Digital • Бүгін, 08:20

Digital: дәуір дидары

7 мин
оқу үшін

Бұдан бір ғасыр бұрын өркениет өлшемі теміржол еді. Кейін оның орнын электр желісі алмастырды. Ал қазір ол өлшем де өзгерді. Енді мемлекеттің қуаты әскери әлеуетімен ғана емес, жасанды интеллектіні жұрт игілігіне жұмылдыра алуымен бағаланады. Алгоритм игерген алғыр елдер келешегін осы бағытта кескіндемек. Біздің еліміз де сол таңдаудың табалдырығында тұр.

Digital: дәуір дидары

Президент бекіткен «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы – әдеткі цифрландыру жобасы емес. Бұл – мемлекеттің өзін жаңа технологиялық болмысқа бейімдеу қарекеті. Құжатта алғаш рет цифрландыру мен жасанды интеллект экономиканың қосымша элементі емес, ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі себебі ретінде қарастырылады. Яғни мәселе компьютер көбейтуде немесе қызметті онлайнға көшіруде емес. Әңгіме тұтас қоғамдық архитектураны өзгертуде жатыр.

Әлемдік тәжірибе бұл өзгерістің кездейсоқ үрдіс емес екенін әлдеқашан дәлелдеді. Мәселен, АҚШ еңбек өнімділігінің ең үздік орнына цифрлық технологияларға жүйелі түрде қаржы құю арқылы жетті. Сингапур, Оңтүстік Корея мен Эстония секілді елдер бұл үрдісті платформалық мемлекет құрудың негізі ретінде қарастырды. Онда мемлекет тек бақылаушы болып қана қоймай, дерек айналымының, цифрлық экожүйенің ұйымдастырушысы қызметін де атқарады. Сөйтіп, технология мемлекеттік басқарудың қосалқы құралы емес, оның айнымас бөлігіне айналды. Мұның ең жарқын көрінісі – жасанды интеллектінің қарқынды дамуы.

Үкімет дерегіне сүйенсек, еліміз бұл бағытта елеулі серпіліс жасады. Бұрынғы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қалыптасқан инфрақұрылым бос кеткен жоқ. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды форматта жүзеге асады. Дүкен мен қызмет көрсету саласындағы төлемдердің басым бөлігі қазір қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Оның үлесі 90 пайызға жақындады. Интернет қолданушылар саны халықтың 95,3 пайызына жетті. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен цифрлық экономика саласында жұмыс істейтін мамандар саны 200 мыңнан асты. Мұның бәрі еліміздің цифрлық қоғамға бейімделу қабілеті жоғары екенін көрсетеді. Халықаралық рейтинг те мұны растайды. Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкімет индексінде 193 елдің ішінде 24-орынға көтерілді. Онлайн мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жөнінен әлемнің үздік он мемлекетінің қатарына енді. IMD цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 39-орынды иеленді. Ал Government AI Readiness Index рейтингінде Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде танылды. Мұның бәрі – белгілі бір институционалдық негіздің қалыптасқанын білдіреді. Бірақ бұл жеткілікті ме?

Стратегияны дайындаған сарап­шы­лардың өзі бұл сұраққа сақтықпен жауап береді. Иә, жеткілікті деуге негіз бар. Бірақ қазіргі қарқын елді жаһандық цифрлық көшбасшылар қатарына шығара алмайды. Әсіресе жасанды интеллектіні пайдалану деңгейі алаңдатарлық. Мәселен, 2025 жылдың екінші жартыжылдығында генеративті жасанды интеллектіні пайдалану үлесі елімізде 13,7 пайыз болған. Ал әлемдік орташа көрсеткіш – 16,3 пайыз. Дамыған мемлекеттерде бұл әлдеқайда жоғары. Мәселе тек статистикада емес. Бұл еңбек өнімділігінің, адами капиталдың, технологиялық тәуелсіздіктің болашағына қатысты көрсеткіш. Егер мемлекет жаңа технологиялық толқынға кеш қосылса, кейін оны қуып жету әлдеқайда қиын болады.

Өйткені қазіргі заманның саяси шідері – технологиялық тәуелділік. Бұрын империялар шекараны қарумен күзетсе, бүгін технологиялық үстемдік алгоритм және платформалар арқылы қалыптасады. Өзінің цифрлық инфрақұрылымы жоқ ел ертең өзгенің платформасына, өзгенің алгоритміне, өзгенің дерек өңдеу жүйесіне тәуелді болуы мүмкін. Сондықтан стратегия мәтінінде «технологиялық егемендік» ұғымының жиі қайталануы кездейсоқ емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік категориясына айналған мәселе.

Құжаттың тағы бір ерекшелігі – оның технологиядан бұрын адамға назар аударуында. Стратегия үш негізгі нысаналы топ төңірегінде құрылған: азамат, экономика мен бизнес, мемлекеттік аппарат. Мұның астарында мынадай маңызды философия жатыр – технологияның құндылығы оның күрделілігінде емес, адам өмірін қаншалық жеңілдететінінде. Мәселен, «e-Otinish» жүйесіне келетін хаттарды көріп халықты әлі де денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол қауіпсіздігі, салық пен кеден рәсімдері алаңдататынын аңғаруға болады. Демек цифрландырудың шынайы нәтижесі жаңа серверлер емес. Азамат емханаға тіркелгенде, құжат рәсімдегенде, әлеуметтік көмек алғанда уақыт үнемдеді ме, әділ әрі ыңғайлы қызметке қол жеткізді ме – негізгі өлшем осы. Егер жүйе ауру асқынбай тұрып қауіп туралы алдын ала ескертсе, оқушыға қабілетіне сай оқу бағытын ұсынса, мемлекеттік шешім нақты дерекке сүйенсе, кәсіпкер мен салық төлеуші артық құжат жинап сабылмаса, онда цифрландыру күнделікті өмір сапасына айналады. Ал технология күрделі жүйелер мен түсініксіз статистика күйінде қалса, ол халықтан алыстай береді.

Әрине, стратегияны іске асыру арзанға түспейді. Құжатта цифрлық технологияларды дамытуға жыл сайын шамамен 3,5–5,5 млрд АҚШ доллары қажет болуы мүмкін екені айтылған. Үш жыл ішінде бұл көлем 10,5–16,5 млрд долларға дейін жетуі ықтимал. Алайда құжат бұл салмақты тек мемлекет көтереді деген ұстанымға иек артпайды. Керісінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, оффтейк келісімшарттар, венчурлік қаржыландыру, стартаптарды қолдау және жеке инвестиция тарту тетіктері қарастырылған. Яғни мақсат – бюджет қаржысына ғана сүйенбей, технологиялық нарық қалыптастыру.

Қоғам үшін бұл мәселенің мәні бұдан да терең. Ұзақ уақыт бойы экономика көбіне шикізатқа тәуелді модельмен дамыды. Мұнай бағасы көтерілсе ел кең тыныстайды, төмендесе тыпыршып кетеді. Ал жаңа технологиялық дәуірдің басты капиталы – жер қойнауындағы ресурс емес, адам капиталы. Жасанды интеллект заманында елдің бәсекеге қабілеті бағдарламашының, инженердің, ғалым мен зерттеушінің сапасымен өлшенеді. Сондықтан цифрландыру – тек технология мәселесі деуге болмайды. Бұл елдің ертеңгі даму бағытын айқындайтын стратегиялық таңдау. «Digital Qazaqstan» стратегиясының басты сынағы да осында. Құжаттағы міндеттердің орындалуы жаңа жобалардың көбеюімен өлшенбейді. Оның нәтижесі азаматтың мемлекетке деген сенімінен, экономиканың өнімділігінен, білім сапасынан, технологиялық тәуелсіздік деңгейінен көрінеді.

Соңғы жаңалықтар