19 Тамыз, 2015

Табалдырық астындағы бомба

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Шымкенттің батыс жақ беткейіндегі «Чапаевка» деп аталатын шағын ауданының тұрғындары таңертеңгілік есік алдына абайлап шыға­тын болды. Оған себеп – бір кездегі ренжісуді кек сақтау. Оның есесін қайтару. Иә, тір­шілік болғаннан кейін ренжісу, шәлкем-ша­лыс сөз айтылады ғой. Жаға жыртылуы мүмкін. Уақыт өте ұмтылар. Бірақ, күндердің күнінде сол оқиға есік алдынан аяққа кіретін шеге, әйнек, жарылғыш зат болып «оралып», үй иелерінің бірі зардап шегіп жатады. Таяуда 11 жасар мектеп оқушысы есік алдына тастаған жарылғыш пакетті басып кетіп, сол жақ табаны бірінші дәрежелі күйікке шалдықты. Облыстық ІІД және Еңбекші аудандық АІІБ қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы бір тәулік ішінде «Чапаевка» шағын ауданынан күдіктіні ұстады. Бірақ, мұнымен іс бітіп, тір­лік реттеле ме?.. Арада күн өтпей жатып, тағы бір қолдан жасалған бомба жарылды. Бұл жолы 1976 жылы дүниеге келген азаматтың табаны күйіп қалды. Тұрғындар осы шағын ауданда кезінде жарылғыш дайындайтын кәсіпорын болғанын айтады. Ауыл тұрғындарының біразы сонда жұмыс істеген. Тә­жірибе бар. Жарылысқа керек бөлшектер дүкендерде толып тұр. Оңтайы келсе есесі кеткеннен кек алудың оңай тәсілі осы екен. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.