16 Қазан, 2015

«Қазыналы Оңтүстік» кітабының тұсауы кесілді

595 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Таяуда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен жарық көрген «Қазыналы Оңтүстік» жобасы – Елбасының Мәңгілік Ел, Ұлы Дала елі идеясымен үндесіп отырған көптомдығының тұсаукесері өтті. Аталмыш көптомдық кітап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен бес жыл бойы жарық көріп келеді. «Түркістан кітапханасы» сериясымен Алматы қаласында «Нұрлы әлем» баспасынан қазіргі таңда 311 томы жарық көрді. Жалпы, кітап 500 томды құрайды екен. «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығын шығарудағы мақсат – Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы мен мәдениетін, саяси-экономикалық жағдайын насихаттау. Сонымен қатар, ұлтқа қажет мәдени мұраларды жинақтап, ұрпаққа аманаттау жұмыстары тұңғыш рет оңтүстік өңірде бастау алып отыр. Аталған серияның екінші томы ертегілерге, тағы бір томы толығымен майданнан келген хаттарға арналған. Айталық, әйгілі фольклорист әрі этнограф Ә.Диваев пен Ташкент мұғалімдер семинариясының оқытушысы болған Я.Люшьтің бұрын баспа бетін көрмеген ертегілері алғаш жарияланып отырғанын айта кетсек дейміз. Сол секілді «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени ескерткіштері», «Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты», «А.Ясауи кесенесі», «Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы» секілді тақырыптар да қамтылған. Аталған шараны «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Құрманғали ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде «Президентіміздің «Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ, өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Зерттемесек, жазбасақ, жарияламасақ кім, не деп таниды?» деген сөз бар. Осыған орай, міне, бүгін «Қазыналы Оңтүстік» кітабының 311-ші томының тұсаукесері болып отыр. Ұлт тұтастығының кілті – туған тарих, дін, мәдениет, тіл, әдет, дәстүрді қастерлеу мен бағалауға бағытталған кітаптар сериясы бүгінде оқырманға жол тартты. Тарихи фольклор мен жарияланбай қалған жырларды және ақындардың шығармаларын зерттеп, ұрпаққа аманат ететін бұл жинақты шығару Асқар Исабекұлының бастамасы болып табылады», – деді. Сосын көптомдықтың редакциялық алқа төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов кітап тарихына шегініс жасап, осындай игі істің басы-қасында жүрген ғалымдарға, зиялы қауым өкілдері мен оған қолдау білдірген азаматтарға өзінің жүрекжарды ризашылығын жеткізді. Шара шеңберінде Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев: «Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасы көп нәрсеге түрткі болды. «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығы да сол бағдарлама аясында оқырманға жол тартып отыр. Негізі бұл құнды дүниелердің жарық көруіне бастамашы болып жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов ағамыз. Алғашында 200 том етіп шығаруды жоспарлаған едік, бірақ, тақырыпқа кірген соң бұл 200 томмен шектелмейтініне көзіміз жетті. Ғалымдардан, ұстаздардан құралған 5 бағытқа арнайы экспедиция ұйымдастырылып, оңтүстіктегі барлық елді мекен, ауылдардағы мұражайлар, кесенелер, тіпті көнекөздер де назардан тыс қалған жоқ. Кейбір азаматтардың мынау менің атамнан қалған Құран кітап деп сақтап жүргендері XIV-XV ғасырларда араб тілінде және төте жазумен жазылған шығармалар болып шықты. Осы 311 томның 221 томы осы күнге дейін мүлдем жарық көрмеген рухани құндылықтар. Мысалы, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батырдың», «Қыз Жібек» пен «Мұңлық-Зарлықтың» жаңа нұсқалары енгізілді. Жинаққа кірген Нұрәлі ақынның термелері түгелдей ислам тақырыбына арналған. Бекасыл әулиенің кітабын оқысаңыздар қазіргі замандағы емдік қағидалар айтылған екен. Мен осыны зерттеп, зерделеп жатқан ғалымдарымызға үлкен алғысымды айтқым келеді. Осы кісілер болмағанда біздің бар құндылығымыз қабат-қабат тарихтың астында қалар еді. Сондықтан да Оңтүстік Қазақстанның тарихы Қазақстанның тарихымен түбегейлі байланысты», – деді. Сонымен қоса, тақырып аясында профессор Бақтияр Сманов, филология ғылымдарының кандидаты Саттар Өмірзақов, жазушы-журналист Шойбек Орынбай, редакциялық алқа мүшелері мен ғалымдар тұшымды ой-пікірлерін айтып, кітапты шығару жолындағы біраз қызығы мен қиындық-кедергілерге кезіккен жағдайлармен бөлісіп, өткенді бір шолып өтті. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.