04 Сәуір, 2015

Ақтауда қоныс тойы тойлануда

261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Басқа өңірлердегідей бұдан бірнеше жылдар бұрын Ақтау қаласында да тұрғын үй мәселесі өте күрделі болатын. Салынып жатқан үйлер жоқ, салына бастағанының құрылысы аңқа-саңқа боп аяқталмай қалған, ал... қалаға қоныс аударып, жұмыс істеу үшін келгендер саны күрт өсіп, екі аралықта үйсіздердің саны бірнеше есеге шарықтап шыға келді. Бұл мәселеге мемлекет назар аударып, арнайы бағдарламалар қабылдануы нәтижесінде біраз оң өзгерістер қалыптасты. Жұрттың бәрі үйлі болды демейміз, әйтсе де қазір Ақтауда салынып жатқан тұрғын үйлер көп, үйлі болғандар да, кезегін күтіп күн санап жүргендер де көп. Біз бірнеше отбасының «үй аламыз» деген тәтті үмітінің орындалған сәтіне куә болған едік. IMG_6450Жекелеген үйлер емес, қа­тар­ға тұтас шағын аудандарды қосып, құрылыс көлемін үл­кейткен Ақтаудағы жаңа 32 «А»-шағын ауданынан 400 отбасылық 8 тұрғын үйдің кілті табысталды. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында ірге кө­терген бұл үйге қоныстану бақы­тына ие болғандар, негізінен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары. Арасында жас отбасылар да, барлық санаттағы тұрғындар да табылатын олар ақауы барлығымен атышулы болған Ақтаудағы «Аққу» шағын ауданынан үй алуға үмітті болғандар екен, бірақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бірінші кезектегі 260-тан астам өз салымшыларының салын суға кетірмей, жаңа ша­ғын ауданда Ақтау қалалық әкім­дігімен, Маңғыстау облыстық құрылыс басқармасымен бірге республикалық бюджеттен бөлін­ген 2 млрд. 100 мың теңге қаржыға салынған үйді үлестірді. Жайлылық сипаты жағынан үшінші санатты болып келетін бір және екі бөлмелі үйлердің іші әп-сәтте мәре-сәре қуанышқа толды. – «Нұрлы Жол» бағдарламасын орындау мақсатында әлеуметтік инфра­құрылым, тұрғын үй инфра­құрылымын нығайту, баспана мәселесі және оның қатардағы азаматтарымызға, әсіресе жаста­р­­­ымызға қолжетімділігін қа­м­та­масыз ету бойынша облы­сымызда да тиісті шаралар қолға алынды. Жаңа шағын аудандарды игеру жұмыстарын одан әрі жалғастырып, биылдың өзінде жас отбасыларға арналған 60 пәтерлік 2 үй, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы барлық санаттағы адамдар үшін 32 «А»-шағын ауданнан 120 пәтерлік 1 үй, «Аққу» шағын ауданынан 2-ші кезеңде барлығы 747 пәтерді тапсыру және жергілікті атқарушы орган кезегіндегілер үшін 120 пәтерлік 3 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек мемлекеттік бағдарлама аясында «Аққу» шағын ауданының 3-ші кезеңінде тұрғын үй құрылыстарын салу және 34-шағын ауданнан 60 пәтерлік 6 үйдің құрылыс жұмыстарын бастау да жоспарымызда тұр, – деген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев жас отбасыларға пәтер кілттерін табыстады. Баспана кілтін алушыларды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма басшысының орынбасары Ербол Қарашөкеев құттықтап, «Бүгін сіздер мен біздер тұрғын үй нарығындағы жағдайды және қатардағы Қазақ­стан азаматтарының тұрғын үй жағдайларын жақсартуға ба­ғытталған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының аясында Ақтау қаласында салынған 400 пәтерлі тұрғын үйдің өз иелеріне табысталу сәтіне куә болып отырмыз. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ үшін өз салымшыларының арманына қол жеткізіп, қуанған сәтін көру – үлкен қуаныш. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы жас отбасыларға және әр санаттағы адамдарға арналған екі бағыттан тұрады десек, бұл үй екінші, яғни әр санаттағы адамдарға арналған. «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру жолында алдағы уақытта да біз халықпен, өз салымшыларымызбен бірге, жергілікті әкімдікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, үлкен табыстарға жетеміз деп ойлаймын. Өйткені, биыл Қазақстан бойынша біздің несие көлеміміз 60 пайызға артты, салымшылар көлемі 40-50 пайызға өсті. Сондай-ақ, биыл Ұлттық қор арқылы бізге берілетін қаржы көлемі артты. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша қаржыландыру төрт есеге көбейді. Демек, жыл соңына дейін «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында тапсырылатын үйлер саны көбейеді деп күтеміз және тұрғындарды арманға бірге жету үшін өз банкімізге сенімді салымшы болуға шақырамыз», деді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы өткен жылы Ақтауда 300 пәтерлі 2 үй жас отбасыларға тапсырылды. Биыл жазда тағы жас отбасылар үшін 120 пәтерлік 2 үй, жыл соңына дейін әр санаттағы адамдар үшін 790 пәтер тапсыру жоспарлануда. Аталмыш банктің іске білек сыбана кірісіп, үйсіздердің арманын орындауға белсене атсалысуы тұрғындардың сенімі мен үмітін күшейте түскен.  Өйткені Маңғыстау облысы бойынша салымшылар көлемі 30-40 пайызға өскен. Үйлі болған жас отбасылар атынан сөз алған Ерболат Бисен нарық заманында үйге қол жеткізу оңай еместігін айтып, қолұшын созған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-қа ризашылығын білдірді. Білуімізше, Ақтауда жоспар­ланған және құрылысы басталған тұрғын үйлер қарасы аз емес. Алда талай отбасыны үлкен жаңалық күтіп тұрғаны қуантады. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.