07 Қыркүйек, 2010

Қадыр түні – сауап түні

794 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қасиетті Рамазан айындағы қыркүйектің 5-інен 6-сына, яғни жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Алладан үміті бар, игі мұсылмандардың негізгі бөлігі Қадыр түнін күзетіп шықты. “Қадыр” араб сөзі, ол “бола­шақтағы тағдырдың анықталуы” деген мағынаны береді. Яғни, ол осы түнді қалай өткізуіңе бай­ланысты болашақтағы тағдырың анықталады деген ұғымға саяды. Құран Кәрімнің Қадыр сүресінде (1-4 аяттар) Құранның осы түнде түсірілгені айтылған. Сондықтан Қадыр түніне құрмет көрсетіп, ұйықтамай, Аллаға құл­шылық қылып, түрлі ғибадаттар жасаған пенделерге таң алдында Жебірейіл періште көрінбей келіп, қолын қысып амандасады дейді. Құранда Қадыр түнінің игілігі мың айдан артық делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ләйләтүл - Қадыр түнін ұйықтамай, біл­геніңше Құран оқып, шамаң жеткеніңше намазға жығылып, тілек тілеп өткіз деп өсиет еткен. Тек солай еткенде ғана пенденің біліп және білмей істеген күнәлері кешіріледі екен. Иншалла, осы түні Астана қаласының барлық мешіттері лық толып, хақ мұсылмандар Қадыр түнін күзетіп шықты. Соның ішінде жастардың көп болғаны, олардың имандылық жолына алаңсыз түсіп, Алланың ақ жолын таза жүректерімен қалағандары көңіл қуантады. Қасиетті дініміз­дің арқасында діліміз орнына келсе, Иншалла, тіліміз де қайтадан құдіретті қалпын тауып, қуаттанар деген үміт бар. Кезінде дінімізді аяқ асты етіп, фәни жалғанның жарқыл­даған жылтырақтарына біржолата мойын бұрып кеткендіктің кесірінен ұлттық құндылықтары­мыздан біршама айрыла бастап едік қой. Соның ішіндегі ең қасиет­тісі – ана тілімізді жоғал­тып ала жаздаған едік, енді соның бәрі өзінің өзекті арнасын табар деген сенім туып келеді. Мешітке бара алмаған мұсыл­мандар “Асыл арна” телеар­насынан берілген уағыздарды тыңдап, Құран Кәрімнің сүре­леріндегі аяттарға ұйып, ғибадат етті. Біз миллиондаған Қазақстан мұсылмандарының сауабын алған осы арнаның басшысы Мұхамед­жан Тазабековпен телефон арқы­лы шағын сұхбат жүргізген едік: – Иншалла, жоғалған баласы­на қайта жолыққан анадай жұр­ты­мыз ата-бабамыз жүрген жол – Исламмен қайта қауышты. Өрелі жұртымыздың өлгені тірі­ліп, өшкені қайта жанды. Ақи­қи дін адамдар арасына кеңінен тарау­да. Жетпіс жылдан астам жүрек­тің түкпірінде жасырынып келген имандылық иірімдеріне қан жүгірді. Халықтың санасы жалған сөздерден тазарып келеді. Әлемдерді жаратқан аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаға жаппай мадақ айтыла бастады. Біздің арна – адамдардың бойының тазара түсуі үшін құлшылықты дұрыс жасауды, ата-ананы сый­лауды, туысқанмен жақсы қарым-қатынас жасауды, үлкенге құрмет, кішіге ізет етуді, адамдарды нәсі­лі­не, тіліне қарамай құрметтеуді, бір сөзбен айтқанда, Алланың ақ жолын насихаттауды өзіне мақсат еткен. Абайдың “адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” деген қағидасын біз ешқашан естен шығармаймыз. “Ислам” деген сөздің өзі “бейбітшілік, тыныш­тық” деген мағына береді. Осы орайда біздің Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты, соның арқа­сында елімізде қол жеткізіліп отыр­ған ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім, өзге сенімдегі адамдарға төзімділік таныту да Исламның қағидасына сәйкес екенін атап өткім келеді. Кешегі қазақтың дала демократиясы бүгінгі өркениетті елімізде өз жалғасын тауып келеді. – Президент туралы айтқаннан кейін Исламның ел басшысына қалай қарым-қатынас жасау керектігі жөнінде талабын еске салып өтсеңіз... – Әлемдердің әміршісі болған Жаратушы Иеміз Құранда патшаны Алла сайлайтынын, оны білімде әрі тұлғалық қырында басқалардан артығырақ қыла­тынын анық айтқан. Сонымен қа­тар Алла Тағала әкімшілік билікті өзі қалаған құлына ғана беретінін де ескерткен. Ел мен Елбасының қарым-қатынасына қаяу түсіру – Құдай құп көр­мейтін нәрсе. Бұл – үлкен бүлік. Алланың аятында: “Ей, иман кел­тіргендер, Аллаға, Пайғам­бар­ға және араларыңдағы басшыға бойсұныңдар...” – делінген. (“Ниса” сүресі, 51-аят). Алла Тағала біздің халқымыздың дар­хан пейілі мен ізгі ниетіне қарай нар тұлғалы Нұрсұлтан Назар­баевты басшымыз болуға нәсіп етті. Ол Раббымыздың қалауымен тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуына бар күш-жігерін жұмсап келеді. Ислам ғалымдары патша туралы: “Бас­шы – Алланың жердегі көлең­кесі” деген тұжы­рымға келген. Сондықтан Жара­ту­шы Иеміздің бізге бұйырған басшысына адалдық танытуымыз – үлкен сауап. Исламның өркен­деуіне үлкен септігін тигізген Имам Науаи: “Мұсылман басшы­ларына қатысты адалдық дегені­міз – оларға ақиқатта көмектесу, қарсы шықпау және адамдардың жүрегі­не басшыға бағыну сезімін ұя­лату” деген. Ал Пайғамбары­мыз­­дан (с.ғ.с.) мынадай өсиет қалған: “Кімде-кім аса қамқор, ерекше мейірімді Алла бұл дүниеде өзі қалап патша қылған басшыны құрметтесе, оны Алла қиямет күні құрметке бөлейді...”. – “Асыл арна” бағдарламасын, ондағы Құран туралы хабарларды халық қалай қабылдауда? – Дәл осындай сұрақты маған үстіміздегі жылдың 5 маусымында кездескенде Елбасымыз да берген еді. Мен ол кісіге бізге келген бір орыс кемпірінің сөзін айттым. Ол: “Асыл арнаны” қойсам мысығым теледидардың алдына келіп жантайып, тырп етпей жатады, ал басқа арнаға ауыстыр­сам болды, қашып кетеді деген еді. Сонда Нұрсұлтан аға Құран құдай сөзі ғой, ол дініне, тіліне қарамай, барлық адамдардың жүрегіне жол табады. Әттең, біздің кейбір адамдарымыз әлгі кісінің мысығы құрлы жоқ. Қашан біздің адамдарымыз жаппай Құранды тыңдайтын болар екен, деген еді. “Асыл арнаның” қажеттілігі, пайдасы жөнінде бізге күніне бірнеше хаттар келеді. Көптеген адамдар ризашылығын білдіріп телефон шалады немесе СМС хабарлама жібереді. Осының өзі біздің өз жұмысымызға деген ынтамызды арттырады. Қадыр түні болған хабарымызға көптеген білікті діндарлар, дінбасылар қатысып, қазақ, орыс тілдерінде уағыздар айтты. Оны халықтың жылы қабылдағанын бүгінгі түсіп жатқан қоңыраулардан біліп отырмыз. Тіпті, бір сәт басқа жұмыстарға кедергі келе беретін болған соң Алладан кешірім сұрап, телефонымызды ағытып тастауға да мәжбүр болдық. Ол үшін ақ ниетті мұсылмандар бізге өкпелемес деп ойлаймыз. – Алла алдағы уақытта да сауапты істеріңізді жалғастыра беруге нәсіп етсін. Рахмет. Жақсыбай САМРАТ.