22 Тамыз, 2015

Ұлағатты ұстаз

516 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Л.Тәжібаев шәкірті Т.Есполовпен Саналы ғұмырын ауылшаруашылық ғылымына арнап, су мәселелерін терең зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер жазып қалдырған аяулы ұстаз Лашқар Есенқұлұлы Тәжібаев 1915 жылы 20 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт өңіріндегі Қарақия ауылында дүниеге келген. Күллі түркі әлеміне әйгілі осы бір әруақты да қасиетті мекеннен түлеп ұшқан ұстазымыз туған жерін әрдайым ардақ тұтып жүретін. Осы бір ерекше өлкенің ғажайыбын әлем ғалымдары әлі де толық зерттеп-зерделей алған жоқ. Бабаларымыз айтып кеткен: «Қазығұрттың басында кеме қалған. Ол әулие болмаса, неге қалған?» – деген даналық сөзден басталатын жыр жолдарының астарында аңыздан гөрі ақиқаттың басым екеніне шүбәсіз сенеміз. Осынау қастерлі топырақтан халқымызға есімдері белгілі білім мен ғылымның, өнер мен мәдениеттің қаншама тұлғалары өсіп шықты. Солардың бірі де бірегейі, өресі биік ғалым ретінде танылған Лашқар Есенқұлұлының ерен еңбек жолы мен өнегелі өміріне қарап, тылсымға толы таңғажайып өңірдің ерекше қасиетін сезінгендей боласың.   Лашқар Тәжібаевтың әкесі Есенқұл – қарапайым отбасынан шыққан. Аумалы-төкпелі 1910-1917 жылдары кедей отбасынан шыққандар қалалық жерлерде тиісті білім ала алмайтын. Содан ол Сүгірәлі Өсербаев дейтін ауқатты адамның фамилиясымен Шымкент қаласындағы орыс-қазақ училищесінде білім алып, кейін хатшы-аудармашы болып жұмыс істейді. Кеңес өкіметі орнаған тұста болыстық атқару комитетінде, уездік қаржы бөлімінде, уездік атқару комитетінде қызметтер атқарды. 1923 жылы ұлы Лаш­қардың небәрі сегіз жасында әкесі Есенқұл ауыр науқастан көз жұмды. Дана халқымызда «Мың малың болғанша, бір балаң ғалым болсын», деген мағыналы сөз бар. Қарапайым болмысымен осы қағиданы жадына түйіп өскен әкесі Лашқардан көп үміт күтті. Өмірлік үлгі тұтып, еңбекқорлық пен төзімділікті үйренген әкесінен айырылғаннан кейін болашақ ғалым 1926-1931 жылдары Шымкент, Алматы қалаларындағы балалар үйлерінде тәрбиеленді. Жастайынан тағ­дырдың тауқыметін тартып, қиындықтарды бастан өткерген ол 1931 жылы жеті жылдық мектепті тәмамдағаннан кейін Свердловскідегі рабфакқа түсіп, 1936 жылы Орта лық Азиядағы инженер-гидротехник мамандарын оқытатын Ташкенттегі ауыл шаруашылығын механикаландыру мен ирригация инженерлерін дайындайтын институтта жо­ғары білім алды. Оқуын үздік бітіргеннен соң 1940 жылы Қазақ КСР Су шаруашылығы саласына инженер-жобалаушы қызметіне арнайы жолдамамен жіберіледі. Арада бір жыл өте сала Ұлы Отан соғысы басталып, қысылтаяң кезеңде бір ай шеңберінде ғана саперлік курстан өтіп, Лашқар Тәжібаев еріктілермен қатар алғашқылардың сапында майданға аттанады. Соғыстың алғашқы жылында Мәскеу түбіндегі ұрыста ауыр жараланады. Біршама уақыт емделгеннен кейін, Ұлы Отан соғысының мүгедегі ретінде елге қайтарылады. Алайда, бойында ерік-жігері мықты, ауыртпалықтың талайын көріп өскен ол майданнан жаралы оралса да тағдырға мойымай, ел үшін қызмет етуін жалғастырып, ғылымға біржола ден қойып, 1942-1943 жылдары Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігінде инженер, басқарма бастығы болып қызмет атқарады. Ғалымның соғысқа дейінгі қызметі мен білімін, зеректігі мен ұйымдастырушылық қабі­леттерін ескерген республика басшылығы кейін оны Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің су шаруашылығы және энергетика тобының бастығы, аға референт қызметіне бекітеді. Еңбек жолын өнімді бастаған қайраткер 1949-1951 жылдары Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы Ғылым академиясының Қазақ бөлімі республикалық тәжірибе-мелиорация станциясының директоры қызметін де абыроймен атқарады. 1951-1962 жылдары Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті – авт.) деканы болып, ұстаз ретінде өз мек­тебін қалыптастыра бастайды. 1962-1963 жылдары – Қазақ КСР Минис­трлер Кеңесінің Су қор­ларын пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік комитетінің бастығы, одан кейін 1963-1996 жылдары – Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Гидротехника және мелиорация» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. Жауапкершілігі мол лауазымды қызметтер мен ұстаздық бағытты және ғылыми ізденіс жолын қатар алып жүрген ғалым ауыл­шаруашылық аймақтарды суландыру, егістіктер мен жайылымдарды суарудың жаңа әдістерін енгізу және су шаруашылығын автоматтандыру, гидромеханика салаларын барынша зерттеп, бірнеше ғылыми еңбектер жазды. Ойы терең ғалымның еңбектері жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған. Алдыңғы буын ұстаздардың ғылымдағы ізбасарлары саналатын біздер олардың зерделі істерін жалғастырып, ел дамуы мен жас ұрпақтың өсіп-жетілуі жолында жұмыла қызмет етіп келеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың зор сенім артуы­мен 2001 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры қызметіне келгеннен бері ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымын дамытуда мемлекет қойған талаптар аясында жүргізудеміз. Ұлттық зерттеу университеті бағытындағы стратегиясын анықтап, жаңаша даму сипатына ие болған оқу ордамызда 2003 жылы «Гидротехника және мелиорация» кафедрасына профессор Лашқар Есенқұлұлы Тәжібаевтың есімі берілген. Бүгінгі таңда құрамына аталған кафедра кіретін «Гидротехника, мелиорация және бизнес» факультетіндегі барлық оқу бағдарламасында Лашқар Есенқұлұлының зерделі ғылыми еңбектері пайдаланылады. Кафедра университет жанындағы, заманауи озық технологиялармен жабдықталған, профессор Тәжібаев Лашқар Есенқұлұлы атындағы «Су шаруашылығы проб­лемалары ғылым-білім орта­лығы» аясында жұмыс істейді. Жуырда орталық ішінен биыл туғанына 100 жыл толуына орай көрнекті ғалым Лашқар Тәжібаев мұражайын аштық. Онда тұлғалы ұстаздың өмірі мен ғылыми жолынан сыр шертетін құжаттар мен суреттер, ғылыми кітаптар мен өз атымен патенттелген су қондырғыларының үлгілері, алған атақтары мен орден, медальдары, зерттеу жұмыстарында қолданып, тұтынған заттары сынды құнды жәдігерлер қойылған. Бұл мұра­жайды ашудағы мақсатымыз – Лашқар Есенқұлұлы сынды ғалымдарымыздың ардақты есімі мен сүбелі ғылыми еңбектерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, жастарды ғылымға ынталандыру. «Өмірге келу – ата-анадан, қалыптасу – ұстаздан» деген аталы сөзді бабаларымыз текке айтпаған. Өз басым ұстазым Лашқар Есенқұлұлынан ғы­лымға құштарлықты ғана емес, адамгершілік, адалдық, шын­шылдық, кішіпейілділік пен бар игі қасиеттерді үйрендім. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында осындай зиялы ғалымның аспиранты болып жүрген кезімде ғылымға деген ынта-жігерім, тіпті, арта түсті. Сол кезде ұстазымның тіке­лей ұсынысымен қазақ бала­сының қолы жете бермейтін Мәскеудегі А.Н.Костяков атын­дағы Бүкілодақтық гидротехника және мелиорация ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алып, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғадым. Бұдан кейін өзім оқыған инс­титутқа қайта оралып, Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқытушы, доцент, сонымен қатар, сумен қамтамасыз ету және суландыру жөніндегі салалық ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі ретінде 10 жылдай қызмет атқарып, ұстаз еңбегін жалғастырып, ғылымға түбегейлі бет бұрдым. Бүгінде Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығын жүргізуге қажетті су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері жиі көтерілуде. Мәселен, трансшекаралық өзен­дер проблемасы әлі күнге дейін өзектілігін жоймай, нақты шеші­мін таба қойған жоқ. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы сала­сында жоғары сапалы өнім алу үшін егістік алқаптар мен бақшаларды суару мәселелерінде біршама қиындықтар бар. Бұл ретте біз су проблемаларын терең зерттеген Лашқар Тәжібаев сынды ғалымдардың еңбектері мен шетелдік озық технологияларға сүйенуімізге тура келеді. Суармалы жер – Қазақстан ауыл шаруашылығының алтын қоры. Сондықтан да бүгінгі күні саладағы аса өзекті мәселенің бірі – суармалы жерлердің мелиора­тивтік жүйесін сауықтыру болып табылады. Қазіргі жағдайда суарудың заманауи әдістерін пайдалану және агротехнологияларды сақтау арқылы жоғары өнім алуға болады. Қазақстандағы өзендердің едәуір бөлігі бізге өзге елдерден бастау алып келеді. Осыған орай, су қоры тапшылығынан жыл сайын елдегі судың жағ­дайына, су нысандарының санитарлық жағдайына қарай оны тұтыну лимиті белгіленіп келеді. Республика аумағындағы барлық су көздерін пайдаланудың 60 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі екенін ескерсек, аталған салада атқарылатын істердің қаншалықты ауқымды екенін аңғару қиын емес. Бү­гінде Қазақстан әлемдік жер ресурс­тарының 4 пайызын құрайтын, көлемі 220 млн. гектар ауыл шаруашылығына пайдалы жерді иеленсе де, соның 9 млн. гектар мемлекеттік қорға жататын жайылымдық мақсаттағы құнарлы жері мүлдем пайдаланылмай отыр. Жердің 8 пайызға жуығы өндірістік қалдықтармен ластанып, тағы да басқадай себептермен ауыл шаруашылығына қолдану айналымынан шығып отыр. Бүгінгі күні түрлі себептермен Қазақстанда 700 мың гектар суармалы жерлер ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылған. Өткен ғасырдың ортасында Лашқар Есенқұлұлы бастаған бір топ қазақстандық ғалымдар еліміздегі су проблемаларын терең зерттеп, нақты тұжырымдар жасап, бірқатар ғылыми еңбектерін жариялаған. Бұл жұмыстарды негізінен Қазақ Ғылым академия­сына қарасты Гидрогеология институты мамандары жүзеге асырды. Елімізде профессор Лашқар Тәжібаевпен қатар су проблемаларын терең зерттеуші көрнекті ғалымдар Уфа Ахмедсафин мен Кәрім Мыңбаевтың есімдері айрықша аталады. Қазақстандағы гидрогеология мектебінің негізін салған академик, жерасты суларын шаруашылық мақсатқа пайдалану тиімділігін зерттеген ғалым Уфа Меңдібайұлы ғылыми жетістіктері үшін Социалистік Еңбек Ері атанған. Қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбаев – еліміздің табиғи ресурстарын зерттеп, оның ішінде өсімдіктер генетикасы және селекциясымен айналысқан ғалым, Қазақ ауыл шаруашылығы институтында селекция және генетика кафедрасында меңгеруші болған. Ол кісі жайылымды жерлерді игеру жөнінде «Бетпақдала шөлі» деген көлемді еңбек жазып, осы күнге де жарамды көптеген мәлі­меттер қалдырып кеткен. Лашқар Есенқұлұлының тіке­лей басшылығымен жүзеге асы­рылған республикамыздағы су мәселелерін оңтайландыру үрдісі кезінде аталған ғалымдардың ғылыми жұмыстарының нәти­жесінде жерасты суларын картаға түсіру, гидрогеологиялық карталарды жасаудың жаңа тәсілдері қарастырылып, гидрогеологиялық болжамдаудың негізі қаланды. Профессор Л.Тәжібаев ұсын­ған басты теориялық және әдіс­темелік қағидалар тұңғыш рет Қазақстанның түбегейлі гидро­геологиялық болжам карталарын жасауға мүмкіндік берді, бұрын сусыз деп саналып келген шөл-шөлейт аймақтарда көптеген су көздерін ашуға негіз болды. Бұл ғалымдардың Қазақстан мен Орталық Азияның шөлді аудандарының жерасты су көздерін, олардың пайда болу және қалыптасу заңдылықтарын анықтауда бірден-бір ғылыми тұжырым болып есептеледі. Тіршілік көзі саналатын су мә­селесін жіті зерттеген Лашқар Тә­жібаевтың «Қазақ­станның ауыл­шаруашылық аудандарын сумен қамтамасыз ету және суландыру» атты 300 беттік үлкен еңбегінде де қазіргі ауылшаруашылық ғылымына қатысты көптеген қа­жетті дү­ниелер бар. Өзім де гидромелиорация, гидротехника саласының маманы болғандықтан, бұл мәселені жақсы түсінемін. Қазіргі жағдайда біз су көз­дерін тиісті жерлерге тартып, жеткізу үшін жылжымалы гидро­қондырғылар мен шағын электрстансалар қызметін барынша жұмылдыру қажет. Біз су қор­ларын молайтып, жайылымдық жерлерімізді ұлғайту барысын­да жел, су, күн энергияларын мүмкіндігінше балама қуат көз­дері ретінде пайдалануымыз қажет. Тіпті, малдың қиы мен өсім­діктердің қалдығынан био­газ өндіріп, тұрмыс пен шаруа­шылықта қолдануға болады. Әлем кеңістігіндегі орын алып отырған табиғаттағы өзгерістер  су ресурстарына әсерін тигізуде. Бұл мәселені ғылыми негізде зерттеулер мен сараптамалар, түрлі тәжірибелер жасау арқылы өз кезегінде шешіп отыру керек. Таулы аймақтармен қатар, шөлді және шөлейт жерлерде аққан суларды гидротехникалық құрылғылардың көмегімен шағын су тоспалары мен қоймаларына жинау арқылы да шаруаға қолайсыз жерлерде де мал өсіріп, егін егуге мүмкіндіктер туғызуға болады. Өйткені, шөбі шүйгін жайылымда жайылған малдың еті таза әрі құнарлы. Осы арқылы қазақ ма­лының етін өзіміздің ұлттық бренд­ке айналдыру мүмкіндігі бар. Қарап отырсақ, бізде осы уақытқа дейін мықты ғалым­дарымыздың арқасында кең-байтақ жеріміздің қай жерінде қандай өзен-көл, суқойма мен құдықтар бар, қай жердің астында қандай су қоры бар – барлығының да нақты картасы жасалған. Дегенмен, су ресурстарының бұрын жасалған карталары бүгінде толықтыруды, қосымша зерттеулерді қажет етеді. Өйткені, алдыңғы буын ұстаз-ғалымдарымыздың бастаған ісін кейінгі ұрпақ жалғастырып қана қоймай, жандандыруы тиіс. Біз су проблемаларын шешуде қайта жаңалық ашқандай болмауымыз керек. Сондықтан, Лашқар Тәжібаев сынды өрелі қазақ ғалымдарының бұрынғы тұжы­рымдары мен арнайы жасаған карталарына, бай тәжірибелері мен ғылыми еңбектеріне сүйене отырып, заманға сай инновациялық жобалар жасауға серпін берсек, ұтарымыз көп болатыны сөзсіз. Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик. АЛМАТЫ.