25 Тамыз, 2015

Алтай – алтын бесік

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Халықаралық Түркі ака­демиясының археологиялық экспедициясы байырғы түркі бабаларымыздан там-тұмдап жеткен жырларда айтылатын жерұйық атамекен – Ергенеқон асқар Алтай тауларының сан ғасырлық жұмбақ жасырған қалың қойнауларында екенін анықтады.  Тура жырда суреттелген көрініс: жан-жағы биік көгілдір таулармен қорған іспетті қоршалған, сарқыраған суы бар, жайқалған нуы бар жазира жайлау. Алтайдың осы бір құт қойнауын жанарға түгел сыйғызып қарағанда, бейнебір тербеліп тұрған алып бесік дерсің. Алаштың ақиық ақыны Мағ­жанның Алтайды түбі бір туыс жұрттың алтын бесігіне балауы да осындай тылсым сырдың жат­қандығынан болар. Бүгінде білім және ғылым саласын үйлестіретін іргелі халықаралық ұйымға ай­налған Түркі академиясының халықаралық экспедициясы да дәл осылай: «Алтай – алтын бесік» деп аталды. Бұл Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданына қарасты Берел ауылы маңындағы Қарақаба жазығы болатын. Өткен жылы осы жердегі көне ғұрыптық кешендерден белгілі археолог-ғалым Зейнолла Самашев бастаған қазба жұмыстары бірнеше көне музыкалық аспаптар тапқан болатын. Бүгінде оларды халықаралық Түркі академиясының ғалымдары зерттеуде. Солардың бірін академия қайта жаңғыртып, қалпына келтіріп те үлгерген. Ол бүгінге дейін табылған ең көне қобыз ретінде Түркі академиясының музейінде тұр. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме бұрынғылар. Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі басқарған бұл жолғы экспедиция бірқатар мемлекеттерден делегациялар атсалысқан, халықаралық сипатта болды. Атап айтқанда, Әзербайжанның Археология институтынан, Қазақстанның Ә.Х.Марғұлан атындағы Архео­логия және этнография институтынан, Қырғызстанның «Манас» қырғыз-түрік университетінен, А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінен басшылар мен білікті мамандар, танымал археолог-ғалымдар, сон­дай-ақ, бірқатар шетелдік және қазақстандық жетекші БАҚ басшылары қатысты. Аңыз ақиқатқа айналды. Адам­затты тылсым сырларымен таң­ғалдырып келе жатқан Алтай биыл да жаңалығымен қуантты. Ер­генеқонның Алтайда екені даусыз дәлелдермен айқындала түсті. Айта кетейік, түркиялық экспедиция мүшелері Қарақаба жазығының көне дастанда айтылатын Ергенеқонның дәл өзі екеніне бірден назар аударды. Жауынан қапыда жеңілген көк түріктердің осы құтты қойнауға бойтасалап аман қалғанын, қайтадан өсіп-өнгенін Қарақабадағы қазба жұмыстарынан табылған таңғажайып олжалар да айғақтай түседі. Ергенеқонның ертегі емес екеніне экспедиция қатысушыларымен қатар, олардың мыңдаған оқырманы да көз жеткізіп жатыр. Алдағы уақытта «Қазақстан», «Хабар» және түркиялық NTV, «Haberturk» телеарналарының қатысуымен аталған экспедиция туралы деректі фильмдер мен арнайы бағдарламалар жасалып, көрерменге ұсынылмақ. Сонымен қатар, экспедиция аясында ұйымдастырылған «Алтай – алтын бесік» атты дала семинарында Түркі халықтарының тарихи-мәдени мұраларын зерттеп, дәріптеу, сондай-ақ, бірлескен археологиялық экспедициялар ұйымдастыру жә­не басқа ауқымды мәселелер тал­қылданды. Ашық аспан астында көрме ұйымдастырылып, биылғы археологиялық қазба жұмыстарынан табылған олжалар қатысушылар назарына ұсынылды. Олардың ішінен жаужүрек бабалар тұтынған қылыштың қынабы, қорамсақ және садақтың бөлігі айрықша көз тартады. Әсіресе, қорамсақтың сан ға­сыр бойы бүлінбей сақталғанына археологтардың өзі таңданып отыр. Экспедиция жұмысы Ас­та­нада халықаралық Түркі акаде­мия­сындағы кездесумен жалғасын тауып, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді. «Егемен-ақпарат».