16 Қазан, 2015

Атақтарымен құттықтады

432 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ғарышкер Айдын Айымбетов-4444«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Айдын Айымбетовті «Халық қаһарманы» атануымен құттықтады. Елбасы Жарлығымен Қазақ­станның үшінші ғарышкері Айдын Ақанұлы Айымбетовке Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылып, «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағы берілгені белгілі. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов ғарышкерге құттықтау жолдады: «Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегіңіз бен батырлығыңыз үшін «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атақтарының берілуімен шын жүректен құттықтаймын! Сіз осынау ерлігіңізбен Қазақ елінің атағын әлемге әйгілеп қана қоймай, еліміздің ғарыш саласының дамуына үлкен үлес қостыңыз. Тәуелсіздікке қол жеткен күннен бері Елбасы саясатымен қарыштап дамып отырған еліміз ғарыш кеңістігін игеруде де биіктен көрініп, ірі жобаларды жүзеге асыруда. Сол жетістіктердің жүйелі жалғасы іспетті сіздің сапарыңыз өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, мақсаткерлікке тәрбиелеуге үлкен ықпал ететіні сөзсіз. Халқыңыздың ыстық ықыласына бөлеген осынау толағай табыстарыңыз келер күндердегі жеңістеріңізге бас­тау болсын, дей келе, сізге зор денсаулық, жаңа белестердің жетіс­тігін, отбасыңызға бақ-береке тілеймін!» – делінген партия Төрағасы бірінші орынбасарының құттықтауында. «Егемен-ақпарат».

Айдын бұл құрметке әбден лайық

Барша Қазақ елі үшінші ға­рышкеріміз Айдынның сәтті оралуын тілеп, алаңдап, түні бойы көз ілмей, асыға күткендері кеше ғана еді. Шын мәнінде Айдын ұлтымыздың айбынын асырып, рухын көтерді. Енді міне, ғарышкеріміздің батыр атағын алып, Елбасы Жарлығымен «Халық қаһарманы» атанғаны елді тағы бір қуантты. Шынында бұл өте айрықша мәні бар оқиға. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев секілді алдыңғы тол­қын ағаларының жолын жалғап, елі мен ұлтының абыройын көтер­ген Айдын Айымбетов бұл құр­метке әбден лайық. Бұл тек Айдын­ның ғана емес, осы елдің абы­ройын көкке көтерген оқиға болды. Әрине, ғарышқа үшінші қазақтың ұшуы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі, іскерлік қасиетінің арқасында мүмкін болғанын бәріміз сезіп, көріп отырмыз. Әлемде екі жүзден аса мемлекет бар болса, солардың басым бөлігінің ғарышкерлерін ұшыруға мүмкіндіктері жоқ екен. Елбасымыз айтқандай, мұндай мүмкіндігі бар елдер сирек және біз осы мемлекеттердің арасындамыз. 1960 жылы әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы болып саналатын Байқоңырдың құрылысы басталды. Дәл осы жерден 1961 жылы адам жердің тартылыс күшін еңсеріп, ғарышқа ұшты. Содан бері біз Байқоңырдан ұшқан адамдардың барлығын өзіміздің жерлестеріміздей қабылдаймыз. Бүгінде Қазақстанның жер серіктері маңызды коммуникациялық және ғылыми-зерттеу қызметтерін ат­қаруда. Полковник Айдын Айым­бетов сапар барысында өзіне жүктелген барлық міндетті орындады. Осы мақсатқа бөлінген қаражат ұзақ мерзімді, келешекте өзін ақтайды және іс жүзінде зор пайда әкелетін болады. Айдын батырымыздың «Халық қаһарманы» атануы әсіресе, жас ұрпақтың, жастардың жігерін жанып, үлкен арманға жетелеп, қиялына күш-қуат бергені анық. Мұратхан ШҮКЕЕВ, Байзақ ауданының әкімі. Жамбыл облысы.

Тоқтар мен Талғаттың ізбасары

Айдын Айымбетов бауы­ры­мыздың халық алдындағы беделіне, абыройына әрқашан тілектеспіз. Өйткені, аспан әлемінде жұмыс істеу оңай емес. Ұшу сапары толық дайындықты, мұқият әзірлікті қажет етеді. Бұл – кез-келген адам тұрмақ, кәсіби ұшқыштардың маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Әрине, ғарыш ғаламатын игеруге мемлекеттік деңгейде мән беріледі. Бұл өте үлкен жауап­кершілік деген сөз. Екінің бірі шыдас бере бермейтін осындай сапардан аман-есен оралған Айдын бауырымызға берілген «Халық қаһарманы» атағы құтты болсын! Ол – Қазақстанның жоғары марапатына әбден лайық тұлға. Тәуелсіздіктің ширек ғасырына жуық уақытта орындалған отандық ғарыш сапарын жүзеге асыруда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Елбасы Ресей Федерациясымен тиімді келісімдер жүргізе отырып, мемлекет мерейін арттырған мәртебелі жұлдызды жол сапарына қол жеткізді. Бұл оқиға Қазақстанның ғарышты бағындыру тарихында алтын әріптермен жазылатын болады. Бағлан РАЙЫМХАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. ӨСКЕМЕН.

Батырға лайық баға

Тағы бір ұланымыз ғарышқа самғап, еліміздің еңсесін көтеріп, халқымыздың абыройын асқақ­татқаны күні кеше ғана. Мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей алдындағы беделі мен ықпалының зор екенін де айту ләзім. Таңдаудың Айдың Айымбетовке түсуі де тегін емес. Ол бұрын да ғарышкерлер дайындығынан өтіп, әне-міне ұшады деп айтылып жүрген азамат болатын. Қазақ ғарышкері Елбасы сенімін ақтады, алдына қойылған міндеттерді абыроймен орындап, жерге аман-есен оралды. Бұл – тек ұлтын сүйген, еліне қызмет етуді басты мақсат еткен адамның ғана қолынан келетін іс, Отанға қалтқысыз қызмет етудің ерен үлгісі. Осындай жолдан мүдірмей өтіп, батырлық пен батылдық, біліктілік пен білімділік көрсеткен ғарышкер ұланын халқы құрметпен қарсы алып, алақанына салып аялауы өте орынды. Елбасының ғарышкер Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағын беруі, Алтын Жұлдыз бен «Отан» орденін тапсыруы барша қазақстандықтарды қуанышқа бөледі. Біздің мерейіміз өсіп, батырға лайық бағалау екенін түсіндік. Елінің мерейін өсірген ұлтымыздың ұланы мұндай жоғары атаққа әбден лайық. Алдыңғы толқын қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев салған батырлық пен батылдық жолын лайықты жалғастыра білді. Артында намысын жыртып қалың елі тұрғанын Айдын ініміз айқын сезінді. Сөйтіп, ол ғарыш кеңістігіне өз жолын салып қана қоймай, Қазақстанды ғарышкерлері үштен кем емес әлемдегі тоғыз елдің қатарына қосты. Бұл – таңғажайып табыс, талассыз тарихи оқиға. Мұндайда кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп, ғарышкер Айдын Айымбетов пен оның ғарыш кеңістігін игеруге қосқан зор үлесі мен батырлығын бағалай білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс сезімімізді білдіріп, игі тілегімізді айтуды азаматтық парызымыз санаймыз. Жаса, Көк байрақты Қазақстан, жаса қазақтың батыр ұландары деу орынды мұндайда. Ізбасқан АЙМАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері. Ақтөбе облысы.