Тағзым • 16 Мамыр, 2024

Даңқты батырдың дара жолы

70 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық универ­сите­тінде тәуелсіз еліміз­дің тұңғыш Қор­ғаныс министрі, Халық қаһар­маны С.Нұрмағам­бетов­тің туғанына 100 жыл толуына орай «Сағадат Нұрмағамбетов: тумысы бөлек тұлға» тақы­ры­бында ғылыми-тәжіри­белік конференция өтті.

Даңқты батырдың дара жолы

Іс-шараға Парламент депутаттары, мемлекет қайраткерлері, әскерилер, ғалымдар, Халық қаһарманының туыстары мен студенттер қатысты. Конференцияны ашып, алғашқы сөзді алған университет ректоры Ерлан Сыдықов Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі Қазақ елінің тарихында алтын әріппен жазылатынын атап өтті.

– Ол көрнекті әскери қолбасшы ғана емес, Отанға деген махаббат пен жауапкершіліктің, батырлық пен қайсарлықтың хас үлгісі болатын. Сағадат Нұрмағамбетов Қару­­лы күштеріміздің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Бүкіл өмі­­рін туған халқына еңбек етуге арна­­ды. Мұндай іс-шаралардың мақ­саты – батырларымызда болған адам­гер­шілік пен ержүректік секілді асыл қасиеттерді бүгінгі жастар­дың бойына дарыту, – деді Е.Сыдықов.

Сағадат Қожахметұлы Красно­­дар өлкесін, Украинаны, Мол­до­ва­ны, Батыс Беларусь пен Поль­­шаны азат етуге қатысты. Батыр­­дың батальоны Гитлердің Рейх кан­цел­я­риясының ғимара­тына жасалған шабуылға да ара­ласқан. Жеңістен кейін батальон­ның жеке құрамы мемлекет­тік маңызы бар маңызды нысандарды күзету міндеттерін орындады. 20 жасында Сағадат Нұрмағам­бетовке Кеңес Одағы­ның Батыры атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. Сонымен қатар ол тәуелсіздік алғаннан кейін та­ғайындалған «Халық қаһар­ма­ны» атағының тұңғыш иегері.

Жиынға қатысушылар көр­нек­ті әскери қолбасшының адами және кәсіби қырлары жа­йында айтып, оның жастарды отаншылдыққа тәрбиелеудегі маңызын да естен шығармады. Саға­дат Нұрмағамбетовтің шәкірт­терінің бірі – генерал-лейтенант Абай Тасболатов ұстазының кейін­гі буынға тек әскери өнерді үйретіп қана қоймай, көптеген өмірлік үлгі-өнеге көрсеткенін де айтады.

«Ол кісі біздің екінші әкеміз­дей болатын. Адам бойындағы Отанға деген махаббат қиын-қыстау уа­қытта оянатын секілді. Қарап тұр­саңыз, Сағадат Қожахметұлының да балалық шағы оңай болмапты. Ата-анасынан жастайынан айырылып, ағасы Сағиттың тәрбиесінде өсті. Отанды жаудан қорғауға атсалысып, белуардан қан кешіп, 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атанды», деді ол.

Абай Тасболатов даңқты батыр­дың соғыс кезіндегі ерен ерлігіне тоқталып, бүгінде көп адам ол екі мәрте Кеңес Одағы­ның Батыры атағына ұсынылғанын біле бермейтінін жеткізді. «Оның батальоны өзеннен өтіп, плацдармды жаудан азат етеді. Сол арқылы дивизияның еркін қимылдауына жол ашқан болатын. Бұл оңай жұмыс емес еді. Осыдан кейін дивизия командирі оны екінші рет батыр атағына ұсынған. Алай­да оған тек Қызыл Ту ордені беріл­ді. Адамның 20-ақ жасында мұн­дай ерлікке баруы тек айтуға оңай. Бұл уақытта ол взвод, рота, батальон­ның командирі болып үлгерген еді. Көп адам мұны біле бермейді», деді генерал-лейтенант.

Сонымен бірге ол еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін Сағадат Нұр­мағамбетов алғашқы Қорға­ныс министрі болғанда да даңқы қаһармандық жолын әрі қарай жалғастырып, өзінің ең үздік кәсіби және дарынды қырларын көрсеткенін айтады.

«Ол уақытта елдің жағдайы қиын еді. Қаражат жетіспегеніне қарамастан әскеріміздің оқу-жаттығу жиындары жиі өткізіліп тұрды. Оның тағы бір маңызды қыры – адамның қабілетін тани білетін. Қарымы мол кадрлар­ға жас­­тайынан сенім артып, бас­шылық лауазымдарға тағайын­дады», дейді А.Тасболатов.

Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының оқытушысы Әбубәкір Смайылов Сағадат Нұр­мағамбетовтің өміріне қатыс­ты зерттелмеген дүние әлі де көп екенін айтты. «Тарихи тұлғаның елі үшін екі рет ерлік жасағанын айтуымыз керек. Біріншіден, 19 жасында майданға аттанып, 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атанса, екіншіден, еліміз тәуелсіздік алған қиын-қыстау кезеңде шине­лін қайтадан киіп, Қарулы күш­тер­дің нығаюына өлшеусіз үлес қосты. Сонымен қатар еліміздің халық­аралық деңгейдегі әскери ын­ты­мақтастығын дамытуға белсен­ді атсалысты. Бұл бағытта әскери ға­лы­м­­дар зерттеу жұмыс­тарын қолға алса екен деген тілегіміз бар», деді ол.

Ә.Смайыловтың айтуынша, 2005 жылы БҰҰ Бас Ассамблея­сы­ның отырысында бүкіл әлемнен жалғыз ғана майдангер сөз сөй­леген. Ол Сағадат Нұрма­ғам­бетов болатын. «Біз Халық қаһар­маны­­ның сондағы сөйлеген тарихи сөзін БҰҰ-ның архивінен алдырдық. Осы іске қолғабыс еткен Сыртқы іс­тер министрлігіне, елшілікке алғысы­мызды білдіреміз. Оның айтқан сөз­дері, ұсыныстары әлі күнге дейін өзекті­лігін жоғалтпады. Қазіргі әлем­дегі геосаяси ахуалға орай туын­дап жатқан кикілжіңдерге зер салып отырсақ, оның сонау жылы айт­қан пікірлері батырдың көреген­ді­лігін көрсетеді», деді Ә.Смайылов.

Конференцияға қатысқан Мә­жіліс депутаты Ермұрат Бапи қазіргі таңда жұртшылық алғаш­қы Қорғаныс министрінің қан­дай адам болғанын әлі де тани қоймағанына қынжылыс білдірді. «Біз Сағадат Қожахметұлы жа­йында қанша көп айтсақ та, сонша аз білеміз. Мәселен, ол туралы кино түсірілген жоқ. Өткен жылы қолыма атақты батыр жайында фильм сценарийі түсті. Үлкен қызығушылықпен оқып шықтым. Алайда бұл жобаны қолға алатын ешкім табылмай тұр», деді ол.

Іс-шара барысында «Қазақ газет­тері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, ЕҰУ про­фес­соры, тарихшы Тілеген Са­дықов, Конституциялық сот судьясы Еркін Оңғарбаев баяндама жасады. Сонымен қатар Сағадат Нұрмағамбетовтің БҰҰ мінберінен сөйлеген кездегі бейнежазбасы тұңғыш рет көпшілікке көрсетілді. Конференция аясында Әскери-тарихи музейдің даңқты қолбасшының 100 жылдығына арналған көрмесі мен деректі фильм көрермен назарына ұсынылды. 

Соңғы жаңалықтар

Күзгі қомырған

Мирас • Кеше

Иткөйлек

Оқиға • Кеше

«Хат қоржын»

Егемен Қазақстан • Кеше

Жастар белсенділік танытты

«Таза Қазақстан» • Кеше