Қоғам • Бүгін, 07:50

Қоғамдағы әке жауапкершілігі

7 мин
оқу үшін

Елордада Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жауапты әке – тұрақты қоғамның тірегі» атты қалалық Әкелер форумы өтті. Жиында отбасы құндылығын нығайту, бала тәрбиесіндегі әкенің жауапкершілігі мен қоғамдағы әкелік институтты күшейту мәселесі талқыланды.

Қоғамдағы әке жауапкершілігі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

TEDx форматында ұйым­дастырылған іс-шараға мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, білім және психология мамандары, кәсіпкерлер, мәдениет пен спорт саласының өкілдері, сондай-ақ әкелер қауымдастығының мүшелері қатысты.

Форумда алғаш болып сөз алған Республикалық әкелер одағы қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай бүгінде қоғамдағы әкелердің рөліне кеңінен тоқталды.

– Бүгінде әкелер балабақша, мектеп және колледж өміріне, әсіресе баласының тәрбиесіне белсенді араласады. Бұл – жақсы прогресс. Біздің мақсат – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әкелердің жауапкершілігін арттыру және өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелей отырып, қоғамның рухани дамуына үлес қосу. Осы ұстанымға сәйкес бір жылда шамамен 60 мың білім алушы мен 15 мыңнан аса әкені қамтыған 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Оның қатарында «Нағыз ер азамат болу – намыс пен жауапкершілік» тақырыбындағы ашық диалог, «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясындағы эко-челлендж және «Әке – үлгі, әке – өнеге» экологиялық акциясын атап өтуге болады, – деді ол.

Бүгінде елімізде 6 млн-нан аса бала бар. Олардың әрқайсысының сапалы білім алып, Отанын сүйетін, оған аянбай қызмет ететін азамат ретінде қалыптасуы маңызды. Жиында Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақбарова баланың мінез-құлқы мен құндылықтар негізі алдымен отбасында қаланатынын айтты.

с

– Әр бала – ертеңгі елдің тірегі әрі болашағының кепілі. Сондықтан олардың адамгершілік қасиеттері жоғары, еңбекқор, отансүйгіш тұлға болып қалыптасуын қоғамға ортақ міндет ретінде қарауымыз орынды. Отбасы тұлға ретінде қалыптасуының негізі болса, ортасы сол құндылықтарының орнығуына ықпал етеді. Яғни ата-ананың баламен қарым-қатынасы, өмірлік ұстанымы және күнделікті әрекеті тікелей әсер етеді. Әсіресе әкенің баламен бірге өткізген уақыты мен күнделікті қарапайым әрекеттері баланың дамуына айрықша үлес қосады, – деді Ш.Ақбарова.

Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев та отбасы құндылығы, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі және Әкелер одағының қоғамдағы міндеттері туралы сөз қозғап, бұл одақтың азаматтық қоғамдағы орны қалыптасқанын жеткізді.

– Елімізде жыл сайын шамамен 150 мың неке тіркелсе, соған сәйкес ажырасу деңгейі де жоғары болып тұр. Салдарынан көптеген бала не әкесінің, не анасының қамқорлығынсыз өсіп жатыр. Отбасы инс­титутын дамытуға бағытталған жобалар мен бастамалар жоспарланып, қоғамдағы отбасының рөлін күшейту жұмысы қолға алынуы керек. Жаңа Ата заңда отбасы және неке мәселесінің конституциялық деңгейге шығарылуы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Өйткені бала тәрбиесі еліміздің қауіпсіздігі мен болашағына тікелей байланысты. Сондықтан әкелердің жауапкершілігін күшейту де – кез келген мәселені шешу, алдын алудағы жүйелі әрекет. Жақында конституциялық өзгерістерге байланыс­ты рақымшылық жарияланып, шамамен 16 мың адам бостандыққа шығады. Олардың арасында да біреудің әке-шешелері бар. Осы тұрғыда Әкелер одағының ең басты міндетінің бірі – осы азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне көмектесу. Олардың болашақта қайтадан құқықбұзушылыққа бармауына жағдай жасауымыз керек, – деді сенатор.

Басқосуда өзге де бірқатар спикер отбасы тәрбиесіндегі өз тәжірибелерімен бөлісіп, әке мен ана баланың рөліне қатысты ойын ортаға салды.  Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің әкесі, композитор, продюсер, музыкант Қанат Айтбаевтың пайымынша, отбасындағы тәлім-тәрбие бала болашағына тікелей әсер етеді.

– Бала күнімізден әкеміздің қас-қабағына қарап өстік. Сөзінен, іс-әрекетінен үлгі алдық. Әкеміздің аузынан бірде-бір әдепсіз сөз естіп көрмедім. Кез келген жетістігімізге балаша қуанып, ақ тілегін арнап, арқамыздан қағып, үнемі қолдау білдіріп отыратын. Бұл оның бізге қалдырған ең үлкен тәрбиесі дер едім. Өйткені баланың қанаттануына себепкер жан – әке мен ана. Әке мен баланың, ана мен әкенің арасындағы қарым-қатынас – барлығы отбасынан басталып, баланың бойына сіңе береді. Сондықтан да Бауыржан Момышұлы «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған, – деді Қ.Айтбаев.

Сондай-ақ жиында ерекше қажеттілігі бар балаларды спорт арқылы қолдаудың маңызы айтылды. Спикерлер инклюзивті спорттың физикалық дамуға ғана емес, баланың өзіне деген сенімін арттыруға, қоғамға бейімделуіне және әлеуметтік ортаға араласуына ықпал ететінін айтты.

– Ұлыма төрт жасында аутизм диаг­нозы қойылды. Көптеген ата-ана сияқты біз де ауыр кезеңінен өттік. Дәрігерлер баламыздың қоғамға бейімделуі қиын болатынын, оған өмір бойы қолдау қажет екенін айтты. Ата-ана ретінде бұл сөздер бізге ауыр тиді. Алайда бұл болжамдарға емес, баламызға сенуді таңдадық. Осылайша, Дастан спортпен ерте шұғылданды. 5 жасынан бастап жүзумен айналысты, ал 10 жасында велоспортқа келді. Уақыт өте ерекше жандардан құралған әуесқой топқа қосылды. Кейін спорт федерациясы құрылып, 2023 жылы аккредитациядан өтіп, халықаралық ұйымның мүшесі атанды. Бішкек қаласында өткен жарыста Қазақстан тарихында және Орталық Азия елдері арасында алғаш рет екі спортшы ел намысын қорғады. Сол спортшылардың бірі – Дастан Ордабай. Ол әртүрлі қашықтық бойынша төрт күміс медаль жеңді. 2024 жылы Аустралияда өткен жарыста тасжол велоспорты бойынша екі алтын медаль иеленді. Ал биыл ақпан айында ресми түрде параатлет мәртебесін алды. Бір кездері оның болашағына күмәнмен қарағандар көп болды. Бүгінде ол Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарда желбіретіп жүр. Ұлымның еңбекқорлығы мен қайсар мінезін мақтан тұтамын. Ол біраз жастың көкірегіне үміт отын жақты, осындай диаг­нозбен қиналған отбасыларға шабыт берді, – деп Дастан Ордабайдың әкесі Самат Ордабай ұлының жетістік жолын әңгімеледі.

Іс-шара барысында белсенділік танытып, отбасы институтын нығайтуға үлес қосқан әкелерге Алғысхат тапсырылды. Бұған қоса форум алаңында әке мен бала арасындағы байланысты көрсететін арнайы көрме де ұйымдастырылды. Көрмеде елордалық балабақша мен мектеп оқушыларының отбасы, әке бейнесі және әкелік мейірім тақырыбындағы шығармашылық жұмыстары ұсынылды. Көрмеге қойылған суреттерде әке бейнесі әсерлі әрі мазмұнды бейнеленген.

Соңғы жаңалықтар