19 Тамыз, 2015

Сары мыстың сәулесі

331 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
медь Қарағанды облысында ірі кеніш ашылуы мүмкін Қазақтың ұшқан құстың қанаты талатын қайран даласының асты толған қазына-байлық. Жеті қат жер астындағы осы ырыздықты игеріп, ел экономикасының игілігіне жарату – мемлекетіміз­дің алдында тұрған мүбәрак міндеттердің бірі. Инвестициялар және даму министрлігі бұл бағытта батыл қадамдарға барып, ірі-ірі жобаларды қолға ала бастаған. Қазіргі таңда министрлік әлемдегі геологиялық барлау саласы­ның көшбасшыларын елімізге тарту бойынша нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Соны­мен қатар, Қазақстан мұндай сарабдал саясаттың арқасын­да қысқа уақыт­тың ішінде жер қыртысының тереңін­дегі кен байлығын зерттеуге мүмкіндік беретін геоло­гиялық барлау ісінің озық технологиялары мен тың жаңалықтарына қол жеткізуге мол мүмкіндік алды. 2015 жылы «Қазгеология» АҚ-тың ықпал етуімен мемлекеттік тапсырма аясында іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу үшін 10 жобаға Ұлттық қордан 1 млрд. теңге инвестиция құйылды. «Мемлекеттің ірі көлемде қаржы салып, бұл жұмыстарды бастап кетуі шетелдік алпау­ыт инвесторлардың сенімі мен қызығушылығын тудырды. Бұл бағытта Инвестициялар және даму министрлігінің нәтижелі жұмысын ерекше атап өтуге болады», дейді «Қазгеология» АҚ-тың басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов. Қазіргі таңда Қазақстанда тау-кен өндіруші трансұлттық және шетелдік ірі компаниялар қарқынды жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі – австралиялық-британдық концерн «Rio Tinto». Бұл кәсіпорын нарықты капиталдандыру мөлшері жағынан әлем бойынша екінші орында тұрған кен-металлургиялық компания болып саналады. Бүгінгі күнде аталған компания Қарағанды облысына қарасты Шет ауданындағы Қорғантас учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізі, жер қойнауын пайдалану жөніндегі компаниямен арадағы келісімшартқа 2014 жылдың маусым айында қол қойылған екен. Жұмыстың бәрі «Rio Tinto» концерні құйған инвестиция есебінен және де компанияның жаңа технологияларын қолдану арқылы жүзеге асуда. Ағымдағы жылдың шілде айында бұл жерде аэрогеофизикалық түсірілімдер жүргізіліп, соның нәтижесінде белгілі болған көрсеткіштер көңілге сенім ұялатып отыр. Яғни, Қорғантас телімінде мыс-порфирлік кеннің мол қоры болуы әбден мүмкін. Мұны металлогениялық сараптама нәтижелері де растап отыр. Қазіргі таңда бұл жерде жер үсті геологиялық зерттеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Сәтін салып, зерттеу жұмыстары оң нәтиже беріп жатса, Қорғантас мысының да ел қазынасын еселей түсері сөзсіз. «Егер де, біздің болжамдарымыз ғылыми тұрғыдан расталар болса, онда Қорғантаста мыстың әлемдік деңгейдегі кені бар деп сеніммен айтуға болады», дейді «Қазгеология» АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов. Жалпы, «Rio Tinto» концерні «Қорғантас» және «Балқаш-Сарышаған» жобаларындағы геологиялық барлау жұмыстарына ірі көлемде қаржы салған. Алты мерзімге арнап құйылған инвестицияның мөлшері шамамен алғанда 15 млн. АҚШ долларын құрайды. Сарыоба Шетелдік компанияның өз жұмысына кәсіби ұқыптылық тұрғысынан қарайтынына «Қорғантас» учаскесіне барғанымызда тағы бір мәрте көз жеткіздік. «Қазгеология» акционерлік қоғамы бұл жерге республикалық және облыстық БАҚ өкілдерін арнайы алып барып, өз жұмыстарымен таныстырған болатын. Жапан далада тәртіппен тігілген ақ шатырлар аумағы отқа төзімді жалпақ тас­памен айнала қоршалыпты. Алда-жалда далада өрт шыға қалса, әлгі таспа отты ішке өткізбей, лагерді аман сақтап қалады екен. Дала лагерінде геологтардың жұмыс істеуіне жан-жақты жағдай жасалған. Шатырлардың бәрі дерлік миниэлектр стансасы арқылы электр қуатымен қамтамасыз етілген. Интернетте үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін Fi-Wi көзі де бар. Асхана, монша, тіпті әжетханаға дейін құбырлар арқылы су тартылыпты. Шылым шегетін арнайы орын да қарастырылған. Көлік құралдары болса, белгілі бір тәртіппен автотұраққа қаз-қатар қойылады. Ал үлкен шатырда орналасқан дала кеңсесі геологиялық барлау жұмыстарының жүрегі іспетті: мұндағы жұмыс таңның атысы, күннің батысы бір де бір толастамайды. Бір сөзбен айтқанда, шетелдіктер жұмыс істеймін деген адамға қамқорлықтарын аямайды екен. Геологтардың тамағы – тоқ, киімі – көк. «Біз үшін ең бастысы – адамдар өмірінің қауіпсіздігі», дейді «Rio Tinto» компаниясының Орталық Азия бойынша геологиялық барлау жұмыстарының жетекшісі Гари Ходгкинсон. Реті келген жерде Ходгкинсон мырзаға көкейдегі сұрақты қойғанымызда мынадай жауап алдық: «Экология, радиациялық қауіп мәселелеріне ерекше мән береміз. Арнайы құрал-жабдықтың көмегімен жағдайды қатаң бақылауда ұстаймыз. Мұның бәрі Үкіметпен арадағы келісімшартта заңдастырылған». Қазіргі уақытта мұнда 17 геолог маман жұмыс істейді. Олар үш апта жұмыс істеп, сегіз күн демалады екен. Қорғантастың құпиясын ашуды мақсат еткен жер үсті іздестіру-барлау жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жүргізілмек. Сондай-ақ, «Қазгеология» мамандары Шет ауданындағы «Сарыоба» деп аталатын учаскеде бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазірдің өзінде бұл маңнан мыс пен алтынның қоспасы бар кен тастары табылған. 400 метр тереңдіктен алынған кен жыныстары қазіргі уақытта Қарағандыдағы ғылыми зерттеу институтының зертханасында металлогениялық талдаудан өткізілуде. Мамандардың айтуынша, Сарыобаның асты да саф алтын мен сары мысқа шылқып жатуы мейлінше ықтимал екен... Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.