16 Қазан, 2015

Серіктестікке соны серпін қосар сапар

283 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
15-10-01Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Алдымен екі мемлекет басшылары шағын құрамда, яғни екеуара кездесу өткізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстар жайында әңгімелесті. Қазақстан Президенті кездесу кезін­де В.Путиннің елімізге жасаған сапары­на өз ілтипатын білдіре келе, былай де­ді: «Сіздің Қазақстанға соңғы мемле­кет­тік сапарыңыз төрт жыл бұрын болды. Осы мерзім ішінде біз ортақ мәсе­ле­­лер­ге қатысты көзқарастарымызды әрда­й­ым өзара үйлестіріп, екіжақты қа­рым-қа­тынастың өзекті тұстарын түр­лі алаңдарда шешіп отырдық. Сіздің бұл жол­ғы сапарыңыз да қазіргідей күр­делі ке­зең­дегі ынтымақтастығымызды нығай­туға жә­не кеңейтуге ықпал ететініне сенім­дімін». Осылай деген Қазақстан басшысы 16 қазанда, яғни бүгін өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясындағы келіссөз мәселелерін қозғады. «Бүгінде ЕАЭО халықаралық аренада құрмет пен беделге ие бола отырып, өзінің аясын кеңейтіп келеді. Демек, біз дұрыс жолда келеміз деп есептеймін», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, екі мемлекеттің әріптестігін дамыту келешегіне де тоқталып өтті. «Біз Сочиде өзара қарым-қатынастарымызға қатысты негізгі мәселелерді талқылауға мүмкіндік алдық, енді бүгін соларға қатысты тиісті құжаттар дайындалып отыр. Біздің қарым-қатынастарымыз «ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы» іргелі келісім негізінде дамып жат­қанын да айтқым келеді. Одақтастық Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шартпен, ал эко­номикалық тұрғыдан ЕАЭО-ның жарғы­лық құжаттарымен бекітілген. Қазақ­стан әрдайым Ресейдің жақын әрі се­німді көршісі, одақтасы болған, алда­ғы уақытта да солай болып қала бере­ді. Бұл Қазақстан халқының түпкі мүдде­лерімен тоғысып жатыр», – деп атап өтті Н.Назарбаев. Н.Назарбаевтан кейін сөйлеген В.Путин бүгінде жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жүйелі түрде жүр­гізіліп келе жатқанын жеткізді. «Менің Ресей-Қазақстан қарым-қаты­насына сипаттама беруімнің керегі жоқ. Бұл – жай өзара сенімді серіктестік қана емес, толық мағынасында одақтастық қарым-қатынас. Қазақстан – біздің ірі сауда-эко­номикалық серіктестеріміздің бірі. Қазіргі таңда 6 мыңға тарта ре­сейлік компания Қазақстанда жұмыс істеп жатыр, нәтижесінде, долларлық экви­валентпен есептегенде мол көлемдегі инвестиция жинақталды. Сіздің төл бастамаңыз – Еура­зиялық эконо­микалық одақ белсене дамып, экономикаларымызға оң ықпа­лын тигізуде. Біз басқа да көптеген серік­тесіміздің ЕАЭО-мен түрлі пішімде ынтымақтасуға ниетті екенін көріп отырмыз», – деді Ресей Президенті. Екеуара кездесу аяқталған соң, келіс­сөздер кеңейтілген құрамда жалғасты. Бұл шара Ресей Президенті В.Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында ұйым­дастырылды. Қазақстан Президенті Ресей біздің еліміздің стратегиялық серік­тесі әрі одақтасы екенін атап өтті. «Біз Еуразиялық экономикалық одақ­та өзара ықпалдасып отырмыз. Елдері­міз екіжақты байланыстар аясында эко­но­мика, ғылым және гуманитарлық сала­лардағы жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Соған орай біз екі мем­ле­кеттің ынтымақтастығына соны серпін қосатын бұл жолғы кездесуге айрықша мән береміз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. 15-10-03 15-10-04 Қазақстан Президенті өзара тау­ар айналымы көлемінің қазіргі құлдырауы әлемдік экономика дамуының кезең­ді­лігіне және негізгі экспорттық тауарлар бағасының төмендеуіне байланысты уақытша құбылыс екеніне назар аударды. Бұл турасындағы ойын Елбасы: «Біз ұлттық деңгейде де, ЕАЭО аясында да үйлесімді жедел шаралар қабылдау қажет­тігін түсінеміз. Экономикалық мәсе­ле­лердің салдарын жеңілдете түсу үшін резервтерді пайдаланған жөн. Еу­ра­зиялық экономикалық одақ Ұйымның барлық мүшесінің тең құқылы­ғы жағдайында қызмет ете алады, мемле­кеттері­міздің өкілдері барлық елдің мүдде­сіне және ортақ экономикалық ұстанымдарға сәйкес жұмыс істеуі тиіс», – деп түйіндеді. Өз кезегінде Владимир Путин екіжақты қарым-қатынас барлық салада, соның ішінде саясат, экономика және қауіпсіздік бағыттарында тиімді дамып келеді деген ойын жеткізді. «Біз статистикалық көрсеткіштердің аздап төмендегенін байқап отырмыз, бірақ нақты көлем тұрғысынан іс жүзінде өзгеріс жоқ. Біз 2013 жылы қабылданған, 2015 жылы мерзімі аяқталатын екіжақты жоспар негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір біздің әріптестеріміз 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен жұмыс жос­парын әзірлеуде. Оны жыл аяғына дейін бекітеміз деп үміттенемін», – деді Ресей Президенті. Сонымен қатар, В.Путин Ресейдің Қазақстан экономикасына салған инвестициясы шамамен 9 мил­лиард доллардан асқанын да атап өтті. Қазақстан мұнайының сыртқы на­рық­қа арналған негізгі көлемі Ресей аумағы арқылы өтетініне, мәселен, Қазақстан мұнайының басым бөлігі Атырау – Са­мара, Махачкала – Но­во­российск және Каспий мұнай құбырлары арқылы экспортқа шы­ғарылып жатқанына назар аударды, сондай-ақ, жоғары технологиялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында бірлескен ірі жобалар бар екенін атап көрсетті. Ақордадағы келіссөздер аяқтал­ғаннан кейін мемлекеттер басшылары брифинг өткізіп, Бірлескен мәлім­деме жасады. Брифинг, күтіл­геніндей, Қазақстан мен Ресей президенттерінің келіссөз қоры­тын­дысына арналды. Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путиннің Қазақстанға сапары мәртебесінің биіктігі екі ел қарым-қатынасының ерекше сипатын айғақтайтынын атап көрсетті. «Біздің елдеріміздің арасында өза­ра іс-қимылдың, достық пен ынты­мақ­тастықтың ілгеріден келе жатқан және нағыз табысты тәжірибесі қалыптасқан. Біздің әрбір кездесуіміз – бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі нақты уағдаластықтарға, ынтымақтастықтың өзара тиімді шартқа негізделген   жаңа бағыттарын айқындау мәселелеріне арналады», – деді Н. Назарбаев. Қазақстан Президенті қазіргі күр­делі ахуалды ескере отырып, келіс­сөз­дерде экономикада үйлесімді іс-қимылдар жүргізу мәселесі басты тақырып болғанына назар аударды. «Бұл үшін бізде екіжақты пішімде де, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да қажетті нәрсенің бәрі бар. ЕАЭО құрудың өзі елдеріміз үшін маңызы зор игі қадам болып саналады. Қазақстанның өнім өндірушілері ЕАЭО-ға мүше елдердің ауқымды нарығына шектеусіз қол жеткізді. Енді осы нарықта орнығу үшін тауар мен жұмыс және қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек», – деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер кезінде әлемдік экономикадағы түйт­кілдердің салдарын жеңілдету үшін бірқатар нақты шаралар белгіленгенін айтты. «Бұлар – Ресейдің газы мен мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға транзиттеу, Каспийдегі «Центральное» және Хвалынское» кеніштерін бірлесіп игеру, көмір өнеркәсібі саласында ын­тымақтасу, транзит үшін Каспий теңі­зі­нің бойымен Парсы шығанағына шы­ғатын жаңа жолды пайдалану жайын пысықтау мәселесі. Біз «Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай» жобасының аяқ­талуы, сондай-ақ, инфрақұрылымдық са­ла­дағы ынтымақтастық туралы арнайы сөйлестік. Осы бағыттардағы серіктестікті дамыту үшін зор әлеуетіміз бар», – деді Қазақстан Пре­зиденті. Нұрсұлтан Әбішұлы екі елдің сау­да-экономика саласындағы өзара іс-қи­мылының келешегіне бөлек тоқтала келе, Ресей Қазақстанның сауда саласындағы дәс­түрлі ірі серіктесі екенін айтты. «Өзара тауар айналымының орташа жыл­дық көлемі шамамен 21 миллиард долларды құрайды. Ресей компаниялары Қазақстанның ірі көмірсутегі шикізаты кеніштерін игеруге қатысуда. Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысуымен 5600-ден астам кәсіп­орын жұмыс жүргізуде. Бүгінде Қазақстанның Ин­дус­трияландыру картасы аясында қа­зірдің өзінде бірлескен 20 ірі инвес­тициялық жоба іске асырылды, 4-еуі атқарылып жатыр, тағы 3-еуі болашақта қарастырылмақ», – деді Н.Назарбаев. Брифинг барысында, сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мә­се­лелерге қатысты Қазақстан мен Ресейдің ұстанымдары айтылды. «Біз Минск уағ­даластықтарының жүзеге асырылу барысын, жаһандық және өңірлік ұйымдар аясындағы ықпалдастық аясын, әсіресе, Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейту мәселелерін талқыладық. Бұл ретте, Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы ахуалдың мәні зор. Біз Владимир Владимировичпен осы өңірде қалыптасқан жағдайды талқыладық. Бүгінде шииттер мен сүнниттер арасындағы текетіресті өз мақсатына пайдалану белсенді жүруде. Алайда, бұл әңгімелер шындыққа еш жанаспайды. Сирияда болып жатқан жайт – біздің бәріміз үшін, әсіресе, Орталық Азия өңірі үшін ортақ қатер. Осыған байланысты біз «Ислам терроризмге қарсы» форумын өткізу идеясын ұсынып отырмыз», – деді Қазақстан Президенті. Елбасы, сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің әлемдегі ахуалдың өрістеуіне және оны бағалауға қатыс­ты көзқарастары ортақ екені, екі ел халықаралық мәсе­лелерді ше­шу жөніндегі қадамдарының ты­ғыз үйлесімділігі, бұл мәселелер бойынша пікір алмасулар мұны тағы да дәлелдегені атап өтілді. Сөзінің қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей тарапына Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарыш экспедициясын ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін алғыс айтты. Ал Ресей Президенті Ақордада сындарлы әрі мазмұнды келіссөздер жүргізілгенін жеткізді. «Дәстүр бойынша бұл келіссөздер ашық әрі достастық ыңғайында өтті. Біз сауда-саттық, инвес­тиция, энергетика, көлік, ғарыш, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану сияқты салаларға айрықша көңіл бөліп, екіжақты қарым-қатынастардың барлық мәселелері бойынша пікір алмастық», – деді В. Путин. Сонымен қатар, Ресей Президенті екі елдің Каспий мұнайын бірлесіп игеріп жатқанына тоқталып өтті. «Каспийден бірлесе мұнай өндіруге қатысты үлкен жоспарлар бар. Мәселен, біз Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің қайраңын межелеу туралы 1998 жылғы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы құжатқа қол қойдық. Бұл екі елдің компанияларына ірі көмірсутегі кен орнын игеруге кірісуге мүмкіндік береді», – деді Ресей Президенті. Сонымен қатар, В.Путин екі елдің энергия жүйесі синхронды, яғни қапталдасқан режімде жұмыс істеп тұрғанын, бүгінде Қазақстан мен Ресейдің ортақ электр энергиясы нарығын құру бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты. «Мәселен, қазір Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және қай­та жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда. Бұған қоса, Қазақстандағы бірінші атом электр стансасын салуға дайындық үстін­деміз», – деді В.Путин. Ресей Президенті сыртқы конъюнк­тураның қиындығына, экспортқа шыға­рылатын қазақстандық және ресейлік негізгі тауарлар бағасының құлдырауына, валюталар бағамының құбылмалығына қарамастан, өзара сауда-экономикалық бай­ланыстардың қарқынын сақтап қалу­ға мүмкіндік бар екенін айта келе, былай деді: «Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы рубльмен есептегенде 23 пайызға артты. Өза­ра инвестиция ағыны да өсуде. Мәсе­лен, Қазақстанның Ресейдегі инвести­циясының көлемі шамамен 3 млрд. дол­ларды құрайды. Яғни, бұл – ресей­лік бизнес іс жүзінде Қазақстан эконо­ми­ка­сының барлық саласында бар деген сөз». В.Путин өз сөзінде Қазақстан Пре­зи­дентінің терроризммен күрес мәселесінде әлем елдерінің күшін біріктіру ұсынысын қолдайтынын да жеткізді. «Біз Қазақстан Президентінің барлық елдің, ең алдымен халқы ислам дінін ұстанатын елдердің лаңкестікпен күрестегі күш-жігерін біріктіру ұсынысына қолдау білдіреміз», – деді В.Путин. Бірлескен брифинг барысында Ресей Президенті Ақордадағы келіс­сөздер кезінде Еуразиялық эконо­микалық одақ қызметінің бірқатар аспектілері, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды арттыру болашағы қаралғанын да айтып өтті. Брифинг қорытындысында В.Путин Ресейдің Сириядағы халықаралық лаңкестікпен күрестегі іс-қимылын АҚШ-тың сынға алуына қатысты журналистер тарапынан қойылған сұраққа былайша жауап берді: «Мен мұны түсіне алмаймын және бұл ұстанымды дұрыс емес деп санаймын. Бұл ретте, америкалық ұстанымның әлсіз болуының негізі аталған мәселеде қандай да бір күн тәртібінің болмауында жатқан секілді». Сонымен қатар, ол алдағы уақытта бұл күрделі үдеріске қатысушылардың барлығымен, оның ішінде америкалық әріптестерімен сындарлы үнқатысуға үміт артатынын айтты. Ресей Президентінің Қазақстанға мем­­лекеттік сапары аясында төмен­де­гі­дей екіжақты құжаттарға қол қой­ыл­ды: – Жер қойнауын пайдалануға қа­тысты егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 1998 жылғы 6 шілдедегі келісім хаттамасына өзгерістер енгізу туралы хаттама; – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі ара­сын­дағы Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; – Қазақстан Республикасының аума­ғындағы жер учаскесін пайдалана отырып, Домбаровский позициялық ауданынан зымырандар ұшыру кезіндегі өзара іс-қимыл тәртібі туралы Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі мен Ресей Феде­ра­циясы Үкіметі арасындағы келісім. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.