24 Тамыз, 2015

Дзюдо. Серік Жарасбаев: «Басты міндет – Олимпиада жолдамасы»

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
24-08-2015-judo 02АСТАНА. 24 тамыз. Бүгін Астанада дзюдодан әлем чемпионаты басталды. Соған орай Орталық коммуникациялар қызметінде жарыстың ұйымдастырылу барысы және әлемдік доданың халықаралық аренада Қазақстанға тигізер оң әсері туралы жиын өтті. Оған Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев қатысты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Оның айтуынша, отандық палуандарға қойылар басты талап – әлемдік рейтингте үздік 22 спортшының қатарына қосылу. Себебі, мұндай нәтижеге қол жеткізген атлет келесі жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына тікелей жолдама алады. Сондай-ақ, төраға орынбасары Астанадағы дода Ойындарға қатысуға мүмкіндік беретін соңғы жарыс емес екенін айтты. «Олимпиадаға жолдама Халықаралық дзюдо федерациясының рейтингіне сәйкес беріледі. Әлем чемпионатынан бөлек, ұпай алуға болатын басқа да халықаралық турнирлер бар. Дегенмен, өз жерімізде өткізілген додада спортшыларымыз аянып қалмайды. Себебі, дәл осы турнирдің нәтижесі бойынша ұлттық құраманың негізі жасақталады», – деді Серік Жарасбаев. Айта кетейік, Астанадағы сайыста 137 мемлекеттен келген 823 атлет бақ сынайды. Олардың 495-і ерлер болса, 328-і әйелдер. «Алау» мұз айдынында өткізілетін чемпионат 30 тамызда аяқталады. Жарыстың трансляциясы 150 мемлекетке тарайды. Елімізде палуандардың белдесулері KazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: worldjudo2015.kz.