16 Қазан, 2015

...Бір сәттік сәуле

346 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Әбділ дә СБіздің буын жазушы Николай Островскийдің «Құрыш қалай шы­нықты» романының рухында тәр­биеленіп өсті. Мен жамбылдық журналист Әбділда Сәрсенбиев туралы ойлағанда, ең алдымен осы өл­мес туындыны еске аламын. Себебі, Әбекеңнің сол шығарма автор-кейіп­керіне ұқсас жерлері өте көп. Ең түйін­дісі, біздің кейіпкеріміз де сондағы Павел Корчагин сияқты жасындай жар­қылдап жүрген кезінде көз жанарынан айырылып қалды. Бірақ оның роман геройынан бір артықшылығы, Әбділда өзінің өмірге құштарлығы мен қазіргі медицинаның жетілгендігінің арқасында, талай жылғы күрес пен емделудің нәтижесінде жарық дүниені қайта көре алатындай қуанышты күнге қайта жетті. Былайынша Әбділда Сәрсенбиевтің бүкіл өмір жолы өзімен тұстас көп журналистің тағдырына көп ұқсас. Ол да сол замандағы өзі қатарлы қа­ламгерлердің көпшілігі секілді өзі діт­теген оқуына бірден барып түсе алмады. Бұған ең алдымен өз атасының мұны мал дәрігері ретінде көргісі келгендігі себеп болған тәрізді. Сондықтан, оның сөзін жерге тастай алмаған Әбділда мек­теп бітірген 1972 жылы Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институ­тына оқуға түсті. Бірақ өзінің жанына жақын ұяламаған оқу оны өзіне тар­та алмады. Бар шыдамы жарты жыл­ға жеткен ол қысқы бірінші сессиядан кейін-ақ оқуын тастап, үйіне қайтып келеді. Содан совхозға жұмысқа кіріп, өзі құралыптас жастармен бірге ша­руашылықтың сан-сапалақ жұмыстарына араласып кете барды. Сол ауылдастарымен бірге бірде шеңгел шап­са, енді бірде қа­мыс орды, тағы бірде мал қорасын салып, қой қырқуға атсалыс­ты. Сонда ғана барып, атасының қабағы жы­лып: «Қандай оқуға барғың келеді, таңдау өзіңде, аман жүрсең болды», деп батасын береді. Ал қайда жүрсе де «журналист болам» деген талабын ұштауынан танбаған арманшыл жас келер жылдың жазында тағы Алматы асып, ҚазМУ-дің журналис­тика факультетіне құжат тапсырады. Бірақ бірінші жолы талабы оңғарылмай, ауылға құрқол оралады. Осы тұста тағы бір жыл аудандық мәдениет бөліміне әдіскерлік қызмет атқарып, бірқатар спектакльдерде жетекші рөлдерді сомдайды. Енді болмағанда, әртіс те болып кетер ме еді, бірақ келесі жылы көздеген оқуына түсіп, журналистикадағы ілкі қадамына қанат қағады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында баспасөз саласында, оның ішінде облыстық газетте қызмет ету екінің бірінің қолы жете бермейтін мансап-тұғын. Қазіргідей бұқаралық ақпарат құралдары да көп емес. Облыста бүкіл өңір жұрты бе­тіне қараған бір-ақ газет. Журналист жаз­ғандардың орынның босауын, болмаса ке­зе­гін күтуіне тура ке­леді. Осындай мінәйі себеп­термен Әбділда С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің журналис­тика факультетінде бес жыл оқып, журналист мамандығын алып шық­қаннан кейін де га­зет редакцияларына бір­ден бас сұға алмаған. Айлық жалақысы да тәуір, бір жағынан облыс орталығынан кезексіз үй алу жеңілдігі барын ескеріп, бойында күші бұлқынған жалынды жас бір жанашырларының ақылымен «Жамбылстрой» тресінің «Промстрой» құрылыс басқармасында бірер жыл бетоншы-тас қалаушы болып жұмыс істегенді жөн көреді. Журналистің нағыз өмір майданында шыңдалуы дегеніміз, сірә, осы болар-ау! Кейін Әбділданың өндіріс пен құрылыс саласында сауатты жазылған мақалалар топтамаларымен танылып, көсіле қалам тербеуіне бұл мектептің де оң ықпалы болғаны даусыз. Өз басым Тараз қаласындағы «төбесі көк тіреген» алғашқы монолитті ғи­мараттардың пайда болуы кезінен бастап, өндірісті шаһар «эпопеясын» егжей-тегжейлі жазып, елге жеткізген де Әбекең еке­нін жақсы білемін. 1983 жылдан бастап өзі тілшілік қыз­мет еткен он жеті жыл бедерінде ол облыстық «Ақ жол» газетінің бетінде айқын да ай­шықты қолтаңбасын қалдырды. Оның журналистиканың мақала, эссе, суреттеме, репортаж, очерк, сын секілді түрлі жанрларында жазған туындылары оқырмандар көңілін алуан-алуан әсерлерге бөлеп, өз кезіндегі өңір тыныс-тіршілігінің қантамыр бүлкілін тап басуымен де ерекшеленетін еді. «Біз де, міне, дәп осылай жазсақ», деген арман талай өндір жастың көкірегінде бүр жарып, бұлықсығаны анық. Де­мек, Әбекең өз заманындағы екінің бірінің «тісі бата» бермейтін өндіріс тақырыбын қопара жазып, елге, жұртқа жеткізушілердің ізашары, өзіне қарап өсіп, сөзін түзер тұтас бір буынның ту ұстаушысы, тәрбиешісі де бола білді. Өзімнен бірер «ит көйлекті» бұрын тоздырған Әбекең бозбала кезінен-ақ ақыл-парасатымен, ойлылығымен тұстастарынан ерекшеленіп тұрушы еді. Басына қандай қиындық түссе де, оны қатепті қара нардай көтере ал­­ғаны, әсіресе, жайсаң жаны мен жо­март жүрегіне, жайдарылығына кірбең де түсірмей, әлі күнге дейін сол сұлу-сыпа, сырбаз қалпын бұзбай сақ­тауы үлгі етерлік-ақ өнеге. Оның жан баласымен жүз шайыспай, өзінің әдемі әлемін таза да тұнық күйінде алдыңа жайып салумен жүретіні, елгезектігі, ерекше бауырмалдығы, адал­дығы дос-жарандары мен жана­шырлары қатарын көбейтумен келеді. Әбділда Сәрсенбиев кейінгі он жыл көлемінде жанары төмендеуіне бай­­ла­ныс­­ты журналистиканың қат­ты-қайырым жұмыстарынан бас тар­тыңқырап, об­лыстық тіл басқар­ма­­­­­сында бас маман, Жамбыл те­мір­­жол бөлімшесінде жә­не локомотив депосында аудармашы болып қызмет етіп денсаулығын күтумен шы­ғар­ма­шылық саласында өнікті жұмыс істейтін біраз жылын өткізіп алды. Осы уақыт аралығында жанарына еліміздің, Украинаның маман­дандырылған емханаларында әлденеше мәрте ота жасатып, басына түскен ауыртпалықты нағыз ер аза­матша мойымай көтерді. Қыруар қаржыға түскен, кезең-кезеңімен жүзеге асырылған хирургиялық араласуларды, төзім мен шыдамдылықты қажет ететін сынақтарға толы ауыр күндер артта қал­ды. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуінің, ағайын-туыс, жанашырлары ықыласының арқасында жарық дүниені қайта көру бақытына ие болды. Жанары жарық дүниені көрген сол алғашқы сәттерде қаламын қолына қайта алып, мұның барлығы жөнінде өзі егжей-тегжейлі жазған көлемді дүниені тебіренбей оқу тіпті мүмкін емес. Бұл да тағдырымен тай­таласқа түскен қа­лам қайраткерінің өмір сүру жолында қайсарлық көрсетіп, табандылықпен күрескен ғажайып ерлігі болып жұрт жадына ұялап қалды. Ең бастысы, Әбекең қуатты қаламымен қайта қауышты! Осы жылдары очерктер мен эсселер кітаптары жарық көріп, оқырмандарына жол тартты. Ал бұған дейін бірқатар ұжымдық жинақтарда өлеңдері мен журналистиканың түрлі жанрларында жазылған мақалалары жарияланған-ды. Оның басына қаншама қиындық түссе де, жазудан тыйылмағаны мамандығына адалдығынан, шығармашылығына шынайы сүйіспеншілікпен қараудан екені анық. Баймаханбет АХМЕТ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Жамбыл облысы.