18 Қазан, 2015

Головкин Лемьені техникалық нокаутпен жеңді (видео)

274 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
18-10-2015-GGG 02АСТАНА. 18 қазан. Бүгін кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген отандасымыз Геннадий Головкин АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында канадалық Давид Лемьемен кездесті. Тартысты жекпе-жек нәтижесінде отандасымыз 8-раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Жекпе-жек атақты Madisson Square Garden аренасында өтті. Головкин алғашқы минуттардан бастап шабуылға шығып, Лемьенің осал тұсын іздеді. Үшінші раундта канадалық бірнеше қарымта шабуыл ұйымдастырды. Алайда, сауатты қорғана білген Головкин қарсыласының жойқын соққыларын өзіне дарытпады. Бесінші раундта отандасымыздың бүйірден жасаған ауыр соққысына шыдай алмаған Лемье тізерлеуге мәжбүр болды. Алайда, ол жекпе-жекті әрі қарай жалғастырудың амалын тапты. Дегенмен, канадалық бұл жойқын соққыдан кейін өз-өзіне келе алмай, қалған уақытта Головкиннің кезекті нысанасы ғана болды. Нәтижесінде мұрнынан қан тоқтамай, көзі қарауытқан Лемьеге жаны ашыған төреші 8-раундта кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша, Геннадий Головкин орта салмақта WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша чемпиондық атағын қорғап қана қоймай, Лемьеге тиесілі болған IBF тұжырымы бойынша да чемпиондық белдікті иемденді. CompuBox ұсынған дерекке сүйенсек, кездесу барысында Головкин 549 соққы жұмсап, соның 280-нін діттеген жеріне дөп тигізген. Ал Лемье 335 соққының 89-ын ғана дәл бағыттаған. Бұл қазақстандықтың кәсіпқой рингтегі 34-жекпе-жегі. Соның бәрінде жеңіске жеткен Головкин 31 мәрте қарсыласынан нокаутпен басым түсті. Сондай-ақ, отандасымыз қатарынан 21 рет кездесуін мерзімінен бұрын аяқтағанын атап өткен жөн. Тағы бір ескеретін жайт, Головкин мен Лемьенің айқасы HBO телеарнасының ақылы трансляция жүйесі (PPV) бойынша көрсетілді. Бұл екі боксшы үшін де PPV-дегі алғашқы жекпе-жек. Бүгінгі кеште Генаның сыйақысы 2 млн доллар болса Давид 1,5 млн долларға ие болды. Енді Головкин орта салмақ бойынша WBC нұсқасының чемпиондық белдігінен міндетті үміткер атанды. Қазіргі таңда бұл белдік пуэрториколық Мигель Коттоға тиесілі. Ол чемпиондық атағын қорғау үшін 21 қарашада АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен жұдырықтасады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: vk.com. 18-10-2015-GGG 01