19 Тамыз, 2015

Чемпиондар лигасы. «Астана» Кипрдің командасын жеңді (видео)

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
18-08-2015-Astana-APOEL 01АСТАНА. 19 тамыз. Өткен түнде «Астана» УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу турнирінің плей-офф бәсекесіндегі алғашқы ойынын ойнады. Осы сында елордалықтардың қарсыласы Кипрдің АПОЕЛ командасы болғаны белгілі. Тартыс матчтың нәтижесінде «Астана» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Кездесу «Астана Арена» спорт кешенінде өтті. Ойынды алаң иелері өте белсенді бастады. Тіпті 4-минутта футболшыларымыз қауіпті шабуыл ұйымдастырып, соққы жасап үлгерді. Фокси Кетевоаманың берген пасын Бауыржан Жолшиев қақпаға бағыттаған. Алайда, доп нысанадан қиыс кетті. Матчтың 13-минутында алаң иелері көздеген мақсаттарына жетіп, есеп ашты. Голдың авторы Жолшиев болса, оған нәтижелі пас шығарып берген Кетевоама екенін айта кетейік. Үзіліске дейін есеп өзгерген жоқ. Екінші тайм қонақтардың басымдығымен өтті. Негізінен қорғанысқа мән беріп, қарымта шабуылдарға ғана иек артқан «Астана» қарсыластарына еркін ойнауға мүмкіндіктер беріп қойды. Абырой болғанда, Кипрден келген ойыншылар біздің қақпадан саңылау таба алмады. Осы ретте кейбір жағдайда бізге сәттіліктің жолдас болғанын назарға алуымыз керек. Нәтижесінде ойын соңына дейін 1:0 есебі сақталып, болгар маманы Станимир Стойлов жаттықтыратын командамыз жеңіске жетті. Енді 26 тамызда қос қарсылас Кипрде қарымта кездесу өткізеді. Ойын барысындағы кейбір статистикалық көрсеткіштерге назар аударайық. Допқа иелік ету нәтижесі бойынша қонақтар алда болды (61% – 39%). Сондай-ақ, қақпаға жасалған соққылар саны жөнінен де АПОЕЛ басым түсті (12 – 13). Оның ішінде нысанаға дәл бағытталғаны бойынша көрсеткіш «Астананың» пайдасына 6 – 2. УЕФА Чемпиондар лигасы. Іріктеу турнирінің плей-офф бәсекесі. «Астана» (Астана, Қазақстан) – АПОЕЛ (Никосия, Кипр) 1:0 (1:0) 18 тамыз. Астана. «Астана Арена» спорт кешені. 30 000 көрермен. Төрешілер: Виктор Кашшай, Дьердь Ринг, Венцель Тот (бәрі де – Венгрия). «Астана»: Ненад Эрич, Евгений Постников, Марин Аничич, Бранко Илич, Дмитрий Шомко, Фокси Кетевоама (Серікжан Мұжықов 90+2), Неманья Максимович, Рохер Каньяс, Таңат Нөсербаев (Жуниор Кабананга 68), Георгий Жуков (Абзал Бейсебеков 85), Бауыржан Жолшиев. АПОЕЛ: Бой Ватерман, Карлау, Мариу Сержиу, Мариос Антониадес, Иньяки Астис, Нуну Мораиш, Георгиос Эфрем (Семир Штилич 63), Константинос Макридис (Пиерос Сотириу 85), Нектариос Александру (Матеуш Пентковски 46), Томас Себастьян де Винсенти, Луис Леал. Гол: Бауыржан Жолшиев 13. Ескертулер: Дмитрий Шомко 78 – Томас Себастьян де Винсенти 14. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: sports.kz.