07 Қыркүйек, 2010

Шырайлы Шығыста оң өзгерістер көп

567 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кенді Алтайда жұмыс сапарымен жүр Өркендеуге бастайтын өңіраралық форум Өскемен Өскемен болғалы мұндай халықаралық ірі форумды екінші мәрте өткізіп отыр. Бұдан үш жыл бұрын халықаралық инвестициялық форум өтіп, оның жұмысына шетелдік ірі компа­ния­лар, көрші мемлекеттердің өкілдері қаты­сып, көлік инфрақұрылымын дамыту жө­нінде өзекті мәселелерді талқылаған. Оның жұмысына Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Президенті Н.Назарбаев қатысып, елімізде аталмыш саланың өркендеуіне елеулі үлес қосқан. Ал бұл жолғы фо­рум­ның алатын орны мен салмағы басым болмаса кем емес. Ежелден достығы мен татулығы жарасқан қос мемлекеттің басшылары Н.Назарбаев пен Д.Медведев қатысатын форумда қазіргі таңдағы басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті, инвес­ти­ция мен инновацияны алға қарай бастыру жолдарын қарастыру, агроөнеркәсіп ке­ше­ні мен туризмді дамыту, басқа да ма­ңызды салалардың Қазақстан мен Ресейде өркен жаю мәселелерін кеңінен талқылау және бірлескен меморандумдарға қол қою мәселелері қарастырылған. Қазақстан мен Ресей арасындағы VІІ өңіраралық ынты­мақтастық форумына Ресейдің барлық өлкелерінен және елімізден 800-ден астам адам қатысып, маңызды мәселелер бойынша келісімдерге қол қоймақ. Өзендер өрнектеген Өскемен екі ел арасындағы экономикалық қарым-қа­ты­нас­ты тереңдете түсетін форумға жарты жылдан бері қызу әзірленді. Шынын айту керек, Елбасының қамқорлығы нәтиже­сін­де облыс орталығына қыруар қаржы бө­лінді. Форум өтетін Д.Серікбаев атын­дағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік тех­никалық университеті мен “Шығыс Қа­зақстан өңірлік “Алтай” технологиялық паркі” жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігі корпусын қайтадан жарақтандыруға Қа­зақстанның инновациялық қоры жүз­де­ген миллион теңге қаржы бөлді. Қазір мұнда көп салалы инновациялық инфра­құ­рылым бойынша қызмет түрлері, 13 ғылыми-зерттеу лабораториялары, 7 ин­но­вациялық компания, бизнес-орталық, көрме залдары, арнайы  жабдықталған ды­быс және бейнезалдар бар. Қысқасы, техника ғылымдарының докторы, про­фес­сор Ғ.Мүтәнов жетекшілік ететін жоғары оқу орны өңіраралық форумның ойда­ғы­дай өтуіне жақсы әзірленген. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев фо­румға әзірлік барысын күн сайын дерлік қатаң бақылауға алды. “Театр киімілгіш­тен басталады” дегендей, әуе қақпасы – Өскемен әуежайы күрделі жөндеуден өтіп, ірі деңгейдегі қонақтарды қабылдайтын “VІP” зал құрылысы аяқталды. Әуежай ал­дындағы субұрқақтан атқылаған күміс су әркімді нұрға бөлегендей. Қала көше­ле­ріне асфальт төселіп, тұрғын үйлер сыр­ты әшекейленді. Апта сайын мекемелер мен ұжымдар сенбілікке қатысып, өз қалаларының көркем болуына үлес қосты. Қалада ірі нысандар құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, түсті металлургияның алып­тары – “Қазцинк”, “Өскемен титан-магний комбинаты”, “Үлбі металлургия зауыты” акционерлік қоғамдарында ірі өн­дірістік қуаттар іске қосылмақ. Еліміз­дің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атын­дағы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп пен халықаралық “Нұрорда” мектебі де шәкірттердің күміс күл­кісіне толды. Қала тұрғындарының есінде ұзақ уақыт қалатын Кенді Алтайда тұңғыш рет өткізілген халықаралық мү­шәйра, жыршылардың жарысы үш бірдей мерекеге айналып, көпшіліктің еңсесін бір көтеріп тастады. Өңір басшысы Б.Са­пар­баевтың елдің мәдениеті мен тілін құр­меттеуге деген бастамасы қызу қолдау тапты. Абай және Пушкинге арналған ескерткіш асқақтап тұр. “Туған ел – ал­тын бесігім” акциясы бойынша әр аудан мен қала жетістіктері облыс орталығында тұрақты өте бастады. Елбасы тұсауын кескен нысандар Жексенбі күні сағат 17.00-де Елбасы Н.Назарбаев бастаған топ Абай ескерткіші асқақтап тұрған Республика алаңына келді. Бұл жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Әбденов, облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, поли­ция генерал-майоры Қалмұханбет Қасы­мов күтіп тұрған. Бүгін облыс әкімі Бер­ді­бек Сапарбаевтың қамқорлығы нәти­же­сін­де бюджеттен бөлінген 232 миллион теңгеге 40 “УАЗ” және 30 “Шкода” көлік­тері тапсырылуы тиіс. Елбасы Н.На­зар­баев полиция сақшыларымен амандасқан соң ішкі істер басқармасының бастығы Қ.Қасымовтан өңірдегі жағдаймен та­ныс­тыруды сұрады. Жол полициясы қызмет­кер­лерінің жұмысына тұрғындардың  на­разылығы жиі естіледі. Құқық қорғау са­ла­сындағы реформамен танысқан болар­сыздар. Демек, бұдан былай өздеріңіздің негізгі қызметтеріңіз – халықтың тыныш өмір сүруін қадағалап, қылмыстарды тез ашуға көңіл бөлсеңіздер, деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. Бұдан кейін облыс әкімі Б.Са­пар­баев алдағы уақытта  да ел ты­ныш­тығын сақтауға көңіл бөлетіндерін, жақын арада тағы 50 көлікке 52 миллион теңге қаржы бөлінетінін жеткізді. Елбасы  ішкі істер басқармасының жол полициясы және патрульдік-кезекшілік қызметкер­лерімен ескерткіш суретке түсті. Өткен жылдың маусымында Елбасы Н.Назарбаев Кенді Алтайға келген сапа­рын­да “Қазцинк” жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің президенті Никола По­по­вичпен кездесу кезінде алып компания­ның жұмыстарына жақсы баға беріп, балабақша және теннис корттарын салып беру жөніндегі ойын жеткізген. Артынша облыс әкімі Б.Сапарбаев пен “Қазцинк­тың” басшысы Никола Попович өзара уағ­даластық шеңберінде жалпы құны бір жарым миллиард теңгеден асатын бала­бақ­ша және алты теннис корттарын са­лып беру жөнінде меморандумға қол қойған. 30 тамызда екі құрылыстың ірге­тасы құйылды. Арада бір жыл өткенде “Ба­лапан” бағдарламасы бойынша 280 орындық балабақша құрылысы аяқталды. Мұндай бассейні мен қысқы бау-бақшасы бар балабақша елімізде санаулы ғана. Елбасы Н.Назарбаевқа балабақша ерекше ұнады. Мемлекет  басшысы бө­бек­терге амандық тілеп, балдырғандармен тілдесті. Бір сәби Елбасына қуыршақ сыйлады. Балабақшаның жан-жағында 12 ойын алаңдары, демалатын жер, басқа да орындар бар. Әдемі салынған ғимарат ішін аралап көрген Елбасы оның сапасына жоғары баға берді. Кәсіпорын басшысына берген уәделерінде тұрғаны үшін алғысын білдірді. Төрт жабық, екі ашық теннис кортта­ры еуропалық стандарт талабына сай са­лы­ныпты. Оның құрылысына бір мил­лиард теңгеден астам қаржы кеткен. Тіпті көрермендердің жайлы орындықтарда тамашалау мүмкіндігі де назардан тыс қал­маған. Бұл теннис корты Алматыда­ғы­дан да тамаша. Менің қызым Аделаида Аллах­бердиева бірнеше жылдан бері үлкен тенниспен шұғылдануда. Жақын арада ол Швейцариядағы теннис акаде­мия­сына оқуға аттанбақ. Демек, бұдан былай қазақстандық теннисшілер арасы­нан да мықты спортшылар шығатыны сөзсіз, деді Адалат қажы да сүйінішін жасыра алмай. Сөз реті келгенде айта кету керек, шырайлы Шығыста спорттың бұқаралы­лығын арттыруда соңғы жылдары көп істер тындырылуда. Қазір өңірде 135 балалар спорт алаңы жұмыс істеп тұр. 106 жет­кін­шек­тер клубы бар, спортпен шұғылдана­тын­дар саны 129 мың адамнан асады. Өткен жылы Өскеменнің өзінде жиыр­маға тарта спорт алаңдары іске қосылып, хоккей, футбол алаңдары пайдалануға берілді. Жақында ғана Жарма ауданында жасанды төсеніші бар футбол алаңы іске қосылды. Биылдың өзінде облыста 12 орта мектеп іске қосылмақ. Жалпы, отыз мектеп құрылысы жалғасуда. “ҮМЗ” және “Қазақмыс” компаниялары да таяуда осындай балабақша құрылысын өзара келісім бойынша салып бітірмек. Көкжыралықтар қуанышы Ойды ой қозғайды. Аспан түстес тікұшақ шалғайдағы Тарбағатай ауданына қарай бет алғанда ой құшағына берілдік. Әлі есімізде, бұдан 20 жыл бұрын, яғни 1990 жылдың 14 маусымында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында қуаты сегіз баллдан асатын күшті зілзала тіркелді. Бас-аяғы бірнеше минөтте төрт-бес ауданда он мыңнан астам тұрғын үй қирап, бір сәби шетінеп кетті. Ол кезде КСРО деген алып мемлекеттің қабырғасы сөгіліп, ыдыраудың алдында тұрған. Сондықтан болар, көрші Ресейден көмек болмады, өз күш-қуатымызды пайдалану­ға тура келді. Сол кезде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев арада төрт күннен кейін апат аймағына ұшып келіп, Зайсан қаласы мен Дайыр ауылында тұрғындармен жүздесті, сын сәтте көмек көрсетуге уәде берді. Бас-аяғы төрт жылда апат зардаптары то­лық жойылды. Енді, міне, елін сүйген, елі сүйген Елбасы тағы да Тарбағатай ауда­ны­на келіп, өзінің қамқорлығы арқасында бой көтерген тұрғын үйлердің кілтін тап­сырып, тұрғындармен кездесуге асығуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған топ жиналғандармен амандасқан соң дәрігерлік амбулаторияны аралап шықты. Қазір Көкжыра ауылын тану оңайға соқ­пайды. Бұрынғы қираған үйлер келмеске кеткен. Жаңа жерде бой көтерген 210 тұр­ғын үй алыстан менмұндалайды. Дәрі­гер­лік амбулаторияны құрылысшылар бас-аяғы екі айда салып бітірді. Іші-сырты әдемі, сапалы, жаңа өзіңіз көрдіңіз. Қазір мұнда 16 дәрігер қызмет етуде. Күніне 80 адам тексеруден өтеді. Сізге алғысымыз ерекше, деді Елбасына аға дәрігер Жөміш Биғазина. Жалпы алғанда облыс бойынша 52 елді мекенді су басып қалды. 64 көпір, 178 шақырым жол бұзылды. Бұл күндері 618 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Тарбағатай ауданында 444 тұрғын үй салынбақ. Сонымен бірге, үш мектеп, төрт дәрігерлік амбулатория, пошта үйі, әкім­дік ғимараты пайдалануға берілмек. Тас­қын судан 23 мыңдай мал қырылды. Жы­лына екі пайыз ғана жеңілдікпен несие беріліп жатыр. Мына тұрғын үйлер жа­нында су құбырлары тартылмақ, ағаш отырғызылады, – деп облыс әкімі Бер­дібек Мәшбекұлы жағдаймен таныстыра кетті. – Табиғат апаттары Еуропада, Ре­сей­де жиі қайталанып кетті. Ресейдегі жағ­дай қиын, қалың өрт басылар емес. Алматы облысының Қызылағаш ауы­лын­дағы апаттан қаншама адамның қай­тыс бол­ға­нын білесіздер. Ол жерде қазір жаңа ауыл бой көтерді. Сіздерге де 8 мил­лиард теңге қаржы бердік. Біздің қам­қорлығымыздың нәтижесінде жаңа ауыл­дар бой көтеруде. Енді ынтымақпен жұ­мыс істеу керек. Мем­лекеттің оңды-солды шаша беретін қар­жысы жоқ. Бұдан былай мал өсіріп, пай­далы іспен шұғылдану керек, – деді Елбасы. Еңбек Ері Қазыбек Демеубаев, тоғыз баланың анасы Күлзия Демеубаева, жеті баланың анасы Самал Шаймарданова Ел­ба­сына алғысын айтып, баталарын берді. Бұдан кейін Н.Назарбаев 85 жастағы Гүлнәз Омарованың жаңа пәтеріне кіріп, кейуанамен әңгімелесті. 7 бала, 22 немере, 15 шөберенің шуағына малынып отырған әже Елбасына алғысын айтып, Қазақ­станның өсіп, өркендей беруін тіледі. Мемлекет басшысы облыс әкіміне сын сәтте халықпен бірге болып, қиындықтарды жеңіп шыққаны және іскерлігі мен біліктілігі үшін алғысын айтып, қолын қысты. Өскемен бір жылда керемет өзгерген, аудандарда көп өзгеріс бар, деді Елбасы.  Сондай-ақ Президент Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мен Көлік және коммуникациялар министрі Ә.Құсайыновқа да ризашылығын білдірді. Келешегі кемел кешендер Тарбағатай сапарынан кейін Елбасы Өскемен титан-магний комбинатына келді. Әр келген сайын Н.Назарбаев қанатты металл өндірушілермен кездесуді дәстүрге енгізген. Оның өзіндік себебі де бар. Нарықтың сонау өтпелі шағында аталмыш комбинат жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Елбасы еліміздегі титан өндірісін дамыту жөнінде арнайы бағдар­ла­ма қабылдады. Шығыс пен батыс об­лыс­тарда кеніштер құрылысы аяқталып, ши­кізат базасының берік қоры қалып­тас­ты. Осы жолы Қазақстанның Еңбек Ері Бағдат Шаяхметов жетекшілік ететін кә­сіп­орын титан кесектері және балқымалар өндірісі бойынша жаңа зауытты іске қоспақ. Қазір әлем бойынша аталмыш кәсіпорын титанның 14 пайызын шығаруда. Құры­лы­сы үш жыл бұрын басталған жаңа зау­ыт жы­лына 11 мың тонна өнім өндірмек. Ел­ба­сы титан кеуегін өндірушілерге табыс тіледі. Бұдан кейін Елбасы “Қазцинк” ЖШС-де болып, индустрияландыру кар­тасы бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жұмысымен танысты. Мыс қорытатын электролиз зауытының бола­ша­ғы зор. Әдетте жаңа зауыт салынса қор­шаған орта зиянды қалдықтармен бүлі­неді деген ұғым қалыптасқан. Ал шын мәнінде күкіртті диоксидті ауаға тарату көлемі 13 мың тоннаға дейін кемімек. Алып кәсіпорын жүзеге асырып жатқан “Жаңа металлургия” жобасының құры­лы­сы 783,2 миллион АҚШ долларын құрай­ды. Демек, жаңадан 700 жұмыс орны ашылмақ. “Қазцинк” жауапкершілігі шек­теулі секіртестігінің президенті Никола Попович алдағы уақытта да ел экономи­ка­сын өркендетуге елеулі үлес қоса бере­тіндіктерін, жұмысшылардың әл-ауқатын жақсартуды басты назарда ұстайтынын, өңірге пайдалы әлеуметтік шараларды белсенді жүзеге асыра беретіндерін айтты. Сол күні Елбасы бастаған топ этноауылды аралап көрді. Этноауылдағы кездесуде бір қария Бердібек баламызды алып кетпе­ңіз­ші, көп істер атқарып жатыр деп өтініш білдіргенде, Елбасы істегеніне бір жарым жыл енді болды, оған сенемін, оған көмектесу қажет деп ойын білдірді. Форум бізге не береді? Әрине бұл сауалдың көпшілікті тол­ғандыратыны сөзсіз. Кенді Алтайдың эко­номикасы сауыға түсуде. Бір ғана мысал. Облыс бойынша ағымдағы жыл басынан бері 537 миллиард теңгенің өнімдері өндірілді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 22 жоба іске қо­сылды. Оларда мыңдаған адам жұмыс іс­темек. Биыл 12 жоба жүзеге аспақ. Бі­рін­ші маусымнан бастап күш беретін және бақылау кабельдері өндірісі бойын­ша цех өз жұмысын бастады. Қазақстанда кабель жасау жағы ақсап жатқаны белгілі. Форумға келген ресейліктер ғана емес, көрші облыстардағы кәсіпорындар да Өскемен кабельдерін  тұтынса, ұтарымыз анық. Жетінші өңіраралық форумның бірінші күнгі секциялық жұмысы аясында “Алтай” технопаркінің атшаптырым залында “Инновация мен технологияны дамыту және тұрғын үй-коммуналық ша­руашылығын жетілдіру” деген тақырыпта көрме ұйымдастырылды. Онда Шығыс Қазақстан кәсіпорындарының бұйымдары қойылған. Көрмені Қазақстанның барлық облыстарынан және Ресейдің бірқатар өңірлерінен келген өңір басшылары, кәсіпорын жетекшілері тамашалады. Ара-арасында слайдтар көрсетіліп, суреттер мол мағлұматтар берді. “Елімізде туризмді жетілдіру” деген тақырып бойынша отырыс қызықты өтті. Туризмнің Қазақстанда әлі күнге ақсап жат­қаны белгілі. Түркия, Грекия, Алма­ния, Италия, Франция сияқты дамыған мемлекеттер туризмнен ғана жылына миллиардтаған доллар табады екен. Кенді Алтайда туризмді өркендетудің бағдарла­ма­сы жасалынған. Бірақ ол жемісін берер емес. Табиғаты тамаша Катонқарағай, Рид­дер, Зырян, басқа аудандарда шетел­ден келген қонақтарды қызықтырып ат спорты, альпинизм мен тау шыңдарына өрме­леуді іске асырса, пайдаға кенелетініміз рас. Алғашқы күні бизнес-форум өтіп, оған министрліктердің, ведомстволардың, мемлекеттік институттардың, жоғары оқу орындарының жетекшілері қатысты. Қазақстан мен Ресейдегі жоғары оқу орындары білім берудің озық үлгілерін өздерінде жүзеге асыруды ниет еткен. “Агроөнеркәсіп кешенін дамыту” секциясы жұмысын ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі С.Хасенов  ашып, жүргізіп отырды. Онда Мал өнімдері корпорациясының атқарушы директоры Б.Күзембаев баяндама жасап, Кеден одағы бойынша нан өнімдерімен тиімді қамтамасыз етудің жолдарын айтып берді. Елімізде мал өсіру басым бағыт алса да ет пен сүтті, басқа тағам түрлерін алыс-жақын шетелдерден алатынымыз шындық. Ендеше бұл проблеманы шешетін мерзім жетті, дейді бизнес форумға қатысушылар. Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов Алтайдағы марал мен теңбіл бұғыны Ресейде өсетін тиімді марал тұқымымен алмастыру жөнінде ойын ортаға салды. Сонымен бірге күнбағыс өсірудегі проблемалар төңірегінде де пікір алмасулар болды. Биыл Қазақстанда егін шығымы жаман емес, ал көрші мемлекетте құрғақшылық салдарынан астық шығымы нашар. Ендеше астықпен көршілерімізді қамтамасыз ету жағын да ойластырған жөн. Бүгін өңіраралық форум өз жұмысын жалғастырмақ. Оңдасын ЕЛУБАЙ. ---------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.