21 Қазан, 2015

Менің орнымда өзгелер де осылай істер еді

363 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
IMG_3865-1– дейді «Ерлігі үшін» номинациясының иегері,  бүгінгі күннің бала батыры Никита ТЮКИН Қазан айының басында Ас­танада «Мәңгілік Ел – болашағы біртұтас ел» тақырыбында республикалық патриоттар форумы өткізілді. Осы шеңберде «Жыл патриоты» байқауының қорытындысы шығарылып, мұнда жеңімпаздар жеті аталым бойынша марапатталды. Солардың ішінде Зеленов ауданындағы Достық ауылының тұрғыны, 8-сынып оқушысы Никита Тюкин «Ерлігі үшін» аталымына ие болды. Оған бұл марапат не үшін берілді? Біз төменде оның жай-жапсары мен мән-жайын айтқанды жөн көрдік. «...Достық мектебінің жетін­ші сынып оқушысы суға батып бара жатқан екі қызды құт­қарып қалыпты» деген ақпарат әлеуметтік желілерді шарлап кеткен кезде біз де бүгінгінің батыры – Никитаны кездестіруге асықтық. Бірақ, ересек адамның өзі ойланып қалар сәтте қаймықпастан суға секіріп, талықсып жатқан жанды құтқарып алған баланың ерлігі жұртшылық пен жергілікті билік өкілдерінің назарынан тыс қалған жоқ. Шақырды, құттықтап қолдау білдірді, марапаттап, көпке үлгі етті. Бала батырымыздың сәл саябырсып, өз-өзіне келген сәтін күттік. Сонымен қалай болды өзі?! 24 мамыр – жұрттың бәрі ертең болатын соңғы қоңырау салтанатына дайындалып жатқан шақ. Дүкенге бармақ болған досына қаннен-қаперсіз ілесе шыққан Никита жол-жөнекей сыныптасы Дарья мен бір сынып төмен оқитын Милананы кездестіреді. Өзенге шомылуға бара жатқандарын біл­ген Никита еш ойланбастан қыздарға ілесіп кете барды. – Ол сәтте менің суға шомылу ойымда болған жоқ, тіпті. Қыз­дарға ілесіп жүре беріппін, досым болса дүкеннен керегін алып жөніне кетті, – деген Никита сол сәтте қыздарға ілесуге қандай да бір тылсымның әсері болғанын сезгендей. – Суға бірінші түстім, сал­қын­дау екен. Бір түрлі көңі­лім қобалжып қыздарға алаң­даумен болдым. Өзеннің бел ортасына дейін жүздім, қыз­дар да қапталдаса жетті. Шар­шағандарын байқамадым. Кері қайтқанымда қыздар алыс­тап қала берді. Ойымда ештеңе жоқ мен бір мезетте Милананың әлсі­реп, шарасызданғанын сездім. «Құтқару керек» деген оймен жанына тездетіп барып, жағаға сүйрей жөнелдім. Әрең деп шы­ғара бергенім сол Дарьяға көзім түсіп кетті. Бір рет қолын сермеп, ышқынды да суға батып кетті. Көмекке шақыратын да жуық маңда ешкім жоқ, қайта суға секірдім. Сүңгіп, тереңдесем суық су денені қарып барады, Дарья жоқ. Ентігіп су бетіне шық­тым, бірақ қорқыныш жоқ. Дос­тармен кейде осылай бір­деңе іздеп, уәделесіп ойнайтын­быз. Қайта сүңгідім. Негізі өзім кішкентайымнан су астында кө­зімді ашып сүңгимін. Шомылып жүрген көп адам болмаса, су мөлдіреп тұрады. Шапшаңдап сүңгіп, оңды-солды шарлап едім, Дарьяның аяғы сезілді. Жармаса кетіп, жоғары көтерілдім. Ауыр­лап кеткен, қимылсыз. Жағаға алып шыққан кезде теледидар­дан көрген судан құтқару ережесі есіме түсті де шалқасынан жат­қызып кеуде тұсынан қатты со­ғып, қос қолдап жанши бердім. Кенет лоқсып жұтқан суды құсып, тыныстай бастады. Аяқ-қолы құрысып қалған сияқты болды. Содан көмекке адамдар келді, қыздарды ата-аналары алып кетті, – деген Никита ажалдан адам құтқарып, батырлық әрекет еткенін баланың ойыны сияқты көреді екен. Тәптіштеп сұрамасаң, артық сөзге сараң бала ұялып, көзін тайдыра бере­ді. «Сабағың қалай?» – дедік әңгіменің ауанын сәл өзгертіп. «Нормально» – деп жымиды, әкесіне ұрлана қарап. – Никита жүзуді өзі үйреніп алды және өзі айтқандай кіш­кен­тайынан көзін ашып сүңгиді. Ерке өсті, аздап қиқарлығы да жоқ емес. Олай болмаса, ерлікке бармас еді ғой, – деді әкесі Ринат ұлына сүйсіне қарап. – Қай саланы таңдаса да өзі біледі, спорттан да қара жаяу емес, техникаға қатты қызығады. Жуырда осы әрекетін бағалаған алматылық кәсіпкер жігіт 200 мың теңге ақша жолдады. Онысына рахмет, әрине, баламның армандап жүрген мотоциклін алып бердік. Анасы екеуміз «Орал наны» наубайханасында жұмыс­тамыз. Никита көбіне үйде өзі қалады. Баланың досқа қамқор, батыл да сезімтал болып өсуіне ұстаздарының сіңірген еңбегі зор деп ойлаймын. Мектепте психологиялық бағыттағы «Отба­сылық тәрбие» кабинеті жұмыс жасайды. Анасы қолы қалт еткенде сол жерде ұл бала тәрбиесіне қатысты кеңес алып, баланың үйден тыс уақыттағы тәртібін талқылап отырады. Мектеп пен тығыз байланысу арқылы біз Никитаның бойындағы біраз қиқарлығын реттеп келеміз. Енді, міне, мақтанышымызға айналып, ел сүйсінген ерлікке барды. Баламды осындай ерлікке, адамгершілікке баулыған ұстаз­дарына алғысым шексіз, – деген әкесі баласының бойынан ерекше қабілет байқайтынын жасырмады. – Мұны мен ерекше ерлік пен іс-әрекет деп ойламаймын. Менің орнымда болса өзін республиканың патриоты деп санайтын әрбір дос-құрбымыз дәл осылай жасайтынына күмәнім жоқ. Менің қазіргі алға қойған мақсатым – мектепті ойдағыдай аяқтап, содан кейін өзім алға қойған мақсатқа қол жеткізу. Мені төтенше жағдайлар қызметі, адамдарды оқыс оқиғалардан құтқару әрекеті ерекше қызықтырады. Ержеткеннен кейін осы бағытта арнайы мамандық алып, ортақ Отанымыз – Қазақстанның бір қажетіне жарағым келеді. Мен «Ерлігі үшін» номинациясын қазақ қыраны, ғарышкер-ұшқыш Айдын Айымбетовтің қолынан алғанымды мақтаныш тұтамын. Мен де болашақта Айдын ағама ұқсап, бой түземек ойым бар, – деді біздің кейіпкеріміз. Біз бала батырға «тіл-көзден аман болғайсың» деген тілегімізді іштей айтып қала бердік. Нұржан ДҮЗБАТЫРОВ, журналист, Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы, Достық ауылы. Суретте: «Ерлігі үшін» номинациясын иеленген бақытты сәт.