13 Наурыз, 2015

Ескі қорым үстіндегі монша

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
13-03-15-monsaБұл оқиға Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданында болған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Асқар институтты инженер-механик мамандығымен бітіріп Шығыс Қазақстан өңіріне жолдама алды. Онда көбінесе өзге ұлт өкілдері тұрады екен. Осы елде жолдамамен келген Нұрбек есімді агроном жігітпен танысады. Күндер жылжып өтіп жатады. Ауыл тұрғындарымен жақсы араласып, туысындай болып кеткендіктен болар, сол ауылдың тұрғыны, механик Константин Петрович (бәрі оны Петрович дейтін) Нұрбек екеуін моншасына шақырды. Олар қуана келіседі. Монша әбден қызған кезде Нұрбек екеуі кіріп, жуына бастайды, бір кезде Нұрбек ыстыққа шыдамай алдыңғы, кіреберіс бөлмеге шығып кетеді. Ал Асқар ыстық моншаны ұнататын. Ыңылдап ән де айтып қояды. Бір сәтте сыңғырлаған әйелдің күлкісі естіледі, жалт бұрылып қараса, шашы ұзын, үстіне аппақ көйлек киіп алған бір орыс қызы тұр. Қыз күлімсіреп, сабынды алып, Асқардың арқасын жуа бастады... Асқар болса аң-таң, әуелде шошып кетсе де, қыздан сонша қорыққанына намыстанып, өзін сабырға шақырды. Іштей «Петрович бізге бір «сюрприз» жасағысы келген ғой», деп те ойлады. Қыз ғажап сұлу. Бірақ көздері суық, мұңлы. Енді, есін жиып «Нұрбек, тез кел, қызықтан құр қалдың, мына әдемі қызды қара!» деді. Нұрбек орнынан атып тұрып, жуынатын бөлмеге кірсе, монша ішінде Асқардан басқа ешкім жоқ. «Сен жынданған шығарсың, қайдағы қыз?» дейді Нұрбек, бұл әдейі қылжақтап тұр деген оймен. Асқар артына бұрылып: «Өй, міне, тұр ғой, қарасаңшы!» дегенше әлгі ару ұшты-күйлі ғайып болыпты. Апырм-ай, бұл не болды? Енді екеуі біртүрлі қорқайын деді. Жылдам жуынып, моншадан шығып, Петровичке келді. Оған болған жағдайдың бәрін тәптіштеп айтып берді. Петрович бәрін де білетін болып шықты. Ол ақырын жымиып қойып: «Мен сендерге айтуды ұмытып кетіппін, өй, алжыған басым», дейді өз-өзіне ренжігенсіп. Содан соң барып, сабырлы кейіпке түсіп: «Сендер қорықпаңдар, ол қыздың адамға зияны жоқ, оның үстіне ол әр адамның көзіне көріне бермейді. Бұл моншаның орнында бұрынғы заманда орыстардың бейіті болған екен. Кейіннен Кеңес өкіметі кезінде оны күреп тас­тап, орнына тұрғын үйлер салған. Ал жаңағы сен көрген қыз бұрын осы жерде бір бай көпестің қызы болған деседі. Қарақшылар, қызды тонап, зорлап өлтіріп кеткен. Содан бері қыздың жаны әлі жай таппай, тірі адамдарға елес болып көрініп мазалайды екен деген аңыз әңгіме бар» дейді. Жалпы, бізден басқа ауыл тұр­ғын­дарының барлығы дерлік осы монша жайлы біледі екен. Тіпті, кейбіреулері қызды көру үшін моншаға әдейі келетін көрінеді. Міне, содан кейін Асқар мен Нұрбек Петрович моншаға шақырса, ат-тонын ала қашатын болыпты. Ол кезде мұндай әңгімелерге көп ешкім сене қоймайтын. Кейіннен Петрович аудан орталығындағы шіркеуден дін адамдарын шақыртып, дұға оқытып, жаңағы қыз үшін шіркеуге барып, шырақ жаққаннан соң ғана барып, қыздың жаны мәңгілікке жай тапты деп естідік. Тағы бір оқиға, мұны таңғажайып құбылыс десе де болатын шығар, Алматы қаласындағы бір жоғары оқу орнының жатақханасында болған екен. Бөлме тұрғындары күнде түнгі сағат 12.00-де есіктің сықырлап ашылатынын талай көрген. Қанша кілттеп жапса да, есік бір уақытта өзінен-өзі ашылады, бірақ көзге ешкім көрінбейді. Тіпті, жоғары оқу орнының оқытушылары да талай келіп, өз көздерімен көрген. Бұл сонда не, белгісіз параллельді тіршілік иесі ме, жоқ әлде, жаны жай таппай жүрген марқұм ба? Болашақта осындай ғажайып құбылыс­тар­ды зерттеп, білетін шығармыз. Әзірге құпия.