16 Қазан, 2015

Байланыстырар бағыт баршылық

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Астанада Иран-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының отырысы өткізіліп, онда екіжақты байланыстарды тереңдете түсудің мүмкіндіктері қаралды. Иран біздің елімізден тым шалғайда жатқан мемлекет емес. Екі араны ортақ айдын – толқынды қарт Каспий, тарихи-мәдени ортақ құндылықтар, сонау көне Жібек жолымен жүріп өткен керуендер жақындастыра түсетіні сөзсіз. Оның үстіне, сыртқы саясатта өзара ынтымақтастықты өрістету, Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы тұрақтылықты сақтау, Каспий мәселесі бойынша ортақ келісім жолдарын іздеу және оның құқықтық мәртебесін анықтауға күш салу, Каспий жағалауындағы мемлекеттер арасындағы байланыстарды жандандыру, теңіз экологиясын сақтау, сондай-ақ, Ауғанстандағы бейбітшілікті қалпына келтіруге мән беру сияқты мәселелер Иран үшін де, Қазақстан үшін де үнемі қаперде ұстайтын маңызды істер. Ал екі елдің экономикалық ынтымақтастығын өрістету елдеріміз арасындағы резервтерді пайдалана отырып тиімді жүргізілсе, сауда айналымы дамып жатса, қай тараптың да ұтылмасы анық. Оның үстіне, Иран әлемдік ұлы су жолдармен шектесіп жатқан және логистикалық әлеуетін қай жағынан да дамытып жүрген ел. Сондықтан да екі елдің іскерлері кездесіп, уағдаластыққа қол жеткізіп, Каспийдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланып, мұнай саласында, оның ішінде оны тасымалдауда өзара бірігіп жұмыс істеуді қолға аламыз деуі құптарлық жайт. Иран үшін біздің еліміздің қызығарлық тұстары да жеткілікті. Иранның өз тауарларын Қазақстан арқылы Ресей, Орталық Азия мен Батыс Қытай аумағына жіберуіне жол ашылумен қатар, Қазақстан бидайын экспорттау, мұнайды өңдеу, минералдық шикізат тасымалдау сияқты салаларға иек артып, өз пайдаларын шығарғылары келеді. Осы ретте Иран Маңғыстау облысында 4-ші мұнай өңдеу зауытының салынуына үлкен қызығушылық танытып отыр. Үкіметаралық комиссиясының отырысында Иранның Ауыл шаруашылығы министрі Махмұд Ходжати: «Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың болашағы зор. Оны барлық бағыттар бойынша: экономикада, сауда мәселесінде және инвестициялар салуда өрістететін мүмкіндіктер мол. Сонымен бірге, Қазақстан мен Иран арасын жалғайтын теміржол құрылысының маңызы ерекше. Біз алға қойып отырған мақсаттарды орындауға бар күшімізді саламыз деп сендіре аламын», десе, Қазақстан тарапынан сөз алған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев: «Біз көптеген жол бағыттарын салудамыз, су және құрлықтағы порттар, әуежайлар бой көтеруде. Ең маңызды бағыттардың бірі – Иран, Таяу Шығыс елдері, батыс Үндістан. Транзиттік жүктердің өтуіне ыңғайлы жағдай жасау үшін әрдайым көлік саласын дамытып отыру керек», дей келе, кейінгі жылдары Қазақстан мен Иран арасында жүк тасымалы артқанын, 2014 жылы оның көлемі 2 млн. 300 мың тоннаны құрағанын алға тартып, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1 млн. тоннаға көп екендігін көлденең тартты. Алайда, әлемдік экономикадағы аxуалдарға байланысты екі ел арасындағы сауда айналымы баяулап кетіпті. Статистика агенттігінің деректері бойынша, Иран мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 2015 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша 360 млн. долларды ғана құраған. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 34 пайызға кем көрсеткіш екен. «Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, егер әріптестіктің барлық шаралары атқарылатын болса, Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-саттық бірнеше миллиард долларға жетуі әбден мүмкін көрінеді. Бұл жөнінде екі елдің президенттері де айтқан болатын. Сол деңгейге жету үшін тараптарға қыруар жұмыс атқару керек екені сөзсіз. Жалпы, Иранмен бұрыннан бері сауда-саттық жасалып келеді. Тек минералдар ғана емес, химия өнімдерін, астық, болат, агроөнеркәсіп тауарларын сатамыз. Соңғы 5 жылда бұл тізім едәуір ұлғайыпты. Болашақта алыс-беріс тағы артады деген үміт бар. «Сол себепті біз Иранмен арада дәстүрлі ғана емес, жаңа тауарлардың да саудасын жасасақ дейміз. Сонымен қатар, Ираннан да түрлі тауарлар алып, ауыл шаруашылығы өнімдерін, көкөніс пен жемістерді елімізге жеткізгіміз келеді. Иранның медицина, ауыл шаруашылығы, нанотехнологиялардағы жетістіктері де біз үшін қызықты», – деді Ә.Исекешев. Ал ирандық тараптың іскер өкілдері де Ұлы Дала елімен байланыстарды тереңдете түсуге ынталылық танытып жатты. Отырыс соңында Қазақстан мен Иран арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат ғылым, жаңа технологиялар, көлік және сауда-саттық сынды салаларды қамтиды. Келіссөздер нәтижесінде екі ел арасында Іскерлік кеңес құрылып, ұйымға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Иранның Өнеркәсіп және сауда палатасы кірді. Сондай-ақ, жиында қос елдің басты банктері арасында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».