16 Қазан, 2015

Үкімет

193 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Үкімет-үлкеніЖобаларға жол ашатын форум Облыс орталығында халықаралық «ErtysInvest 2015» инвестициялық форумы болып өтті. Форумға өнеркәсіптік-инвестициялық компаниялар, даму институттары, ұлттық компаниялар өкілдері қатысты. Франция, Германия, Италия, Сербия, Сауд Арабиясынан, Украина, Ресей өңірлерінен өкілдер келді. Жуырда біз газетімізде жазған Артемия салина шаяндарын экспорттау жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы да айтылды. Бұл биоресурс құрамында ақуыз мол. Өнім медицина, ауыл шаруашылығы саласына қажет. Артемия салинаны қайта өңдеу инвесторлар үшін тиімді ұсыныс. Облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға да септігін тигізері анық, деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев. Форум барысында алдағы уа­қытта өндірісті өңірдің әлеу­е­­тін арттыратын 40-тан аса инвес­ти­циялық жобалар ұсыныл­ды. Мақсаты – отандық жә­не ше­телдік инвесторларға өңір­дің ин­вестициялық әлеуеті мен мүм­кін­діктерін таныстыру. Осы­мен екінші рет өткізілген форумға еліміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, об­лыс әкімі Қанат Бозымбаев, Но­восібір облысының губерна­торы Владимир Городецкий, «Ата­­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов, сондай-ақ танымал кәсіпкерлер қатысты. Биыл біз­дің облыстан Новосібірге 353 тонна азық-түлік экспортталады. Бұл облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен Новосібір облысының губернаторы Владимир Городецкий­дің кездесуінде айтылды. Жалпы, өңір­­дің инвестициялық саясаттағы өзара ынтымақтастық үшін гео­графиялық тұрғыдан тиімді орналасуы Ресейдің шекаралас на­рығына шығу мүмкіндігін бе­реді. Ал форумда Новосібірдің «СибИнвестГруп» компаниясымен «Павлодар облысы аумағында автокөлікке арналған алюминий дискілер шығаратын зауыт салу» жобасын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл жоба өңір үшін маңызды, іске асырылуына қолдау көрсететін боламыз, деді Қ. Бозымбаев. Ресей – облысымыздың басты сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылы облыстың Ресеймен сауда көлемі 1,9 млрд. долларды құрады. Павлодарлық кәсіпорындар Ре­сей­ге 1,0 млрд. доллар сомасына өнім жеткізсе, облысқа 900 миллион доллар көлемінде ресейлік тауарлар әкелінген көрінеді. Біз­дің өңірден Новосібір облысына өткізгіш-кабель өнімі, азық-тү­лік жеткізіледі. Новосібірден не­гізі­нен машина жасау өнімдері жет­кізіледі, атап айтқанда, құрал-жабдық, қосалқы бөлшектер, жүк көтергіш механизмдер, буып-түю өнімдері, халық кеңінен қол­да­­­на­­тын заттар келеді. Ауыл ша­р­уа­­шылығы саласындағы ын­ты­­­­мақтастық өсімдік және мал шаруашылықтары, сондай-ақ аг­рарлық ғылым салаларында жү­зе­ге асырылады. 205 DSC_0482Ал облыс әкімдігі мен «Қа­зақ­с­тан Алюминийі» АҚ басшылығы арасында алюминий құймалары мен энергоблоктарды қайта жөн­деу үшін электролиз өндірісін ке­ңейту бағытындағы жобалар қолға алынады. Өңір аумағында химиялық-металлургиялық кешен облыс әкімдігі, «TENIR-LOGISTIC» ЖШС және қытайлық «China Machinery Engineering Corporation» компаниясы арасында жасалған құжаттың арқасында құрылмақ. Жаңа жоба аясында арнайы болат пен титан диоксиді өндірісі іске қосылады. Сонымен бірге, «Қазақстан элекролиз зауы­ты» АҚ және «УПНК ПВ» ЖШС арасындағы келісім бойын­ша қыздырылған мұнай коксын тасымалдау жоспарлануда. Ал теміржол машина жасау саласын дамыту мақсатында «Рельс­тік бекіту құрамына ене­тін W тәріздес иілгіш клеммалар зауыты» жобасын жүзеге асы­­ру жө­нінде «RELART SA» швей­­цария­лық компаниясы мен «Railcast Systems» ЖШС келісімге қол қойды. Еліміздің теміржол пар­кін вагон құймаларымен қам­та­ма­сыз ету қажеттігі туындауда. Бұл бағытта жасалған меморан­дум бойынша енді «R.W.S. Weelset» ЖШС мен ресейлік «Рейл­­­ИнвестМенеджмент» ЖАҚ бірлесіп жұмыс жасайды. «КазЭкспо» ЖШҰ ин­вес­ти­циялық компаниясы мен облыс әкім­дігі арасында жасалған меморандум өңірімізде астық кластерін дамытады. Құжат бойынша өңір­дегі Уәлиханов және Ертіс эле­ва­торларын қайта жөндеуден өт­кізіп, астық, май дақылдарының өндірісін іске қосып, құрама жем шығару зауытын ашуды мақсат етеді. Өңірдегі «Киров» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасы қайта жөн­деліп, «LACTALIS» француз компаниясының келісімшарты бойынша жобаны жүзеге асырады. – Қол қойылған барлық құ­жат­­тар облыстың экономикасы, шағын және орта бизнестің дамуына серпіліс береді деген сенімдеміз. Форум инвестициялық ынтымақтастықты нығайтады, – дейді Қанат Бозымбаев. Ал қазақстандық миллиардерлер болса өңірдегі инвестициялық жо­баларға қатысуға дайын екен­де­рін жеткізді. Танымал қаржыгер, экономист, «Visor Holding» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Кәріпжанов өңір экономикасына қаржы құюға дайын. – Мені өңірдегі арзан энергия көздерін дамыту мүмкіндігі қызықтырды. Елімізде өндірілетін электр энергиясының тең жартысы осы жерде өндіріледі. Ал қуат көздері толық жүктелмеген. Бұл энергетикалық технология­лар үшін мол мүмкіндіктер бар деген сөз. Жергілікті әкімдік, банк өкілдері және бизнес қа­уым­дастықпен келісім жасауымыз қажет, – дейді Айдын Кәріпжанов. «AllurGroup» атвомбиль топтары компанияларының басқар­ма басшысы, «АгромашХолдинг» ком­паниясы басқармасының мү­шесі, Премьер-Министр жанын­дағы сараптама кеңесінің мүшесі Андрей Лаврентьев автокөлік құ­ралдарын қорғауға байланысты жобалар жайлы айтты. Сонымен қатар, форумда Еу­р­азиялық топ пен қазақстандық «УП­НК-ПВ» ЖШС арасында қол қойылды. «УПНК-ПВ» ЖШС-нің өнімдерін пайдалану арқылы Еуразиялық топ оны сатып алу­ға жұмсалатын шығындарды азай­тады. Бұл қазақстандық алю­ми­нийдің әлем нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. – Форумда жасалған келісімдер Еуразиялық топ жұмысының тұрақ­тылығын, өңір бюджетіне салық түсімдерін қамтамасыз етеді. Бұл – жұмыс орындары ашы­луы. Алып зауыт үшін әлеу­меттік кепілдіктің сақталуын да білдіреді, – дейді «Қазақстан Алю­минийі» АҚ-тың президенті Арман Есенжолов. Еуразиялық топ пен ВТБ банкі инвестфорумда еліміздегі алғашқы экспорталды қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Бұл ретте 180 миллион еуроға алюминий жеткізу үшін экспорталды төлем жасау туралы сөз қозғалды. Қаржы келісімшарттың 25 пайы­зын құрайды. Алдағы жылдары 500 тонна алюминий жеткізу қарастырылуда. Тауардың мұндай көлемі ел аумағындағы бастапқы алюминий өндірісінің жартысына жетеді. Сөйтіп, «КЭЗ» шығаратын қалған өнім отандық тауар өн­діру­шілермен жүзеге асырылып, импорт алмастыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Еуразиялық топқа енетін РУ­САЛ және «Қазақстан Алю­ми­нийі» АҚ арасындағы ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша серіктестіктер үшін ВТБ банкі Еуразиялық топқа қосымша 150 млн. АҚШ доллары көлемінде экспорталды қаржыландыруға да­йын екенін жеткізді. Бұл қаржы 2019 жылға дейін 3,5 миллион тонна саз топырақ сату жөніндегі келісім­шарттың 15 пайызын құрайды. Форумға жетекшілік еткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшысы Пьер Ив Люка инвесторларға экологиялық технологияларды дамытуға кеңес берді. – Өңірдің инвестициялық әле­уеті зор. Қосымша құны бар ком­панияларға басымдық беру керек. Инвестиция көлеміне емес, облысқа пайда әкелетін жобаларға мән беру керек. Негізі, Еуропада танымал экологиялық, яғни жасыл технологиялар мен инновациялық IT-технологиялар қарқынды дамитыны сөзсіз, – деді Пьер Ив Люка. Форумда Әсет Исекешев қазіргі эко­но­ми­­­калық жағдайға қара­мастан, әсіресе, жаңадан құрылған кәсіп­орындар қиындықтарға төтеп беріп жатқанын алға тартты. – Қазіргі таңда Павлодар облысында шығарылатын өнім­дердің төрттен бір бөлігі жаңа кәсіпорындарға тиесілі. Еліміздің жеті аймағында өнімнің 20 пайызын инновациялық жобалар мен жаңа компаниялардың арқасында алынуда. Еліміздегі экономикалық жағдай тұрақты сипатқа ие болуда, – дейді министр. Қанат Бозымбаев өңірде бренд­­тік өнімдердің қатарына алюминийден жасалған дайын өнімдер, темір-бетон және элек­тртехникалық машина жасау тауарлары, мұнай-химия және химиялық өнімдерді қосуға бола­ты­нын жеткізді. Өнімдердің бұл түр­лерін шығаратын кәсіп­орын­дар экспорттық бағытта да жұмыс жасайды. Облыста жалпы шетелдік инвестициялар көлемі 500 миллион АҚШ долларына жеткен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына бағытталған инвестициялар 2 млрд. АҚШ долларын немесе 353 млрд. теңгені құраған. – Дамыған өнеркәсіп пен көліктік инфрақұрылым, арзан электр энергиясы, транзиттік мүм­кіндіктердің молдығы, та­би­ғи ресурстар мен бос жер учас­келерінің болуы, сондай-ақ «Пав­­ло­дар» еркін экономикалық аймағы – өңіріміздің басты артықшылықтары. Облыс алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шыға алатын батыстық компанияларға жаңа кәсіпорындарды ашуға қолайлы аймақ болып табылады. Бүгінде өңірде инвесторлар табысты еңбек етуде. Негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі едәуір артты, – дейді Қ. Бозымбаев. Форумдағы көрмеде жарықтан­дыру құралдарына арналған алюминий корпустарын өндіру жобасы таныстырылды. Идея авторлары Екібастұздың «Свет» ЖШС-ның басшысы Виталий Михеев. Өндіріс жарық-диодты жарықтандыру құралдарына ар­налған алюминий корпустарын ғана емес, түрлі профильдер де шығара алады. Форумда Қашыр ауданынан ауыл шаруасы түйеқұс өсіру жобасын ұсынды. Жоба авторы – Тереңкөл ауылындағы «К & С» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Олег Кривобоков. Жобаны жүзеге асыруға 4 миллион теңге қажет. – Түйеқұс шаруашылығына қолға алуға ауданда мүмкіндік бар. Жоба 20 балапан сатып алу­­ға жоспарлануда. Ресей облыс­тарынан сатып алынады. Түйе­құстардың мамығы, терісі, еті мен жұмыртқасы, майы – нарықта жоғары сұранысқа ие, экологиялық таза, – дейді О. Кри­вобоков. Мәселен, түйеқұстың жұмырт­қасы тоңазытқышта бір жыл бойы сақталады. Терісінің бағасы нарықта қолтырауын терісінен де қымбат екен. Салмағы 100-120 келі болатын құс басынан 50 келі таза ет алуға болады. Ал мамығы көрпе-жастық жасауға пайдаланылады. Аналық құс екі жастан, аталығы үш жастан бас­тап жыныстық тұрғыда жетіледі. Қазіргі таңда бройлер тауықтарын өсірудемін. Түйеқұс өсіруден пайда көп, дейді О. Кривобоков. «Ертic Инвест-2015» ха­лық­­­­­аралық инвестициялық фо­румының Сұлтанмахмұт Торай­ғыров атындағы мемлекеттік университетте өтуі де бүгінгі студент, ертеңгі мамандарға қызығушылық тудырып, ой салары да сөзсіз. Оқу орнында ашылған көрме залында теміржол, алюминий, мұнай-химия кластерлерін, сауда-логистикалық кешенді, агро­өнер­кәсіп, орта және шағын бизнес, сондай-ақ туризм салаларын дамытуға бағытталған жобалар көрсетілді. Ректор Арын Өрсариев өз сөзінде өңірдегі кәсіп­орындарға кадрлар дайындаудамыз, студенттер мен оқытушылар жобалар жасауда. Ендігі мәселе, осы жобаларды коммерцияландырып, табысты жоба­ларға айналдыру. Мақсат университеттің технологиялық орталықтары мен зертханаларында оқытушылар мен студенттер стартап жобаларды жасап, одан өздері пайда табуы керек дейді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы. Суреттерді түсірген Валерий БУГАЕВ.