16 Қазан, 2015

Шымкенттегі шығармашылық кеш

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жақында Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында ақын, сазгер Әкім Ысқақтың шығармашылық кеші өтті. Әкім Ысқақ есімі жұртшылыққа тұңғыш қазақ тілінде жазылған заңның авторы ретінде, жастар арасында тәрбиелік мәні зор «Жүректегі жазулар» мен «Адам іздеп жүрмін» атты эссе кітаптарымен жақсы таныс. Студенттермен кездесу қаламгердің өнегелі өмірінен сыр шертер деректі фильм­мен басталды. Ақынды Шымкент қаласы әкімінің орын­басары Қайрат Нұртай, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Досыбай Шерімқұлов, облыстық мәдениет бас­қармасының басшысы Күлия Айдарбекова, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалынан Берік Құлжанов, облыстық мәслихаттың депутаты Әбілқасым Досболов сынды азаматтар құттықтап, ақ тілектерін жаудырды. Институт ректоры Оңалбай Аяшевтің бастамасымен өткізілген бұл кеште оқу орнының басшысы қорытынды сөзінде бұдан былай 221-дәрісхана Әкім Ысқақ есімімен аталатынын хабарлады. Кеш соңында сөз алған Әкім Әбді­қайымұлы институт қабырғасында білім берген оқытушыларын еске ала тебірене сөз сөйлеп, оқу орны басшылығы мен кез­десудің керемет өтуіне атсалысқан студенттерге алғысын білдірді. Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.