Өнер • Кеше

Соғыс туралы сурет

5 мин
оқу үшін

Қайбір жылы Мәскеуге жол түсіп, Третьяков галереясына барудың сәті туды. Көне күндердің көріністері әр қабырғада менмұндалап тұр. Солардың ішінде санамды сан-саққа жүгірткені баталист суретші Василий Верещагин салған «Соғыс апофеозы» картинасы болды.

Соғыс туралы сурет

Верещагиннің біраз картинасын бұрын интернеттен көріп, әр суреттің тарихына аздап қаныққаным бар. Содан болар, картиналары алдында ұзағырақ тұрып қалдым. Өз көзіңмен көргеннің әсері қашанда бөлек қой. Көз алдымда байырғы бейнелер құдды қозғалысқа енгендей, ескі дәуірге ертіп әкеткендей күй кештім. Әсіресе «Соғыс апофеозы» тұсында тура жарты сағаттай аялдадым.

Бұл суретті Верещагин 1871 жылы салыпты. Ені – екі метр­дей, биіктігі бір жарым метрге жуықтайтын көлемді картина. Құлазыған дала, бұлтсыз аспан, қураған тал-дарақтар. Қақ ортада – пирамида секілді етіп үйіп қойған адамның бас сүйектері. Үйілген сүйек үстінде жемтік іздеген қарғалар айнала ұшып жүр. Көз ұшында қамалдың қираған қабырғалары көрінеді. Мұнда батырлар да, жеңімпаздар да жоқ, тек соғыстың салдары ғана бар. Суретті көрген адамның тебіренбеуі, толқымауы мүмкін емес.

Алғашында сурет «Темірлан­ның триумфы» деп аталған екен. Кейін «Соғыс апофеозы» деп өзгертіпті. Соған қарағанда автор бастапқыда бас сүйектерден мұнара тұрғызуды Темірлан яки Ақсақ Темірдің сүйікті ісі секіл­ді көрсетуге тырысқан сыңай­лы. Ел арасында әйгілі қолбас­шының өзіне қарсы соғысқандар, бас көтергендер мен ауыр күнә жасағандардың басын алып, осындай мұнара тұрғызыпты деген әңгіме оқта-текте айтылып қалады. Алайда оны дәлелдейтін тарихи дерек жоқ. Соған қарағанда жаулары не жақтырмайтын жандары оның атын қатыгез билеуші ретінде тарихта қалдыруға ұмтыл­са керек.

Дегенмен тарихи деректер­де мұндай жағдайдың Қашқарда болғаны айтылады. Қашқар би­леу­шісі Уәлихан төре өзіне қарсы шыққандардың басын алып, осындай мұнара тұрғызыпты. Уәлихан төре неміс саяхатшысы Адольф Шлагинтвейттің басын алып, бас сүйектер мұнарасының ұшар биігіне қойыпты. Бұл деректі алғаш болып 1858 жылы Қашқар­ға барған жаужүрек қазақ Шоқан Уәлиханов жеткізген еді. Кім біледі, бәлкім баталист суретшіге Шоқан жеткізген оқиға әсер еткен болар.

Баталист деп туындыларына соғыс тақырыбын арқау еткен суретшіні атайды. Әлемде баталист суретші көп-ақ, соның бірі – осы Верещагин. Өзі кадет корпусын бітірген офицер. Константин фон-Кауфман Орталық Азияның біраз қаласын басып алып, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы һәм Орталық Азиядағы орыс әскерінің қолбасшысы болған соң прапорщик шеніндегі офицер Верещагинді алдымен 1867–1868, кейін 1869–1870 жылдары өзі басқаратын өңірге алдырып, «Түркістан сериясы» топтамасын салдырды. Осы топтаманың біраз суреті Третьяков галереясында тізіліп тұр. «Барлап тұр», «Тосыннан шабуыл жасады», «Қамал қабырғасының жанында. Кірсін», «Олжаларын таныстырды», «Тойлап жатыр», т.б. картиналары көзге түсті.

Кауфман Түркістан өңірін өркениеттен ада, ал жұртын жабайы, жауыз етіп көрсетуге тырысқаны белгілі. Осы мақсатта тікелей тапсырмасымен 1871–1872 жылдары 6 томнан тұратын «Түркістан альбомын» жарыққа шығарды. Верещагиннің «Түр­кістан сериясы» топтамасы да сол уақыттағы саясатқа сай салынды. Кауфман сол арқылы әскерінің қуатын, әлеуетін тарихта қалдырғысы келді. Солай болды да. Орыс әскерлері Бұқар әмірлігіне қарап келген Самарқанды алғанда қанды шайқастың бел ортасында Верещагин де жүрді. Баталист болудың қиындығы да сонда, картинаның шынайы шығуы үшін соғыстың бел ортасында жүруің керек. Жалпы, Верещагин бірнеше рет соғысқа қатысса, ажалымен де соғыста жүріп жүздесті, минадан мерт болды.

Бір қызығы, соғыс туралы суреттер салған Верещагин соғысты жек көріпті. Соның айғағы – «Соғыс апофеозы». Картинаның рамасына «Өткен, бүгінгі және болашақтағы барлық ұлы жаулап алушылардың құрметіне арналады» деп жазылған екен. Бір қара­ғанда автор жаулап алушылар­дың өктемдігін, үстемдігін мадақ­тап тұрғандай. Алайда салқын ақылмен қайта оқысаң, суретші соғысты мадақтамай, керісін­ше оны әшкерелеп тұрғанын байқайсың. Соғыстың адамзатқа әкелетін қасіретін бейнелеуге тырысқанын көресің. Рас-өтірігін кім білген, осы картинасынан кейін суретші «Бұдан былай соғыс тақырыбындағы картиналарды салмаймын. Себебі сал­ған дүниемді жан-тәніммен сезіне­мін, әрбір жаралы мен әрбір мерт болған жанның қасіретін жүрегімнен өткізіп, сол үшін көз жасымды төгемін» депті. Осы сөзінің өзі оның соғысты дәріптемегенін, керісінше зардабын терең сезінгенін аңғартқандай.

Соғыстың жақсысы жоқ. Біздің де талай бабамыз елді, жер­ді қорғаймын деп жауға қарсы шайқасты. «Соғыс апофеозын» көргенде мына сұрақ ойдан шықпай қойды. Ен далада қанша қазақтың басы қалды екен?

Соңғы жаңалықтар