ин­вестициялық тариф, тағы басқа көздерден жинақталмақшы.

Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. 

 

308 000 000 Ақмола облысында ұйымдастырылған 286 жәрмеңкеде осынша теңгенің жергілікті тауары төмен бағамен сатылды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас­ты­ғы Марат Қойшыбаевтың ай­туын­ша, тұ­тыну рыногындағы баға­ның не­гіз­сіз көтерілуіне жол бермеу мақ­са­тында құрылған штаб қайта өң­деу, сауда ұйым­дары басшылары­мен 90-ға жуық мәжіліс өткізіп, 248 меморандумға қол қойылған. Қазір 7000-нан астам сауда кәсіпорын­дары ха­лыққа қызмет көрсетуде. Жыл басынан есептегенде, жалпы тұтыну құнының индексі 103,8 пайызды құраған. Бұл – республикалық орта көрсеткіштен біршама төмен. Биылғы қуаң­шы­лық пен табиғаттың тосын құ­бы­лысы азық-түлік тауарларының бағасына айтарлықтай әсер ет­пейді. Өйткені, облыстың астыққа деген сұранысы 100 мың тоннаға тең болса, алқаптардан жиналған бидай одан асып түскен.

Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. 

 

1 419 000 Ақтөбелік мал азығын дайындаушылар қысқа түсетін малға осыншама тонна пішен қорын жасап алды Бұл жылдық қажеттілікке шаққанда 120,6 пайыз құрайды. Бұған мал азығын дайындау­шы­ларға берілетін жанар-жағар майды жеңілдікпен бөлудің, нау­қан кезінде жоғары көрсеткішке жеткендерді ынталандыруға қар­жы қарастырудың істің нәтижелі аяқталуына ықпал еткені сөзсіз. Сөйтіп, көптеген аудандар жыл­дық тапсырманы асыра орын­да­ды. Сондай-ақ, облыста жем қорын жасау да назарда ұсталуда. Осы кезге дейін қажетті жемнің 70 пайызы құйылды. Бұл бағытта Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандары ыж­дағаттылық танытып отыр. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов үсті­міз­дегі жылғы 1 қарашаға дейін жемнің қысқа жететін мол қорын жасап алуға тапсырма берді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.