16 Қазан, 2015

Білім саласындағы бірегей байланыс

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгін Астанада «Bolashak Alumni Reunion Conferenceand Education Fair-2015» атты дәстүрлі көрме-конференциясы өтеді. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мәлім етті. «Бұл шара пікір алмасу, білім беру мәсе­лелерін оқытудағы халықаралық үрдістерді талқылау үшін бірегей алаң деуге болады. Халықаралық сарапшылар Қазақстанда жүргізілген сәтті реформаларға, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында іске асырып жатқан кемел әрекеттеріне баға беріп, «Болашақ» бағдарламасының даму келешегін талқылайды», – деді спикер. Сонымен бірге, Ғ.Нығыметов конференция аясында қазақстандық оқушылар мен студенттер шетелдің оқыту жүйелерімен таныса алатынын жеткізді. Алқалы форумнан кейін 40-тан астам шетелдік университет өздерінің оқыту бағдарламаларын ұсынып, үлкен көрме өткізетінін атады. Жиын барысында, Отанымыз білім беру жүйесін дамытуда үлкен жетістіктерге жет­кенін, бұл туралы жоғары білім саласындағы халықаралық сарапшы Джамиль Салмиде (Марокко) тілге тиек етіп, оқыту ісінде қарқынды қадамдар жасалып жатқанын алға тартты. Ол: «2008 жылдан бастап біз жетекші әлемдік институттармен бірлесе отырып білім беру сапасына бағалау жүргізіп келеміз. Және бүгінде Қазақстан бұл салада айтарлықтай алға басты деп нық сеніммен айта аламын. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасы зор мәнге ие болып, үлкен жетістіктерге жетті», – деді. «Бүгінде көптеген елдер үкіметтері білім бағдарламаларын қаржыландыруды қысқартып жатыр, ал Қазақстанда болса ондай үрдістер байқалмайды», – деп Джамиль Салми сөзін қорытындылады. Былтыр шамамен төрт мың адам қатысқан осындай көрме-конференция биыл екінші жыл өз жалғасын тауып отырғанын да еске сала кетсек дейміз. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».