16 Қазан, 2015

Кәрі құрлықтың бас ауруы – миграция

853 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Соғыс, экономикалық қиындықтар мен табиғи апат салдарынан адамдардың отанын тастап, мәжбүрлікпен өзге елдерге ағыла көшуі бүгін басталған үрдіс емес, сондай-ақ, оның күні ертең аяқтала қоймасы да анық. Соңғы жылдары жайлы өмір үшін қауіпсіз жер іздеу үдерісі әлемнің бірқатар өңірінде күшейе түсіп отыр. Бұл үкіметтер мен халықаралық ұйымдарға босқындарды орналастыру мен оларды қоныстанған жерлерінде ықпалдастыру қажеттігінен туған өзекті мәселелерді шешуді жүктейді. Онымен қоса, мигранттардың қауіпсіздігі сынды проблемалар да бар. БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдардың осы мәселе төңірегінде жариялаған баяндамаларынан мигранттар мен босқындар проблемасының өзектілігі күн санап арта түскенін, өкінішке қарай, оның шешімі әлі де табылмай келе жатқанын аңғаруға болады. дагдарыс-1Босқындар мәселесі Еуропалық одақ саммитінде қайтадан басты тақырыпқа шығарылмақ Соңғы бірнеше ай бойы Еуропаны жайлаған миграциялық дағдарыстан шығу жолдарын жан-жақты қарастырып келе жатқан Еуроодақ үшін бұл әлі де басты проблема болып қалуда. Бұл тақырып Брюссельде өтетін Еуропалық одақтың жос­парлы саммитінде күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде қаралмақ. «Еуропалық одақ лидерлері миграциялық дағдарыс аясында кездесу өткізіп, аталған мәселені жан-жақты талқылайтын болады. Еуроодақ пен оған мүше мемлекеттер босқындар мәселесін шешуге бар күш-жігерін салып, миграция жөнінде тиімді, гуманитарлық және қауіпсіз еуропалық саясат құрып жатыр», – деп хабарлады Еурокеңестің баспасөз қызметі. Негізінен Еуоодақтың сыртқы шекарасын бекіте түсу, көршілес елдерге және онда тұратын босқындарға қолдау көрсету, сондай-ақ, келімсектер шығып жатқан елдер мен Еуропаға апарар жолдағы транзит мемлекеттермен әріптестік орнату арқылы миграциялық дағдарыстың түпкі себептерін жою мәселелері қаралады. Еурокеңестің ақпары бойынша, жыл басынан бері 710 мың мигрант Еуропа одағының 28 елінен ресми түрде бас­пана сұраған. Ал Еурокеңес төрағасы Дональд Туск болжам бойынша, Еуропаға миллиондаған мигранттың өтуге тырысатынын мәлімдеді. «Қазіргі уақытта Сирияның ішінде әрі-бері көшіп жүрген 8 млн. адам бар, тағы 4 миллионы оның маңындағы елдерде жүр. Біз тек Сирияның өзінен миллиондаған босқынның келетінін болжап отырмыз», – деген ол Еуропаға жетуге тырысатын Ирак, Ауғанстан мен өзге де аймақтардан мигранттар бар екеніне назар аударды. дагдарыс-2Алжир Жерорта теңізінде заңсыз мигранттарды құтқару мақсатында арнайы жасақтар құрды Al Arabiya телеарнасы Алжир әскери-теңіз күштерінің Жерорта теңізі арқылы Еуропаға өтуге тырысқан заңсыз мигранттарды құтқару мақсатында үш арнайы жасақ құрғанын хабарлады. Арнайы жасақтардың басты мақсаты – босқындардың теңізден өтуі кезінде болуы мүмкін түрлі апаттарда барынша жедел шаралар қабылдап, адам шығынын болдырмау. Сонымен қатар, елдің жағалау күзетінің өкілі әскери-теңіз күштерінің арнайы жасақтары тек мигранттарды құтқарумен және оларға көмек көрсетумен ғана шектелмейтінін алға тартты. Оның айтуынша, арнайы жасақ өкілдері босқындарды Африкадан «Кәрі құрлыққа» заңсыз тасымалдайтын жүзу құралдарын іздеп, анықтаумен де айналысатын көрінеді. Белгілі болғанындай, құрылған әр арнайы жасақтың құрамына құтқару жұмыстарын күндіз ғана емес, түнде де жүргізетін әскери кемелер мен тікұшақтар кіреді. «Жедел әрекет ету» жасақтары ел астанасы Алжир, солтүстік жағалаудағы Аннаба мен елдің батысындағы портты қала Оранда орналасады. Жерорта теңізінде қызмет ететін мұндай арнайы жасақтардың болғаны бүгінде өте маңызды. Мәселен, тек жыл басынан бері бұл теңіз арқылы Еуропаға 593 мың 432 босқын өткен екен. Миграция жөніндегі халықаралық ұйымның ақпары бойынша, биылғы 9 қазаннан бері Еуропадағы мигранттар мен босқындар саны 13 мыңнан астамға артқан. Теңізден өту кезінде 3103 адам қаза болған. дагдарыс-3Елінен безгендерге көмек көрсетілмек Гуманитарлық көмек және дағдарыс жағдайларында әрекет ету мәселелері жөніндегі еурокомиссар Христос Стилианидис Еурокеңестің көрші елдердегі мигранттарға қолдау көрсету мақсатында БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасын қоса алғанда, халықаралық ұйымдармен жалпы сомасы 50 млн. еуроға келісімшарт жасасқанын айтып өтті. «Екі апта бұрын Еурокеңес мигранттардың өз елдерінде және олардың көрші мемлекеттеріне көмек көрсету үшін 500 млн. еуро бөлетінін мәлімдеді. Бүгінгі таңда мен осы көмек аясында БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссариатын қоса алғанда, халықаралық ұйымдармен жалпы сомасы 50 млн. еуроға келісімшарт жасасқанымызды хабарлай аламын», – деді ол. Еуропалық көршілестік саясаты және сыртқы кеңею істері жөніндегі комиссар Йоханнес Хан босқындар лагерлерінен келімсектердің тек 10-15 пайызы ғана кетіп жатқанын мәлімдеді. «Босқындар лагерьлерін келімсектердің тек 10-15 пайызы ғана тастап кетуде, қалғандары ашық аспанастында қалып жатыр, сондықтан оларға белсенді түрде көмек көрсетуіміз қажет», – деді ол. [caption id="attachment_2665" align="aligncenter" width="427"]SERBIA MIGRANTS SERBIA MIGRANTS[/caption] Келімсектерді орналастыру мәселесі өткір тұр Биылғы жылдың тоғыз айының ішінде Еуроодақ аумағына 710 мыңнан астам мигрант келген. Бұл туралы Сыртқы шекаралар қауіпсіздігі агенттігі хабарлады. «Биылғы жылдың тоғыз айының ішінде ЕО-ның сыртқы шекараларынан өткен мигранттардың жалпы саны 710 мың адамнан асты», – делінген агенттіктің хабарламасында. Мигранттардың ең көп ағыны грек аралдарына жіберілді. Атап айтқанда, қаңтардан қыркүйек айына дейін Грекияға 350 мың мигрант келді, соның ішінде көп бөлігін Сирия босқындары құрап отыр. Италияға Ливиядан келген адамдардың саны, керісінше, азайып барады. Оған ауа райының қолайсыз жағдайы себеп болып отыр. Италия билігі жыл басынан бері 129 мың мигрантты тіркеген, соның ішінде ең көбі – Эритрея азаматтары. Бұл ретте ресми мәліметтерге қыркүйектің екінші жартысында серб-венгр шекарасының жабылуынан кейін Еуроодаққа Хорватия арқылы келген 97 мың адам енгізілген жоқ. Еуроодаққа мүше мемлекеттер қыркүйектің ортасында екі жыл ішінде Италия мен Грекиядан 160 мың босқынды өзге елдерге орналастырудың тетігін ойластырған болатын. Брюссельде өткен баспасөз конференция­сында Еурокеңес өкілі әзірге Еуроодақтан тек бес елдің Италия мен Грекиядан мигранттарды қабылдауға дайын екендіктерін білдіргенін мәлімдеді. «Финляндия, Германия, Франция, Испания мен Португалия қазіргі уақытта келімсектерді орналастыруға дайын екендіктерін білдірді», – деді ол. Белгілі болғанындай, Еурокеңес жақын арада Италиядан келген 100 мигрантты қауымдастықтың өзге елдеріне орналастыратын болады. «Алғашқы 19 мигрант Италиядан Швецияға сәтті көшірілді. Жақында ол жақтан тағы 100 адам қоныс аударады, – дейді Еурокеңес өкілі. – Ал Грекиядағы келімсектерді бірінші болып Люксембург қабылдайды. Олар осы аптада, болмаса келесі аптада көшірілмекші». Бұл – Еурокеңес өкілінің сөзі. Топтаманы дайындаған Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан».