04 Сәуір, 2015

Кірме сөзге кіріптарлық тіл көсегесін көгертпейді

7139 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
кирмесоз Тілімізге кірме сөздерді қабылдау мен қолдану, оларды орфографиялық нормаларымызға сәйкес жазу мәселесі  бір ғасыр бойы күн тәртібінен түспей келеді. ХХ ғасыр басында ардақты Ахаң (Байтұрсынұлы) «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар» десе, алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлы  «Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді» деп, оларды тілімізге икемдеп қолданды. Олардың көзі кеткеннен кейін біз жат сөздерді қабылдаудың жаңа тәртібін белгілеп, кірме сөздерді өзгеріссіз алуға көштік. Сол жолмен әлі келеміз. Әлі күнге дейін қазақ қоғамында «Өзге тіл сөздерін өзгертпей алғаннан тілге келер зиян жоқ, олар сөздік қорымызды байытады» деген пікір үстем. Бұрын орыс тілінің сөздерін қаз-қалпында қабылдап келсек, енді ағылшын сөздерін  өзгертпей алуға құмарлар артып келеді. Бұл біздің қанымызға сіңген әдет бола бастады. Қит етсе, «Өзгелер де шет тіл сөздері есебінен сөздік қорын байытып отыр ғой» деген уәжді көлденең тартамыз. Ал шын негізінде өз тізгініне ие бола алмай қалған кейбір халықтар болмаса, кез келген ұлт тілі өзге тілден сөз алғанда оны өз тілінің табиғатына икемдеп алады. Біз осы мәселеге көркем шығармалардағы  кірме сөздердің қолданысы негізінде талдау жасап, жұртшылық назарын аударуды мақсат етіп отырмыз. Кірме терминдер мен сөздер, әсіресе өзге тілдің орфографиясы бойынша өзгеріссіз алынған атаулар көркем шығарма тілінде еркін қолданылып, қалың оқырманға түсінікті бола ма? Бізде «Терминдер мен кірме сөздерді көп қабылдағаннан, оларды өзгеріссіз алғаннан ұлттық әдеби тілге, көркем шығарма тіліне келетін зиян жоқ» деген пікірді қолдайтындар, соны дәлелдеп жүргендер аз емес. Алайда, бұл пікірдің шындықпен үйлеспейтінін дәлелдейтін тілдік деректер жеткілікті. Шығармаларын ағылшынша жазатын Эрнест Хемингуэй «Мен сондай-ақ алты күнге созылған қызықты велосипед жарысы мен биік таудың тас жолындағы дәл сондай қайталанбас жарыстарды да суреттеп жазар едім. Мұны тек француз тілімен ғана суреттеп жазуыма болар еді, өйткені велосипед жөніндегі терминнің бәрі французша болып келеді. Бұл жайында жазудың қиындығы да, міне, осында жатыр», («Қызығы мол сол жылдар») деп жазыпты. Қала­мы­нан туындаған шығармаларын бүкіл әлем жұртшылығы сүйіп оқитын қаламгер, Нобель сыйлығының лауреаты Э.Хемингуэй велосипедке қатысты терминдердің бәрі француз тілінде болғандықтан велосипед жарыстары туралы ағылшынша жаза алмайтындығын айтып қиналыпты. Егер шындығында да өзге тілдің терминдері қабылдаған тілдің байлығы болса, оларды өзге тілдегідей жазғаннан тілге келер зиян болмаса, онда неліктен Э.Хемингуэй секілді әлемге мәшһүр қаламгер өз шығармашылығында оларды пайдалана алмаған? Осы бір ғана «велосипед» сөзі төңірегінде ой өрбітіп көрелікші. Ағылшындар «велосипед» сөзін 1819 жылы француздың vélocipède сөзінен алған. Француздар бұл сөзді жоғарыда айтылғандай латынның velox (velocis) – тез; жылдам, pes (pedes) – аяқ деген екі сөзін қосу арқылы жасаған. Яғни, қазақ тіліне сөзбе-сөз аударғанда «жылдамаяқ» немесе «жылдамаяқтар» болады. Ағылшындар «velocipede» сөзін біршама уақыт қолданып, 1849 жылы велосипедтің жаңа, жетілдірілген түрі шыққан кезде оны bicycle [‘baisikl] – /байсикл/ деп атап, бұл сөзді осы күнге дейін қолданады. Қазіргі ағылшын тілінде «bicycle» сөзі берік орныққан. Бұл сөз латынның bi «екі» және гректің kyklos «дөңгелек, шеңбер» деген сөздерінен жасалған. Калька жолымен қазақшаласақ «екішеңбер», «қосдоңғалақ» болып шығады. Қазіргі француз тілінде бастап­қыда өздері жасаған «vélocipède»-нің vélo-сы ғана қалған. Яғни, «вело» түрінде ықшамдалған нұсқасын қолданады. «Вело­сипед» сөзі орыс тіліне XIX ғасырдың екінші жартысында француз тілінен кірген болса, ал біздің тілімізге XX ғасырдың бірінші жартысында орыс тілінен «велосипед» түрінде еш өзгеріссіз алынған. Француздар – «вело», ағылшындар – «байсикл», орыстар – «велосипед» деп әрқайсысы өзінше жасап немесе өз тілдерінің табиғатына қарай бейімдеп қабылдаған осы сөзді біз көршімізден айна-қатесіз көшіре салыппыз. Туыстас славян тілдері тобына жататын, орыстардың іргелес көршісі белорустарда бұл көліктің атауы ретінде «ровар» және «веласіпед» деген екі сөз қатар қолданылады. Тілдерінің тегі мен түбі бір екендігіне қарамастан белорус­тар да басқа балама алған және кірме сөзді өз тіліне икемдеп қабылдаған. Ал бізде дәл орыс тіліндегі қалпын сақтап қабылданған сөздер жалғыз «велосипедпен» шектелмейтіні баршамызға аян. Олар жүздеп, мыңдап саналады. Кеңестік кезеңде қалыптасқан шет тілдерінің сөздерін орыс тіліндегідей айтып-жазып, тілімізге солай қабылдау дәстүрін бүгін де жалғастырып келеміз. Соған қарағанда біз әлі жасампаздық пен көшірімпаздықтың аражігін ажыратуға, өз тіліміздің табиғаты мен ішкі заңды­лықтарын сақтауға аса құлықты емес те сияқтымыз. Осы әңгімеге арқау болып отырған «велосипед» сөзінің тіліміздегі қолда­нысына назар аударсақ, мына бір мысалды аттап өтудің реті жоқ. Белгілі жазушы Мархабат Байғұт бір әңгімесінің атауын «Белесебет пен байлық» деп атапты. Осы бір бүгінгі қоғамды жайлаған дертті арқау еткен мазмұнды да шып-шымыр, шағын әңгімесінің «– Бала кезіңде белесебет ұрлағаның тізімнің басында тұр, – деді біреуі» деп басталатын соңғы төрттен бір бөлігінде ғана автор «белесебет» сөзін 21 рет қолданыпты. Қазақтың қабырғалы қаламгері бұл сөзді орфографиялық сөздіктегідей етіп «велосипед» деп неге жазбаған? Әлде оған сауаты жетпеді ме? Жоқ, мүлде олай емес. Бұл – мақсатты қолданыс. Егер қазақтың тілінде, қазақ үшін жазып отырған әңгімесінде қаламгер «велосипед» сөзін 21 рет қолданғанда, бұл әңгіменің тілі осы бір сөзге бола ауырлап, оқырман өзін тас араласқан күрішті шақырлатып шайнап отырғандай сезінер еді. Қаламгер осыны жақсы сезініп, оқырманына тас шайнатқысы келмегендіктен саналы түрде «белесебет» сөзін қолданған. Бір қарағанда, «велосипед» сөзі тілімізге енді ғана кірген «монитор», «блоггер», «риэлтор», «паркомат», «прайм-тайм» сияқты жаңа атаулар санатынан емес. Бұл сөздің тілімізде қолданылып келе жатқанына шамамен 70-80 жыл болды. Жұртшылықтың көре-көре көзі де, ести-ести құлағы да, жаза-жаза қолы да үйренетін уақыты болды. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне де, орфографиялық сөздігіне де «велосипед» түрінде енгізілген. Яғни, кірме сөздің тіліміздегі қолданылуы лексикографиялық тұрғыдан заңдастырылған. Былай қарасаңыз, оны бұрмалап жазуға ешқандай негізіміз жоқ сияқты. Соған қарамастан, жазушы оны «белесебет» деп жазады да, еліміздің ең көп таралыммен шығатын бас газеті «Егемен Қазақстанда» М.Байғұттың әңгімесінің атауы үлкен әріптермен «Белесебет пен байлық» (28.01.2015) деп беріледі. Неге? Оның себептерін іздей бастасақ, ең басты себебі – бұл сөз о баста тіліміздің фонетикалық, мор­фо­­логиялық заңдылықтарына сәй­кес, өзгеріске ұшырамай, дәл орыс тілін­дегі қалпын сақтап қабылданған. Ахаңша айтқанда «қазақтың шапанын жамылып, тымағын кимей», тіліміздің заңдылықтарына бағынбай енгендіктен, бір ғасырға жуық қолданып жүрсек те, жаттығын жасыра алмай, тілге сіңбей, кірмелігі көзге ұрып тұр. Ал «болыс», «самаурын», «бәтіңке», «бөтелке» немесе араб тілінен енген «қалам», «дәптер», «әлем» сияқты жүздеген сөздер тілімізге судай сіңіп, тастай батып кетті. Мұндай сөздерді бүгінгі тіл тұтынушылары жат сөз деп жатсынбайды, төл сөздерімізбен тең көреді. Көркем әдебиет тілінде де, баспасөз бетінде де, оқулық пен ғылыми мәтінде де бірдей жазамыз, біркелкі қолданамыз. Өйткені, олар тіліміздің заңдарына бағындырылып алынған, кірген тілінің төл табиғатына сәйкестендіріліп қабылданған сөздер. Ал енді «велосипед» сөзіне келсек, біріншіден, осы сөздің басында тұрған «в» тілімізге өткен ғасырдың 40-шы жылдары қабылданған кірме дыбыс. Қазақ тілінде «в» деген дыбыс болмаған, сондықтан әліпбиіміздің басынан орын беріп, 70-80 жыл ішінде оны бірнеше ұрпақтың құлағына құйып, санасына сіңіріп, қанша жерден жаттап алсақ та, одан басталған сөздің бөтендігі сезіліп тұрады. Тілдік сезімі бар адам «в» әрпінен сөз бастаудың тілге жатық, құлаққа жағымды бола алмайтынын бірден аңғарады. Екіншіден, қазақ сөздерінде «о» дыбысы (ойшыл, ошақ, бостандық, жолаушы, торсық және т.б.) сөздің басында немесе бірінші буында қолданады. Кірме сөздерде болмаса, төл сөздеріміздің екінші, үшінші буындарында немесе сөз соңында «о» дыбысы кездеспейді. «Вело» дегенде ол екінші буында тұр. Үшіншіден, қазақ тілінің ең негізгі заңдарының бірі үндестік заңы бойынша сөз құрамындағы буындар біркелкі жіңішке (береке, көрік, шүмек, т.б.) немесе біркелкі жуан (ағайын, қарағай, тұмар т.б.) болады. Ал аралас буынды «велосипед» қазақ сөзінің табиғатына бұл жағынан да үйлеспей тұр. Төртіншіден, қазақ тілінде «д» дыбысына сөз аяқталмайды. «Бренд», «жиһад» сынды кірме сөздерде болмаса, қазақ сөзі «д»-ға бітпейді. Жалпы, көпшілік үшін бұл сөздің мағынасының күңгірттігін айтпағанда, жоғарыда аталған себептердің өзі оның тілімізде еркін қолданыс табуы үшін аз кедергі емес. Міне, осындай себептерге байланысты М.Байғұт «велосипед» орнына «белесебет» деп саналы түрде қолданған. Сол себептен де біз авторға және оның «Белесебет пен байлық» деген әңгімесінің тақырыбын ірі әріптермен көзге ұрып тұратындай етіп берген «Егемен Қазақстан» газетіне қазақ тілінің орфографиялық сөздігі мен түсіндірме сөздігін басшылыққа алмадыңыздар деп кінә артудан аулақпыз. Керісінше, орыс тіліндегі қ алпын сақтай отырып қабылдап алынған сөзді сол сірескен күйінде бермей, қазақ тілінің үн-ырғағына келтіріп үйлестіріп қолданған қаламгер мен оны түзетпей берген газет ұстанымына біз де қосыламыз. «Велосипед» деген кірме сөзді сол қалпында өзгеріссіз пайдалана алмай жүрген жалғыз Мархабат Байғұт қана емес. «Белесебет» деп қолданып жүрген қаламгерлер мен журналистер жетерлік. Мәселен, арамыздан жуырда ғана кеткен аса білікті азамат, көрнекті театр сыншысы Әшірбек Сығай «Өмірде адамдардың бәрі де – актер» деп аталған сұхбатында «Белесебет, гармонь, мандолиналар да бірінші болып менің қолыма тиіп жатты» («Жұлдыздар отбасы», 2011.№8) десе, белгілі қаламгер Нұрғали Ораз «Бұлақтан басталған өмір» деген мақаласында «Бердібек Соқпақбаев шығармалары сонау жетпісінші жылдардың ішінде, шөлейт аймақтағы шағын ауылдарда доп ойнап, белесебет теуіп, қой бағып, шаң-топыраққа батып жүріп балалық шақтың бал күндерін кешкен біздің буынға арнап жазғандай көрінетін-ді», («Алматы ақшамы», 08.10.2014) деп жазады. Қазақты, қазақ тілін бір қазақтай білген, ұлт зиялылары Гераға атап кеткен Г.Бельгер былай деп жазады: «А вот слова «тюрьма» нет в казахском языке. Нет и все тут! Как-то обходились вольные сыны степей без этого атрибута цивилизации. А когда понадобилось, прибегли к искаженному «түрме». Также приспособили и другие слова: зауыт (завод), тауар (товар), самауыр (самовар), экуатр (экватор), кәмпеске (конфискация), пірканшык (приказчик), белесебет (велосипед), кәмөнес (коммунист), ауылнай (председатель аульного совета), бipгәдір (бригадир) и т. д». Бір сөзге осынша неге қадалды екен дейтіндер табылып жатса, бір сөзді таратып айту арқылы оның арғы жағында бұралқы сөздердің аз еместігін аңғарту. Барлық бұралқы сөздерді таратып айта беруге мақала көлемі көтере бермесе керек. Белгілі аудармашы Бекболат Әдетов­тің мына төмендегі пікірі сөз бо­лып отырған мәселеге тікелей қатыс­ты. Ол Джек Лондонның жинағына енген екі әңгімесі мен «Теңіз қорқауы» романының аудармалары туралы айта келіп, былай депті: «Бірден айтайық: аударма сәтті, толымды. Кей тұстарындағы кедір-бұдырлары болмаса, сөз арнасы төл шығармадағыдай-ақ еркін жосылып отырады. Ал бойындағы кездесе беретін теңіз терминдерінің көптігі мен «брезент», «мокасин», «факт», «поселка», «морж», «ласос» (дұрысы – лосось – арқанбалық), «корм», (дұрысы – корма, ал «корм» деп малдың жемін айтса керек), «гудок», «шторм», «тропика» (дұрысы – «тропик»), «индивидуалист», «вивисектор», «шквал» секілді сан-сапа сөздерді айтпасқа амал жоқ. Роман – ғылыми еңбек емес екенін ескеріп, осылардың біразын жайдақтатып, жалпақ тілмен-ақ алса болмас па еді деген ой келеді» («ҚӘ»,6.06.2014). Әңгіме көлік, қарапайым техника атауы туралы болып отырғандықтан, осы тақырыпқа қатысты ғана сәл ой өрбіте бастасақ та талай мәселенің шеті қылтияды. Мәселен, «самолетті» – «ұшақ», «ракетаны» – «зымыран» деген баламалармен алмастырдық. Ал орфографиялық сөздікте «поезд» сөзін – «пойыз», «машинаны» – «мәшине» деп жазуды заңдастырдық. Солай жазып, қолданып та жүрміз. Ендеше, не себепті «велосипед», «мотоцикл», «трамвай», «автобус» сөздерін «пойыз» тәрізді тілімізге икемдеп, өзгертіп жаза алмаймыз? Өзге де мыңдаған кірме сөздер турасында да осыны айтуға болады. Яғни, бұл біздің кірме сөздерге, терминдерге балама ұсыну, оларды жазу, жалпы тілімізге қабылдау мәселесінде берік ұстанатын ортақ қағидаттарымыздың болмай отыр­ғанын, барының солқылдақ, осал екендігін көрсетеді. Бес сөзді өзгертіп жазып, бес мыңын өзгертпей қалдыру тілдік реформа бола алмайды. Барлық кірме сөз бір қағидаға бағынып жазылып, белгілі бір тілдік заңдылықтарға сәйкес қабылдануға тиіс. Бізде бірқатар ғалымдар, кейбір тіл мамандары, көркем мәтіннің ғылыми мәтінге, термин шығармашылығының көркем әдебиетке ешқандай қатысы жоқ деп санайды. «Терминжасам көр­кем әдебиет тілінен бөлек ғылым тілі аясында дами беруі тиіс» деген сыңай­лы көзқарастарын білдіріп жатады. Терминдерді шет тілдерінен өзгеріссіз ала беруден де жалпыұлттық тілге келе­тін ешқандай зиян жоқ деп түсінеді. Бұл біржақты, жаңсақ пікір. Олай болатыны жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі мен ғылым тіліндегі арнаулы терминдердің бейтерминдену үдерісі үздіксіз жүріп жатады. Жалпылексикалық өріс пен терминологиялық өрістің арасын мүлдем бөліп тастау мүмкін де, қажет те емес. Мәселен, соғыс тақырыбына жазылған көркем шығармаларды әскери атақтар мен шендер, әскери техника атау­лары мен әскери бұйрықтар, командаларсыз елестету мүмкін емес. Музыка, медицина, спорт тақырыбына қатысты жазылған шығармалар туралы да соны айтуға болады. Сондай-ақ, көптеген көр­кем шығарманың кейіпкерлері бел­гі­лі мамандық иелері. Шығармаға солар­дың кәсіби тіл элементтерін енгізіп, өз саласының арнаулы сөздерін, термин­дерін мақсатты қолдану арқылы қалам­герлер сол кейіпкерлердің образын, көр­кем бейнесін аша түседі. Міне, сондықтан да терминдердің барлығын көркем шығарма тілінен оқшаулап ұстап, оларды тек ғылым тілі мен терминологиялық сөздіктер шеңберімен шектеп тастау мүмкін болмайды. Ендеше, терминдерді шет тілдерінен алғанда, аударғанда, түрлі тәсілдерді пайдалана отырып жасағанда әдеби тіл нормасын, тіліміздің фонетикалық, морфологиялық және басқа да заңдылықтарын сақтауды естен шығармауға міндеттіміз. Жалпы, өз сөзін өгейсініп, жатсөзқұмарлық жетегінде жүргендер осыны түсінсе екен дейміз. Көркем шығармалардағы термин қолданысы туралы сөз еткенде ескерусіз қалдыруға болмайтын тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – жаңа терминдер мен атаулардың, кірме сөздердің ұлт тіліне сіңіп, қалыптасуындағы көркем әдебиеттің рөлі. Бүгінгі уақытта көркем шығарманың таралымы шектеулі, оқырманы аздау болғанымен ол бүкіл халыққа, жалпақ жұртқа бағытталып, жалпыға ортақ әдеби тілде жазылады. Оны хат танитын баладан бастап, барлық жастағы адамдар оқып, түсіне алады. Әрине, адамның білім-парасаты мен ұлт тілін меңгеруінің деңгейіне қарай шығарманың идеясы мен көтерген мәселесін әркім әртүрлі деңгейде қабыл­дайды. Ал шығарманың жалпы мазмұны мен оқиға желісін әдеби тілді орташа меңгерген оқырман қауым түсінетіндігіне күмәнданбауға болады. Көркем шығарма белгілі бір ма­ман­дықпен шектелмейтіндігімен ерек­шеленеді. Міне, бұл жағынан келгенде қанша жерден кітап оқитындар азайды дегенмен, көркем шығарманың сөз қалыптастырудағы орны ерекше. Көркем шығарма үшін әр сөздің қолданысына, синонимдердің таңдалуына, сөздердің тіркесімділігіне үлкен мән беріледі. Сонысымен де ол көркем әдеби тіл деңгейіне көтеріледі. Жаңа атаулар мен терминдердің, тілімізге еніп жатқан кірме сөздердің көркем шығармаға енуі, көркем проза мен поэзияда қолданылуы – олардың әдеби тілге қабылдануының бір шарты іспетті. Сол себептен де әдеби тілдің сөздігін жасау барысында мысалдар негізінен көркем әдебиеттерден, белгілі ақын-жазушылардың шығар­маларынан алынады. Орынборда өткен «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезіндегі» баяндамасында Елдес Омарұлы да, 1926 жылғы Бакуде өткен «Бірінші бүкілодақтық түркология құрылтайында» жасаған бая­н­- дамасында Ахмет Байтұрсынұлы да «Қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек» деген қағидатты ұсынған еді. Бұл қағидатты біз ұстана алмадық. Ұзақ мерзімдік бодандық бізге өзгенікінің бәрін зор, өзінікін қор санау психологиясын сіңіріп тастаған. Тәу­менділіктен, құлдық сананың сар­­қын­шақтарынан әлі арыла алмай келеміз. Оның көріністері тілден де айқын аңғарылады. Шет тілдерінен сөз қабылдауға ешкім қарсы емес. Бұл тілдер арасында болатын табиғи құбылыс. Бірақ өзге тілдің сөздерін өз тіліңді бұзбайтындай етіп икемдеп, қорыта алатындай мөлшерде ала білу маңызды. Олай ете алмаған тілдер өз заңдылықтарын күйретіп, өзге тілдің үстемдігіне жол береді. Поляк ғалымы, түркітанушы Хэнрик Янковски «Барлық тілдерде де кірме сөздер бар, ал қазақ тілінде мөлшерсіз», дейді. Біз оны теріске шығара алмаймыз. Зерттеушілер қазіргі замандағы ең кең тараған тіл ағылшын тілінің сөздік қорының 75-80 пайызын негізінен латын мен француз тілінен енген кірме сөздер құрайды деп көрсетіп жүр. Бұл шындықтан алшақ емес. Орыс тіліндегі жағдай да соған ұқсас. Біздің кейбір ғалымдар мен азаматтар осы тілдерді үлгі ретінде ұсынып, «біз олардан әулиеміз бе» дегенді айтып жүр. Бұл түбірінен қате пікір. Қате болатын себебі, ол тілдер кірме сөздерді түгелдей дерлік өз тілдеріне икемдеп алды. Мәселен, ағылшын тіліне француз тілінен енген көптеген кірме атауларды олардың этимологиясын арнайы зерттеп барып қана анықтауға болады. Өйткені, олар адам танымастай, дәлірек айтқанда, француздар өз сөзін өзі танымастай қалыпта өзгеріске ұшырады. Қытай мен орыс та солай істеді, өзгелер де сөйтеді. Сондықтан мыңдаған, миллиондаған «кірмелер» олардың тіліне кірігіп, сіңіп кетті. Ал біз араб пен парсы сөздерін ғана солай игердік те, ал орыс сөздерін өзгертпей алуға көштік. Кеңестік кезеңде негізі қаланған осы ережені әлі басшылыққа алып келеміз. Осыны айтсаң, тіл табиғатын сақтап, ғылымға сүйенудің орнына орыс орфографиясы бойынша жазып, орыс орфоэпиясы бойынша айта білуді білімділік, қазақтың жетілгендігі деп санайтындар пайда болды. Олардың орыс тіліне енген түркі сөздерінің қалай өзгеріп кеткенін неге көрмейтініне қайран қаламыз. Сондай-ақ, орыс тіліне тән дыбыстар мен орыс тілінің заңдылықтарын, орфографиясы мен орфоэпиясын өз ережеміздей қабылдап, бізге оны саналы түрде таңғысы келетіндер де бар. Бүйте берсек, сөз мәдениеті, тіл тазалығы деген ұғымдар қайда қалады? Орыс тілі жат сөздерді жатсынбайды деп ойлайтын кейбір ағайындардың орыс тілі мамандарының да қазір шет тілдерінің сөздерін қабылдауға шектеу қоймаса, орыс тілі, орыс менталитеті зардап шегетінін айтып, дабыл қағып жатқанын біле бермейтін сияқты. Әйтпесе, тіліміздің жасампаздық қабілетін арттырудың орнына, тәп-тәуір жасалған қазақ сөздерін қомсынып, кірме сөздерге кіріптарлықты дәріптемес еді. Шет тілі сөздерін шексіз көп қабылдаудың, өзгенің сөзін өзгертпей алудың тілге үлкен зиян келтіретінін, ұлттық дүниетанымды, әлемнің ұлттық тілдік бейнесін лайлайтынын түсінбеу – үстем мәдениет, үстем тіл жетегінде кеткендіктің белгісі. Мүмкін өзіміз айтсақ, жүре тың­дайтын кейбір ағайындар, орыс тілі мамандарының сөзіне құлақ қояр. Солардың айтқанын аудармай, қаз-қалпында берейік. Мәселен, С.М.Треблер мен О.Г.Мусалаева былай деп жазады: «Ведение в активное употребление иноязычных слов (особенно через речь молодежи) приводит к вытеснению коренных русских слов, а вместе с ними и снятию важных национальных образов мира, традиционно присущих русской ментальности и сохраняемых внутренней формой славянского слова. Проблема эта настолька важна, что многие государства запретили бездумное употребление англицизмов в системе национальных языков». Орыс тілінің мамандары көптеген мемлекеттер ағылшын сөздерін көзсіз қабылдай беруге тыйым салғанын айта отырып, олар байырғы орыс сөздерін шеттетіп, орыс діліне тән әлемнің маңызды ұлттық образдарын жоюға апарады дейді. Осы мақаланың «Заимствованное слово: слово покушение на русскую ментальность» деген атауының өзі бірден назар аудартады. Біздің кейбір мамандар да, маман еместер де кірме сөздерді еш негізсіз қорғаштап, оларды өркениет жаршысы санаса, орыс тілінің мына мамандары «кірме сөз – орыс діліне жасалған қастандық» деп санайды. Әншейінде осы тілді үлгі тұтатындар, олардың да кірме сөздерді құшақ жайып қарсы алғысы келмейтініне көңіл аударғаны жөн болар. Жалпы, бізге кірме сөздерді қабылдау, тілге сіңіруде кеше басшылыққа алынған, бүгін және ертең табан тіреуге тиісті қағида, ережелеріміз жөнінде шындап ойлануға тура келетіні байқалады. Осының бәрі түптеп келгенде, отызыншы жылдардан бастап соңғы 80-85 жыл көлемінде кірме сөздерді тілімізге дұрыс сіңіре алмай, оларды орынды-орынсыз қабылдап және ұлт тіліндегі сөзжасамға тұсау салып келгеніміздің салдары. Басқа түк те емес. Біздіңше, о баста «велосипедті» қазақшалап үндестік заңына сәйкес «қосдоңғалақ» немесе «қосдөңгелек» деп алсақ тілге бір жаңа атау баяғыда-ақ сіңіп кетер еді. Тілге сіңбей жүрген осы атауды қазір де жаңаша атауымызға болады. Тіл өзіміздікі, соған қақылымыз. Тек бір қазақ бір жаңа атау ұсынса, екіншісі «белесебетті қайта жасап қажеті қанша?» деген жаттанды, даярды ғана алып үйренген тұтынушы психологиясын жеңіп, өз қолымызбен де жасап үйренуге ұмтылғанымыз жөн шығар. Ағылшындар отыз жыл француз сөзін қолданып, содан соң өзгертіп алды ғой. Олар өзіне келгенде өзгеге жалтақтай бермейді. Ахаңдар аман болса, мыңдаған кірме сөздердің орнына «бастауыш» пен «баяндауыш» сияқты тамаша қазақша баламалар жасалынар еді-ау! Өзгені құрметтеп үйренген әдетімізден жаңылмай, «қосдөңгелекті» тілімізге сәл ғана икемдеп «белесебет» деп қабылдасақ та қазақ белесебет тебе алмай қалмас еді ғой. Бұдан француз бен орыс тілі зардап шегеді деу, тіпті ақылға сыймайды. Әттең, тарихи санамыз тарылып, ұлттық санамыз ұйықтап, тілдік санамыз тізерлеп қалмағанда, бай да құнарлы қазақ тілі қабылдампаздыққа ұрынбай өзінің жасампаздығын айдай әлемге паш етіп тұрмас па еді? Бұған әлі де кеш емес. Үмітіміз зор. Ол үшін алдымен ортайып кеткен ұлттық сана, тарихи сана, тілдік саналарымызды толтырумен қатар ғылыми санамыздың да деңгейін көтеруіміз керек. Елі ерікті, жері көрікті, мемлекеттілігі мызғымас, Азия барысы, Мәңгілік Ел болуды мақсат етіп отырған қазақтың оған бүгін қарым-қабілеті де, ерік-жігері де, ақыл-парасаты да жетеді деп білеміз. Сабырлы шешім, саналы әрекет жасап, байыпты бағыт ұстана алсақ, қазақтың бар қасиетін сақтап тұрған тілінің де байлығын еселеп, әуезділігі мен төл ерекшеліктерін жоғалтпауға негіз қалай аламыз. Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі. АЛМАТЫ.