16 Қазан, 2015

Бір уыс бидай

501 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
45Күнделікті «Егеменді» оқып, қа­рап отырып, мен де қолыма қа­лам алдым. Сіздердің газетте со­ғысқа қатысқан әкелер, аталар жай­­лы мақалалар жиі беріледі. Өзі­­ме жақын тақырып болған соң, бір­ден қарап оқи бастаймын. Әкем Сләмғали Тоқтаров 1941 жылы желтоқсанда Маңырақ тауы етегіндегі Жарсу ауылынан майданға шақырту алады. Май­­дангер маршал Тимощенко бас­қарған 2-ші Екпінді армияның 58-атқыштар бригадасында бө­лімше командирі болады. Ол Мәскеу түбіндегі Калинин, Вол­хов майдандарына, Ленинград бағытында болған шайқастарға қатысады. 1942 жылдың тамызында Калинин бағытындағы ұрыстарда жараланады. Госпитальде жатқан кезінде Панфилов дивизиясы жауы­нгерлерімен кездеседі. Жер­­­лестеріне қосылғысы келген әкем өтініш білдіреді. 1942 жыл­­­дың желтоқсан айында осы ди­ви­зияның құрамындағы 23-гвар­диялық атқыштар полкіне (Мұ­хамедияровтың полкі) взвод ко­мандирі ретінде соғысқа қайта жі­беріледі. Осы жерде Бауыржан Момышұлымен танысады. Соғыс біткен соң, аман-есен еліне оралды. Мұғалімдік қызметін қайта жал­ғастырады. Ұрпақтары өсіп-өніп отыр. Бә­ріміз оқу-білім қуып, жан-жақ­қа кеттік. Бәріміз бас қосқанда әке­мізді сағына еске аламыз. Айт­қан әңгімелері әлі жадымызда. Бір айт­қаны бар еді: С­оғыстан соң Зайсан аудандық ішкі істер бөліміне қыз­метке жі­беріледі. Сондағы бір оқиға мынадай. 1945 жылы Ішкі істер халық комиссариатының аудандық бөлімшесі ауыл тұрғыны, жесір әйел ұн тарту кезінде орамалға түйіп бір-екі уыс бидай ұрлады деген хабар алады. Соғыстан кейінгі кездері мұндай әрекет үшін 10 жылға кететін. Әкемізге тінту жүр­­гізу тапсырылады. Бір уыс би­­дай ұрлады деген үйге келеді. Ескі, жұпыны там, шиеттей балалар. Әкелері соғыстан қайтпаған. Олар жер үстелде орамалға түйіп әкелген бір уыс бидайды талғажау етуде екен. Әкеміз бидайды орамалға қай­та түйіп, сөмкесіне салып, шығып кетеді. Әйелге үндеме деп белгі береді. Ыңғайлы сәтін тауып, ора­малды қалың қардың астына кө­міп тастайды. Жұмысқа келеді де әріптестеріне ол үйде ештеңе жоқ екен деп айтып, істі жабады. Сөйтіп, жетім балалардың анасы айдаудан аман қалады. Әкеміз осындай адам еді. Қазір ол кісіні сағынышпен еске аламыз. Айгүл ЖАҚСЫЛЫҚОВА. ПАВЛОДАР.