Жиынға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының басшылығы қатысты.
Кеңесте құрылыс жобаларын іске асыруға бақылауды күшейту мәселесі талқыланды. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының құрылыс сапасын арттыру, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалау жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында қолға алынды.
Жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2024–2025 жылдары пайдалануға берілген нысандарға жүргізген мониторинг қорытындысы тыңдалды. Ведомство дерегіне сәйкес, бақылау жұмысы 1 032 нысанды қамтыған. Оның ішінде 725 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны, 230 тұрғын үй құрылысы мен абаттандыру жобасы, сондай-ақ 77 инженерлік, көліктік, әкімшілік және өзге де инфрақұрылымдық нысан бар.
Мониторинг барысында бірқатар өңірде құрылыс-монтаждау сапасына, құрылыс бақылауын ұйымдастыруға қатысты кемшіліктер анықталған. Әсіресе «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы оператор болып саналатын «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған нысандарға ерекше назар аударылды.
Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс сапасына қатысты мәселеде көзбояушылыққа жол берілмейтінін қадап айтты. Оның сөзінше, сапа талаптары жобалау кезеңінен бастап нысанды пайдалануға қабылдауға дейінгі барлық сатыда қатаң сақталуға тиіс. Бұл қатарда құрылыс-монтаждау, техникалық және авторлық қадағалау, кепілдік міндеттемелерін орындау секілді бағыттар бар
Кеңесте тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның, автомобиль жолдарының, абаттандыру жобаларының, аула аумақтарының, сыртқы жарықтандыру жүйелерінің, теміржол вокзалдары мен автовокзалдардың құрылысына бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ анықталған барлық кемшілік мердігер ұйымдардың өз қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелері шеңберінде жойылуға тиіс екені баса айтылды. Бұл жұмысқа қосымша бюджет қаражаты тартылмайды. Осыған байланысты кеңесте құрылыс бақылауын күшейту, тапсырыс берушілердің, мердігер ұйымдардың, техникалық және авторлық қадағалау құрылымдарының жауапкершілігін арттыру мәселесі талқыланды.
Жиын барысында тұрғын үйді мұқтаж азаматтар арасында бөлу мәселесі де сөз болды. Сонымен қатар жол құрылысы саласын битуммен қамтамасыз ету жайы қаралды. Қатысушылар әкімдіктердің, уәкілетті мемлекеттік органдар мен жауапты ұйымдардың өзара үйлесімді жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл тұрғын үйді уақтылы тапсыруға, битумға деген қажеттілікті алдын ала жоспарлауға әрі жол-құрылыс маусымын тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.
Кеңес қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары құрылыс процесіне қатысатын барлық тараптың дербес жауапкершілігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сонымен бірге формальды бақылаудан бас тартып, бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмысқа көшу қажеттігін еске салды.